Әдеби KZ
– Апам сондай ғажап кісі, – деді Меңтай. – Мен бұл кісіні осында келген
күннен бастап, өз шешемдей көріп кеттім.
Есік қайтадан ашылды.
– И-иә, екі ғашық, қол ұстасып келдіңдер ме? – деп жүре сөйлеп келе жатқан
Майраның үні естілді. - Иә, отқа келген кісінің отыз ауыз сөзі бар деуші еді.
Сіздің сөзіңіз одан көбірек болды-ау деймін.
Бұл Майраның мені таңертеңгі айтқан асығыспын деген сөзіме орай
қағытқаны еді. Менің көңіліме келмесін дегендіктен болар ол «отқа келген
қатынның отыз ауыз сөзі бар» деген халық мақалын сәл өзгертіп,
«қатынның» дегеннің орнына осылай, «кісінің» деп айтты.
– Майра-ау, ол отына және келген кісісіне байланысты шығар, – дедім мен
күліп.
– Әрине, менің Меңтайым отыз ауыз сөз айтып, бықсытып бақырға салып ала
жөнелетін ауыл-үйдің арзан оты емес. Бұл – алыстағыны күйдіріп,
жақындағыны жандыратын, жаманды естен тандыратын, жақсының
құмарын қандыратын, өзгеше от.
– Рас, Майра-ау, өзің ақын болып кетіпсің ғой, - дедім мен.
– И-иә, неге ақын болмайын: арманым орындалып, айтқаным келген болса. –
Осылай екілене сөйлеген Майра шапшаң Меңтайға бұрылды. – Иә, ал, айт
жылдам, тура солай болды ма?
Меңтай жымиып, жайлап қайта-қайта басын изей берді. Майра дөңгелек
үстел басында отырған Меңтайға шапшаң еңкейіп, оның екі бетінен кезек
шөп еткізіп екі сүйді де қапсыра құшақтап орнынан тұрды.
396
Достарыңызбен бөлісу: |