АТАУ-КЕРЕ
1
«ҚАУІПТІ БУДАН»
(Повесть. Басы. Ықшамдалған)
Ара жасаған қоғамдық өмірдің
деңгейіне жету үшін адам баласының
алдында әлі талай ұзақ жол жатыр.
(Матерлинк)
Көптен кеткен көмусіз қалар.
(Халық нақылынан)
1
Ол Бек-Алқаға жылына бір рет міндетті түрде қатынайтын. Туған ауыл,
ел-жұртын емешегі үзіліп сағынғандықтан емес (қайбір екі туып, бір қал-
ғаны бар), жыл бойғы табан ет, маңдай тердің құнын шығарып, ұшы-қиы-
ры таусылмас шаруасының шалғайын қайыру үшін етектегі елге – Үлкен
Жерге асығатын. Ал шаруа – басқаны қайдам, Ерік үшін қайта айналып
орнына келе берер күн мен түн секілді мәңгілік қозғалыстағы, мәңгілік
айналымдағы дүбірлі дүние, таусылмас қазына.
1
Бөкей Оралхан. Шығармалары. Роман, повестер. Т. 2. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. –
384 бет.
9
Сонау таулы Алтай өлкесімен қолтықтасып жатқан «Қатын суының»
дәл кемеріндегі омартадан мынау Бұқтырма өзенін мінбелей орналасқан
Бек-Алқаға дейін атпен жүрсең – күншілік жол. Онда да таңның алғашқы
хабаршы сәулелері тарап, елең-алаң шақ туа атқа мінбесең, қонаға жете
алмай қаласың. Ерік бүгін тым ерте шыққан. Түнге қалсаң, тау арасын-
дағы шөп көмкеріп тастаған жалғыз аяқ соқпақтан адасып, соқыраңдап
сорың қайнайды, тек астыңдағы атыңның жершілдігіне сенер едің. «Шаш-
ты» деп аталар асудың үстіне шыққанда, мұқым ойпат: сонау Алтайдың
күміс шашбауындай ирелеңдей аққан Бұқтырма өзені; сол ерке өзенді
еміп, екі жағалауына өңірдегі түймедей қаз-қатар орналасқан үлкенді-
кішілі ауыл; сол ауылдың ара-арасын құр жіптей шуатыла жалғап жатқан
жіңішке жол; сол жолдың үстінде шаңнан шашу шаша құйғытқан замана
көлігі – машиналар – бәр-бәрінің үстінен тас лақтырсақ, тұтып қалардай
тұнып тұрған қою мұнар омарташы жігіттің көз алдына әлдеқандай бір
сиқырлы сұлулықты елестеткен. Бірақ ол осынау көк мұнар қабыздаған
көркем көрініске терең тебіреніспен сүйсіне қойған жоқ. Тіпті, сол сы-
лаңдаған сұлулықты әдібін ашып түсіне де қоймапты; жоқ іздегендей қа-
нағатсыз көңілмен ұзақ қарап тұрды да, аспанмен таласқан заңғар асуды
бауыздай баурап кетер қолдың тамырындай сан ирек, сан тарау соқпақты
қуалап, құлдай бастаған; құлдаған сайын, жайлаудың әлгіндегі жаның-
ды жаннатқа бастап аймалаған салқын самалы биікте қалып, тамыздың
таңдай кептірер аптабы алдынан анталай ұмтылды. Ол етектеген сайын
өрмекшінің торындай көзге көріне, шымырлап қайнап тұрған ыстық леп
ындынын қаңсыта бастаған; ат тұяғы тиген сәтте сырт-сырт етіп ыршып
түсер шегірткенің миыңды тербеп, зәрезап қылар шырылы құлақ тұнды-
рады; ойдың шөбі пісіп қалған – мұрынға ерменнің кермек иісі келеді, ал
басы сарғайыңқы тартып, қаулап өскен ақ ерменді кешіп өткеніңде, басы-
нан тозаңы ұшып, тиген жерін сап-сары ала тоңғақтап тастайды. «Ауыл
биыл ыстық екен» деп ойлады. Басындағы қалпағын шешіп, маңдайын-
дағы моншақтаған терді алақанымен сыпырып тастады. Кеудесіндегі тері
жарғақты да шешіп, ердің алдындағы қанжығасына байлады. Астында-
ғы жол жорғасы бар көкбестінің алғашында құлағының түбі ғана жіпсіп
еді, енді тоқымының шетінен ылжырап көбік шығып, күннің ыстығы мен
еңіске қарай тарбаяқтаған лоқылдақ жүріс қарадай қинап, қан сорпасын
шығарды. Көкбестінің арқасындағы тепсе темір үзетін төртбақ жігіт қана
салмақ болып келе жатқан жоқ-тын; көкбестінің белінде әрқайсысы елу
килограмм тартар екі сүйретпе бал бар еді. Ал дүниеде балдан тәтті әрі
ауыр нәсте жоқ. Жылқының терісінен мұнтаздап илеп, әдемілеп тіккен
10
тері қоржынды жергілікті кержақ-орыстар «сума» деп атайтын. Сұйық-
тың қай түрін құйсаң да, бір тамшы ақпайтын не жыртылып, тозбайтын
тері қоржынды Еріктің әкесінің әкесі ұстап, атадан балаға мирас боп келе
жатқан киелі мүлік еді. Еріктің әкесі, Қандауыр жарықтық, тері қоржын-
ның игілігін онша көре қоймаған, тек анда-санда ерігіп аңға шыққанда,
ердің артқы қасына іле салатын. Қанжығасы қанданып, олжалы оралған
күнді Ерікке көруге жазбапты. Тура жүріп, тура сөйлейтін Қандауырдың
тым-тым қара қылды қақ жарған әділдігі тұқым қуалап, Ерікке жұға қой-
ған жоқ-ты...
Еріктің былтырдан бері ауылға келгені – осы. Өзгермеген. Өзгергені өзі
ғана секілді, көшеде көрген жұрттың бәрі бұған үрке қарайтындай сезікті
сезінді…
Бұл ауылдан қара үзіп, қарада – бой, қарда ізін қалдырмай, ауып кеткен
ешкім жоқ, өзі жылына бір рет қатынап, хабар-ошарын алып-ақ тұрады…
Еріктің үйі – баяғыда әкесі кержақ-орыстардан сатып алған екі қабатты
ағаш үй...
Еріктің әкесі ер мінезді, ақкөңіл, адал да атпал азамат болғанымен, үй
шаруасына салақ, дүние-боқты парық қылмайтын арсыл-гүрсіл, ашуының
алды бар, арты жоқ адам еді... оның еңгезердей бойы, гүрілдеп сөйлейтін
даусы менмұндалап, ауылдың бір шетінде отырса, екінші шетіне үні та-
рап, дабырлап, өзін-өзі әшкерелеп қоятын ғажап адам еді; ауылдастары
«вейлка» деп атап кеткен Қандауырдан төрт құбыласы сай мұра қалма-
ған, тек Ерік ержеткенде ғана бұл шаңырақтың шашылып кеткен шаруа-
шылығы жинақталып, берекесі кіріп еді. Шешесі айтып отырады: «Ұлым
менің әкеме тартқан пысық, қолы месекерлі. Бірақ...» Сол «бірақтың...»
ақыры әлі күнге айтыла қойған жоқ.
Қос қабатты ағаш үйдің бірінші қабатына кіретін есіктің жұдырықтай
құлыбын ашты...
Бұл шақта батыста барыстай болып сұлап жатқан таудың жон арқасына
иегі ілінген күннің шапағы әр үйдің шатыр-шатырларын жалынымен жа-
лап, тура Ерік үңіліп отырған терезеге түскен… Дүкеннің бұрышында соқа
басы ғана байлаулы тұрған ат жалқындана жанып, оттан шыққандай қып-
қызыл жылқыға айналған. Терезенің шынысына түскен шапақ Еріктің
жанарына қайта құйылып, ол да маздап жанғандай еді. «Қой, болмас»
деп, кері бұрыла бергенінде, оның құлағына «Дүние, қудым сені сегізім-
нен...» деп, барқырап әндеткен әлдекімнің масаң даусы естілді... Күн са-
лып қанша қарағанымен, батар күннің нұрында адасып жүрген, ауылды
басына көтеріп барқыраған «әншіні» табанда тани алмады…
11
Ерік дүкеннің алдында әлі байлаулы түрған атқа көзі қайта түсіп, тасы-
ған көңілін су сепкендей басты. «Тәңірім-ау, қайда анау қасқыр жегірдің
иесі?»...
…жотадағы үйден ептеп басып, байырқалап тың тыңдап, омарташы
жігіт… кеше кештен бері сары масадай ызыңдап, миын шаққан сұрағын
қойды:
– Кеше дүкеннің алдында байлаулы тұрған шабдар аттың иесі кім?
– Білмеймін, – деді… сатушы. – Аузы-басынан арақ сасыған біреу мініп
келді... Бейшараның 45 тиыны жетпей қалды. Үсті-басы адам қарағысыз
кір және жағымсыз иіс шығып тұрды. Тезірек құтылайын деп, ақшасы
жетпесе де, бере салдым. Ат байлаулы қалды. Өзі жоқ болып кетті. Қылы-
ғына қарағанда, көрші ауылдан міне, қашып келген-ау.
* * *
Ерік ауылдағы барлық шаруаларын тындырып, керек-жарағын түген-
деп болған соң, түнде тоғай арасына арқандап қойған көкбестіні жетектеп,
өз үйіне келді. Қараса, қақпасы ашық қалған екен. Қайран қала, атын же-
тектеген күйі аулаға кірді. Көкбесті құлағын тіге, қорс ете түсті. Тура есік
алдында бүк түсіп, ұйықтап жатқан алба-жұлба адамды енді ғана байқаған
Ерік те сескене, тұрып қалды. Көкбестіні байырқалата арқасынан қағып,
діңгекке байлады да, жетім балаша қол-аяғын бауырына ала, бүрісіп жат-
қан маскүнемнің жанына жақындады… Еңкейіп барып, алқам-салқам жа-
ғасынан жұлқылады – былқ етер емес: «Мына нәлеттің түрі таныс» деп ой-
лады. Әсіресе, құс қанатындай иіле біткен қап-қара қасын көрген секілді…
Әрең дегенде басын қалқайтып отырғызды...
– Құдай берді! – деп, орнынан қуана тұрды. – Іздегенім сен едің! «Өлме-
генге – өлі балық» деген осы, Ерік. Аманбысың, кластасым!
Өзін құшақтағалы ұмтылған маскүнемнің кеудесінен жақтырмай
итеріп қалғанда, ол тәлтіректеп барып, тыраң ете түсті. Көтерем сиырдай
орнынан әрең көтерілген. Көтерілген соң буынын мықтап тұрып бекіте
алды да: – Танымай тұрмысың, Қарабауыр? Баяғы кезім болса, аяғыңды
аспаннан келтірер едім, – деді. Оның әбден арақ өтіп лайланған көзі кең
ашылып, қанталанып кеткен қарашығынан болар-болмас от – әлі де мүл-
дем сөне қоймаған ашу ұшқыны, бәлкім, намыс шоғы жылтырады. Қара
нардай қайқайып тұрған омарташының жұлындары дір етіп, біртүрлі
сескеніп қалды. Осы сескеніс он шақты жылды араға салып барып, іздеп
тауып алғанына қайран қалудан туған-ды. Қайран қалмасқа амалы жоқ
12
еді, өйткені ол «қарабауыр» деген намысын шабақтар сөзді жалғыз-ақ
адамнан еститін және кек қайтаруға шамасы жетпей, бейамал күй кешіп,
іштей кектенетін және де анау иілген құс қанат қастың астындағы аялы
қара көзде әмбе жылт еткен ұшқынды да бір-ақ жігіттен көрген, көрген
сәтте ғана асу бермес асау мінезі пәс тартып, мысы басылатын. «Сол, –
деп дауыстап жіберді. – Соның өзі. Таған ғой – мынау!» Иә, оның алдын-
да адамдық сиықтан айрылып, ербиіп тұрған маскүнем мектепте он жыл
бойы бір партада отырған, Алматыда бес жыл қатар оқыған, аспиранту-
раны тауысқан, ешкім жауырынын жерге тигізіп көрмеген жігіттің сұл-
таны, қыз-келіншектің сырттаны Таған еді! «Құдай-ау, бұл қайдан жүр?
Өлмеп пе еді?»
– Иә, мен әлі тірімін, Қарабауыр! – деген сөзден селк етіп, сасқалақтап,
ойын жинап алды.
– Мықты екенсің онда. – Басқа еш нәрсе аузына түсе қойған жоқ.
– Менің мықты екенімді білмеуші ме едің? Өлмегеніме қуансаң, басым-
ды жаз, – деді ыржалақтап. Еріктің ес-ақылын жинаған осы сөз болды.
– Е, бәсе, неғып күшейіп кетті десем.
– Басыңды жазбақ түгіл, астауға кұйып шомылдырайын. Тек айтқа-
нымды істейсің, айдағаныма жүресің, айтақтағаныма үресің.
– Көк есегің болайын, көкетай. – Шөге түсіп, аяғынан құшақтады. –
Зекетіңмін. Құлыңмын.
«Әбден біткен екенсің, Қарабура» (Бұл – Тағанның бір кездегі лақап аты
еді. Бүгінде оны ешкім де бұлай атап, әспенсітпейді). Адамдықтан кері
азып, маймылға айналып-ақ кеткен екенсің»...
– Ей, Қарабура, сен маған еріп жүр. Аузыңнан – арақ, алдыңнан тамақ
кетпейді…
– Құлдығың болайын, Ерікжан. Білемін, сен бала кезіңнен ішпейтінсің.
Мен дайынмын, бірақ... Көрші ауылдан мініп кеткен атты иесіне қайтару
керек еді...
– Ауыл арасы жақын, атты өздері-ақ іздеп тауып алады, сайтан алады
дейсің бе, сойып жейтін сорпалығы да жоқ. Кеттік, – деді...
– Сені аттың артына мінгестіре алмаймын...
2
Атақты «Мұзтау» деп аталатын шың Алтайдың мәңгі жығылмас, шаңы-
рағы шайқалмас ақ отауы сынды еді. Міне, осынау шілденің ми қайнатар
ыстығында пұшпағы шетінемей жататын, мұз құрсаулы шыңның алқымы-
13
нан бұлақ болып басталып, арыны қатты арқыраған өзенге айналатын суды
жергілікті қазақтар «Қатын суы» деп атағалы қа-а-а-ша-ан, одан бері де
мың жыл өткен шығар-ау... Міне, сол Қатын суына Тихой (Тихая) өзені
келіп құятын… Осы бір шағын өзеннің ерекшелігі сол, …Өрге қарай аққан
өзен тоқтап тұрған су секілді толқынсыз, айқай-шусыз, жым-жырт жатар
еді. Бәлкім, сондықтан да «Момақан» деп атап кеткен секілді… Дәл осы үл-
кенді-кішілі екі өзеннің құйылысындағы алақандай жазықта ағаштан қиып
салған керіскедей үй тұр. Арпалысқан әлемнің әлегінен, даңғаза да мазасыз
тіршілігінен қашып келіп немесе ұлы шерулі көштен адасып қалып, жапа-
дан-жалғыз қалған бұл үйдің иесі – біз жоғарыда әңгіме еткен Ерік есімді
омарташы жігіт. Алматыдағы дене тәрбиесі институтын бітірген, күрестен
спорт шебері Еріктің жалпақ дүниенің барлық қызығынан жеріп, атты адам
араға бір қонып, (онда да жаз айында, қыста жан баласы қатынай алмайды)
әрең жетер ит өлген жерге кетуінің сырын ешкім де білмейді. Бұл үйдің ала
жаздай анда-санда келіп тұрар жалғыз-ақ қонағы бар. Ол – орманды өрт-
тен қорғаушы, вертолетші жігіт Прохор Александрович Лаптев. Омарташы
мемлекетке тапсырар балды осы кісіден беріп жіберетін және үлкен жермен
арадағы байланыс тек Лаптев арқылы жасалар еді.
Қазір мұнда бұрынғыдан ары тыныштық. Қатын суының гүрілі осы
өңірдің ешқашан толастамас музыкасы секілді еді… Қатын суының ағыс
үніне үйренген адам басқа жерге барса, түн баласында өзеннің гүріліне
үйреніп алғаны сонша – көз ілмеуші еді. …ес біліп, етек жапқалы, барлық
ғұмырын қадірлі халқы, жағалай жұртымен өткізіп, «Көппен көрген ұлы
той» деген ұлағатты сөзді имандай тұтып келген Еріктің шешесі – Нюра
Фадеевнаға да қиын тиді. Ал Еріктің жары Айнаға Қап тауын асып кетсе
де, бәрібір, күйеуі қайда – бұл сонда, қосағымен қоса ағарудан өзге арман
да, мақсат та жоқ. Тау қойнауындағы жалғыз үйдің күйбің-күйбің шаруа-
сы жалықтырған емес, белі талып шаршаған да емес. Күйеуі әр жылдың
осы мезгілінде ауылға аттанып, ұшқан құстың қанаты талып, әрең жетер
құзар таудың басында енесі екеуі ғана қалатын. Енесі – жасы ұлғайған
адам, оның үстіне, міне, жарты жыл болды саржамбас күй кешіп, төсек
тартқан сал ауру, екі аяғын баса алмайды, оның асты-үстін тазалап, тама-
ғын әзірлеп, сусын жұтқызып отыру да Айнаның мойнында…
Қора жақтан жүгіріп келген ит Айнаға бірер еркелеп алды да, тағы да
қарауытқан теріске қарап саңқылдады.
«Мынаған бірдеңе көрінген шығар».
Сиыр мөңіреді. Жылқылар осқырынды. Малдың тынышы бұзылған
секілді. Келіншек жүрексінейін деді. Үйге қайта кірді.
14
– Апа, маңайда бір нәрсе жүрген тәрізді.
– Әнеугүні қонжығын ерткен аю көрдім деп едің, сол шығар омартаны
торып жүрген, шықпай-ақ қой.
– Араның ұясын қиратып кетеді ғой, – деп, күпәйкесін киіп, қосауыз
мылтықты қолына алды.
– Қиратпақ түгіл, түк қалдырмай жеп кетсе екен, аманымызда ауылға
қайтатын, – деп күңкілдеді енесі.
– Өзімізді де асап қойса қайтеміз, апа? – деп күлді.
– Бүйтіп тобанаяқ болып жатқанша, аюдың қорегіне жарасам, арман
жоқ. Алтайдың аюы кісі жеп дәндемеген.
Айна сайланып далаға қайта шыққанда, ағаш-жалды алып таудың ар-
тындағы ай шапшаң көтеріліп қалған екен, маңай сүттене бастапты...
«Аюдың келгені анық» деп ойлады Айна. Жүрегі кеудесін балғалай жө-
нелді. Қаттырақ дем алса, аузынан ыршып шығып кетердей, іштей ты-
нып, алға жылжыды. Тас байлап алғандай табаны әрең көтеріледі. «Қо-
лымда қос оғы бар мылтық, несіне қорқам?» деп, өз-өзіне қайрат берді
де, ұзаңқырап шығып, баспалап төңіректі шолды… Аламойнақ та алдына
түсіп, саңқылдай үріп енді ғана ұзай беріп еді, күндіз үйездеген жылқы-
лар тұратын бай самырсынның түбінен қыңсылай шәңкілдеп, кері қашты.
Сол самырсынның түбінен екі аяғына тік тұрып, ақырған аюды көргенде,
Айнаның мылтығы қолынан түсіп-ақ кеткені. …аю сасқан жоқ, неге екені
белгісіз, ол да қозғалмаған. Айнаның пыр етіп ұшып кеткен жаны қай-
та айналып қонған сәтте, еңкейіп мылтықты алғысы келді-ақ, амал не,
сіресіп қалған денесі бағынбайды. Аю ақылды болып шықты. Жанында
шоқайып-шоқайып, енесі не істесе, соны қайталаған екі қонжығын том-
паңдата ертіп, бұрылып жүре берді…
– Ол не екен, Айнаш? – Үйге кіріп, күпәйкесін шешіп тұрған келіні:
«Аю екен» деген сөзді «Сиыр екен» дегендей аса жайбарақат айтты.
– Айттым ғой, Алтайдың аюы адамға шаппайды...
– Баяғыда Қандауыр, жарықтық, айтып отырушы еді, – деп, Нүрке
кемпір бір әңгіменің ұшығын шығарды, – …Аюдан ақылды хайуан жоқ
деп, сүйсініп отырушы еді, жарықтық.
– Сіз ол кісіні шын жақсы көріп қосылдыңыз ба? – деп, Айна оқыстау
сұрақ қойған.
– Ой, ол – бір таусылмас хикая, – деді енесі жастығына жайғаса жан-
тайып.
– Айтып беріңізші, апатай. Сіздердің өмір тарихтарыңызды мен біл-
меймін. Еріктен қанша рет қадалып сұрасам да... айтпай қойды. Түріңіз
15
болмаса, сізді орыстың қызы деуге кісінің сенгісі келмейді. Мен осы үйге
келін болып түскеннен бастап өз тіліңізде ләм деп сөйлегеніңізді естіген
емеспін, әлде ұмытып қалдыңыз ба?..
– ...Әке-шешем және бүкіл Фадеевтер әулеті қазаққа тұрмысқа шыға-
тынымды естігенде, үзілді-кесілді қарсы болды, әкем мен ағайым, тіпті,
өлтіреміз деп те қорқытты. Біздің кержақтар – орыстың ішіндегі төменгі
жақтан ауып келген аса діншілі. Естуімше, патша ағзамның өзі ішкері
жаққа жер аударыпты, неге екенін білмеймін, «кержақтар» атанғанбыз...
Әкемнен гөрі шешем қатал болды. Мені Қандауыр бір-ақ күннің ішін-
де алып қашып ауылына алып барған күннің ертеңінде, артымыздан ше-
шемнің өзі бастаған қуғыншылар келді, түрлерінен адам шошырлық ашу-
лы, бәрінің қолында мылтық…
Шымылдықты ашпаған күйі атам тіл қатты:
«Келінжан, өзің бәтуаға келтірмесең, екі елдің арасы ашылып, азама-
тымыздан айрылғалы тұрмыз. Сені ықылассыз алып кетті деп, күш бер-
мей тұр... Менің қазақша сөзімді түсіндің бе?»
«Ұқтым, ата, өзім барайын», – деп, шымылдықты сыдыра, атып шық-
қаным… кермедегі кербестіге міне шаптым… Екі жақтың жігіттері сақа-
дай сай, бетпе-бет келіп тұр екен, тура орталарына ағызып шықтым. Өз ту-
ғандарыма: «Мен өз еркіммен келген адаммын. Мен Қандауырды сүйемін!
Тоқтатыңдар шайқасты!» – деп, орысша да, қазақша да үш рет қайталап,
дәл орталарында атымды ойнатып, тұрып алдым. Не істерлерін білмеді.
Атыса жөнелейін десе – оқ маған тиюі мүмкін… Осы кезде шешем келді
жаныма: «…Қор болғаның осы... қызым... енді қайтып сенің қара жүзіңді,
казақ жалаған бетіңді көрмеймін, лағынет, лағынет», – деп, аттарын ой-
нақшытып, көздері қанталаған туыстарымды ертіп, кері шаба жөнелді….
– Шешем марқұм, күйеуі Фадей өлген соң, бүкіл шаруашылықты өз қо-
лына алған өжет те өркөкірек кісі еді. Қазіргі қазақтар Бек-Алқа, орыстар
Фадиха деп атайтын село, сол менің шешемнің иелігінде болатын…
– Сіз, апа, анаңызға тартпаған екенсіз... Сіз... апа, сіз орыс та, қазақ та
емессіз... сіз басқа бір... ұлтсыз... жер бетінде жоқ ұлттың өкілісіз. Ол ұлт-
тың аты – аяулы АНА. Әттең, сіздей адам жалғыз-ақ па деп қорқамын...
3
Қазақтар Бек-Алқа, орыстар Фадиха деп атап кеткен ауылдан шыққан
қос жолаушының жүрістері мандымады: астында елпек аты бар Еріктің
бір өзі ғана болса, ба-я-ғы-да-а-ақ сау желіп, соза тартып, ұзап кетер еді.
16
Әттең... не керек, соңында ілбіген «сапарласы» бар, жүруінен отыруы
көп, әрең-ақ еріп келеді, байғұс. Қазақтар «Мың жолдыны бір сорлы бай-
лайды», – деп бекер айтпаған. Тастап-ақ кетейін десе, даяр тұрған «құл-
дан» аяқастынан айрылып қалғысы жоқ, ал атының артына мінгестіріп
алайын десе – көкбестіні аяйды. Сондықтан да асықпай, асқан шыдамды-
лыққа басып, өгіз аяңмен келе жатқан…
Сайға жасырына орналасқан жалғыз үйге Таған жеткенде, Ерік атын
байлап, кіріп кеткен екен. Неге екені белгісіз, Таған үйге бірден кіріп бар-
май, қашаға сүйеніп, тұрып қалды…
Үй ұядай жылы екен. Табада қуырылып жатқан балықтың иісі мұрын-
ды жарып барады. Таған жұтынып, қарны ашқанын сезді. Үйдің иесі өзін
Захар, әйелін Марфа деп таныстырды…
– Мұны қайдан қазып тауып алдың? – деді Захар. – Өзінің есі дұрыс па?
– Есі дұрыс болса, осынау ит арқасы қиянға аттыға еріп, таңы айрылар
ма еді? Маскүнем деген рудың елшісі. Қолбала ретінде ұстауға ертіп ке-
лемін. Қыстай бағып-қағып, егер жақпай жатса, келесі жылы жазда тауып
алған жеріме апарып тастармын.
– Азып-тозып кеткені болмаса, түбі жаман кісіге ұқсамайды... – деді
Марфа…
– Мына философқа жатар орын тауып беріңдер, – деген Ерік орнынан
шапшаң тұрып, далаға шығып кетті...
– Маған төсек салып, әуре болмай-ақ қойыңдар. Қай тұсқа құлаймын –
сол төсек...
Тұра беріп, тәлтіректеген жігіттің қолтығынан демеген Захар тысқа бет-
теді.
«НЕГЕ БІЗ ОСЫ ҚАТЫГЕЗ ДЕ, ҚАСИЕТСІЗ БОЛЫП КЕТТІК... НЕГЕ
БІЗ ОСЫ?..»
– Екеуіміз бірге құшақтасып тұрып ұйықтайық.
– Кешір досым, әйелімнің білегі кеудемде жатпаса, көз іле алмаймын.
Сен батқан батпаққа мен де батқанмын, жуып-шайып адам қатарына қос-
қан – Марфа.
– Ал менің әйелім, – деді Таған Захардың мойнынан қыса түсіп, –
қой батпаққа итеріп жіберген. Содан бері әлі шыға алмай, тырбанып
жүрмін…
Күндізгі солқылдақ жүрістен шалдыққан көкбестінің ер-тоқымын алып,
қақтанған арқасын шапалақтаған Ерік балта мен қазық алып, қырға жете-
леп кетті… Балтаны білемдей ұстап кері оралған Еріктің есіне Қатын суы-
ның ар жағынан аптасына жалғыз рет, тек жұма күні ғана көрінер қызыл
17
орамалды Қыз түсті... Қалай десек те, сол қызды жақыннан бір көру – бұл
жалғандағы жалғыз арманы. Біздің жігітте бәрі бар, бірақ түк жоқ екен,
иә, ең керектісін таба алмай жүруі мүмкін ғой. Сонда маскүнем Таған-
нан айырмасы бар ма, бар болса, ол не? Баспанасы, байлығы, ішпейтіні,
жары... Жары демекші, оны да жас кезінде жақсы көріп үйленген-ді...
Алайда… көп-көп қателіктің бірі – Айнаға қосылуы шығар...
Қашаға, бағана Таған сүйеніп тұрған қашаға екі білегін артып, ойға бат-
қан Ерік алғаш рет: «Осы менің балам неге жоқ?» – деп күбірлеп қалды.
Өз үнінен өзі шошыды да, бұл сұрақты тезірек ұмытуға тырысқандай, үйге
беттеді.
Ертеңінде Тағанды әрең тұрғызып алды… Басқыштан тәлтіректей түсіп,
омарта жәшіктері қойылған тұсқа беттей беріп еді, оның қолтығынан За-
хар ұстай алды.
– Ол жаққа барма, ара шағып алады… Мен саған таңғаламын, Таған-
щик, – деді Захар. – Ойың мен сөзің керемет-ақ секілді, ал іс-әрекетің...
нағыз маскүнемдікі. Сонда деймін-ау, ішпей қоюға неужели ақылың жет-
пейді. …адам өз кемшілігін өзгеден көруі – қате...
Шай ішкен соң, жолға шықты: Ерік – атта, Таған – жаяу…
Жылқылы ауылдан таудан құлдилаған қос жолаушыға қарай үш бір-
дей ит оқтай зулаған. Саңқылдай үріп, жандарына келді, бірі ат үстіндегі
Ерікті аударып тастардай қатты өршеленеді, ал қалған екеуі Тағанды иіс-
келей еріп келеді...
Таудан төмен қарай домалаңдап келе жатқан адамның ұры да, қары
да емес, әншейін диуанаға айналып кеткен маскүнем Таған екенін жас
балаларды қойып, жылқышылардың өздері қайдан білсін? Үш итті бірдей
еркелете соңынан ертіп, киіз үйдің іргесіне тақалғанда, көп баланың бірі:
«Ой, мынау қайыршы ғой!» – деп дауыстап жіберген. Бұл сөз әбден шар-
шаған Тағанның болар-болмас қана істеп тұрған миына шаншудай қадал-
ды, қапелімде селк ете түскені соншалық – бір орнында қатты да қалды...
Тентек ұлды әкесі үйге қуып тықты да, баласы үшін кешірім өтінген-
дей, қос қолын ұсынып, қауқалақтай амандасты. Жылқышының жылы-
жылы сөзі, ықыласқа толы дидарласуы Тағанға әсер етпеді білем, өз қолын
суықтау ұсынды да, әлгіндегі бір он жылдан соң кең жайлаудың төсінде
алдынан шыққан сөзді ұмыта алмай, дел-сал күй кешкен...
– Бұл жігітті танымадық қой, – деді тостағанға қымыз толтырып.
– Жолдасым, – деді Ерік арқасын керегеге тірей шіреніп. – Ауылдың
ыстығында қаңсып жүргенше, жайлауға шығып, аунап-қунап дем алып
қайт деп, ертіп келемін.
18
– Ертіп жүргенше, мінгесіп жүргендерің жолдастыққа жараспаушы ма
еді?..
Үй иесі «жолдастардың» арасындағы жігі ашылып кеткен бір жайсыз-
дықты іші сезді ме, әңгімені әрі қарай қаузамады...
Сауын аяқталып, қарына ағаш шелек ілген әйел мен қолында ноқтасы
бар жылқышы бұларға қарай беттеді. Итаяқ жастанып жатқан үш ит бір-
дей «ау-у-у» деп, басын басып кеткендей атып тұрды да, оң жақтағы таз
шоқыға қарай атыла жөнелді. Қыбырлаған жанның бары солай қарады...
– Аңшының иті біздің Тағанға ұқсайды екен. Қарашы, қалай-қалай
жасқанбай жортады.
– Бұл тауып айтқаның емес, – деді орнынан көтерем сиырдай созалаң-
дап тұрған Таған кіржиіп. – Қауып айтқаның…
Орта жастан асып кеткен, сақал-мұрты ақшулан жолаушы аттан түсіп,
жағалай қол беріп амандасып шықты. Кезек Ерікке келгенде:
– Ә, сен бе едің, тау миллионері, – деп кекетті.
Омарташы шамданған жоқ. Жайдары қалпын бұзбастан:
– Қалай, ақсақал, бомба убежищенің құрылысы аяқталды ма? – деді
темекісін тұтатып:
– Оның ішінде саған орын жоқ, дәметпей-ақ қой.
– Керек болса, өзім де қазып аламын және сенікінен гөрі қауіпсіз...
– Өзің сыйсаң да, ақшаң сыймас.
– Сенің сандығыңа ұрлыққа түскен жоқ едім ғой.
Бұл екеуінің арасындағы шәлкем-шалысты бұрыннан білетін жылқы-
шы кермалдастыра бермей, пәтуасыз сөздің түбіне тезірек су құйғысы кел-
ген сыңаймен:
– Бала-шағаң аман-есен бе?.. Жүріңіздер, үйге кіріп, қымыз ішейік, –
деді ергенегі шалқалай ашылған есікті нұсқап.
– Осы фронтовиктерге таңғаламын, – деді әлі әпігі басылмаған Ерік. –
Жастарға сүйкенбесе, оқ атқандарын бұлдамаса, ішкен астары батпайтын
секілді.
– Сен секілді кергіген кесірлерді көргенде, жауды жеңгеніме өкінем...
Жайлауда жүрген жалғызы мынандай, қаладағы қағынғандары қандай
екен, тәубе...
Етігінің қонышын қамшысымен салып қалды. Енді бір сөз айтса, қо-
лындағы қамшысымен Ерікті қақ шекеден осып өтетіндей долданып айт-
ты…
– Тышқан терісіне сен құнықпай жүрген шығарсың. Суырға құрған он
қақпанымды қапқа салып, қақшып кеткеніңді екі дүниеде де кешпеймін.
19
– Осы сендерге не жетпейді? – деді жылқышы қабағын түйе қыржиып. –
Алтайға сыймай жүрсіңдер ме? Аңшы ағаның жөні бір басқа, саған не жо-
рық, ей, Ерік... Әкеңдей адаммен айтысып...
Жылқышы аңшының қолтығынан демей, киіз үйге қарап ыңғайлады.
Омарташы жігіт көкбестіге қарғып мінді де, сау желе жөнелді... Ат-
тылы-жаяулы қос жолаушы шыршалардан көкке найза шаншыған сайға
түсіп, көрінбей кетті.
4
…Қатын суы айлағына орналасқан Еріктің омартасында да АРАЛАР мем-
лекеті өздерінің антикалық заңымен ғұмыр кешуде… Әсіресе, осы өңірге екі
жылдан бері қоныстанған «қауіпті будан», яғни ғылыми тілде «жауыз ара»
деп аталар араның жаңа тұқымы алапат еңбекқор еді... Араның осы бір бұл
елде жоқ түрін алғаш рет вертолетші жігіттен естігенде, Ерік жанын қояр-
ға жер таппай, аса қызыққан және «Не алсаң да, маған тауып бер», – деп,
ұшқыш жолдасына қолқа салған. «Наука и жизнь» журналынан «Қауіпті
гибрид» деген мақаланы оқып шыққан соң, аңсары одан ары ауып, қалай да
қолға түсірудің жолын іздеді. Ал бұл араның қысқаша өмірбаяны былай еді:
1956 жылы генетик-селекционер У.Керр африкалық бал арасын алып ке-
леді де, жергілікті тұқыммен будандастырады. Африкалық аралар шапшаң
әрі алысқа ұшады, анасы балалағыш. Буданнан пайда болған африкаланды-
рылған араның сыртқы пішінінде пәлендей айырмашылық болмағанымен,
еңбекқор және қауіп төнсе, тобымен шабуыл жасайтын өте агрессивті болып
қалыптасқан. «Жауыз ара» атануы да содан…
Міне, осы «жауыз араны» шет елге ұшатын самолетте істейтін әріп-
тестері арқылы жең ұшынан жалғасып, әкеліп бергенде, Ерік бөркін ас-
панға атып, вертолетші Прохор Александровичтің бетінің сау-тамтығын
қалдырмай сүйіп еді-ау… Апталық алыс жол, мыңдаған шақырымдық қа-
шықтықты аттап өтіп, Алтайға қоныс аударған «қауіпті гибрид» бүгінде
қаулап өсіп, жеке бір ұяны мекендеген…
Өз бағымындағы аралар ішінде жүріп жатқан жұмбақты процестен
Айна хабарсыз-тын. Жаңа тұқымды «импорт» араның ұясын ғана біледі,
онда да Ерік көп жолатпайтын, балын өзі ғана ағызып алатын...
Екі-үш күннен бері үйген шөмеленің саны көбейіп, алыстан қарағанда,
тау арасына орналасқан ағаш үйді қаумалап коршаған шөп-қос секілді…
Ендігі жұмыс осы шүпірлеген балапан-шөмелелерді атпен қораға тасымал-
дап, маялап үю болатын... Оған жалғыз Айнаның шамасы жетпейтін еді...
20
Егер Ерік ертең де кешіксе, кер биеге қамыт салып, амал жоқ, жал-
ғыз өзі тасуға бел буған-ды… Түс ауа жұмыссыз қалғандай, омартаның
ішін аралап, ұсақ-түйек істің басын қайырып жүргені де содан еді. Биенің
сауымы келіп, ағаш күбіні білегіне іліп тұрып та, орманның ішінен суырт-
пақталар жалғызаяқ сүрлеуге қарағыштады-ай… Енді, міне, сол өткел
үшінші күн жым-жырт жатыр…
Айна дәл бүгінгідей көңілі азынап жалғызсырап та, санамен сарғайып
сансырап та көрген жоқ... Тағы да Қатын суының жағасындағы өзінің
меншікті мекеніне барды. Ендігі қалған дәтке қуат, жанға суат осы – ар-
қыраған асау өзен ғана... Кейде-кейде өз көңіліне, өз өміріне ұқсастық
тауып, не себептен «Қатын суы» аталу тарихын білгісі келетін. Ал өзен
тарихын Нүрке кемпір де, Еркін де білмейді. «Бәлкім, мен секілді жалғыз-
дықтан жаны жанған әйел өрт болып лаулаған жалынын басар шипа іздеп,
суға секіріп, ағып өлген шығар...»
…Әлгі бір сайтандай сап ете түскен әзәзіл ойдан құтқарған, ту сыртынан
күмбірлей кісінеген жылқының үні болды. Артына жалт қарағанда, Ти-
хойдың өткелінен салып ұрып өте берген Ерікті көрді. Көрді де: «Тәңірім-
ай, келдің бе?» – деп, екі бетін алақанымен басқан күйі шөге түсіп, еңіреп
жылап жіберген…
Ерік көкбестісін лекілдете аяңдап, аяулы жарының қасына келді. Айна
белі кеткендей отырған орнынан тұра алмады. «Ой, саған не көрінді?» –
деген ерінің сөзін естімеген секілді, қос жанарынан сорғалаған жас жүзін
жуып, мең-зең отыр…
– Не болды, Айнаш?.. – Амансыңдар ма?
– Аманбыз, – деді өксігін баса алмаған Айна.
– Тәтеме бір нәрсе болып қалған екен деп... Апыр-ай, мұндайың жоқ
еді, не көрінді? Қой, жаман ырым бастама.
– Қойдым, – деді келіншегі көзінің жасын балаша алақанымен сүрткі-
леп, мұрнын тартып. – Мұншалықты кешікпеуші едің...
Екеуі көкбестіні жетекке алып, үйге қарай қатарласа аяңдай берген
кезде:
«Ау, ағайын, мен қалай өтем судан?» – деп, барқыраған дауыс оқыс
тоқтатты. Тихойдың ар жақ жиегінде делдиіп тұрған самтыр-самтыр кісіні
көргенде, Айна шошына таңғалып: «Мұнысы кім?» – деп, Еріктің бетіне
қарады.
– Жолдасым ғой, – деді самарқау. – Әй, Қарабура, кіндігіңнен де кел-
мейді, кешіп өт! – деп айқайлады...
21
Жалғыз ұлы есіктен еңсеріле кіріп келгенде, сал болып жатқан шешесі
құшағын аша ұмсынып: – Құлыным-ау, есен-сау келдің бе? – деп, аналық
абзалдықпен аңырап еді…
– Ауғанға барып келгендей-ақ қарсы алдыңдар-ау.
– Енді қайтейік, бір үйдегі бір азаматтан айдың-күннің аманында айры-
лып қалсақ... Ел аман, жұрт тыныш па екен, әйтеуір?
– Еліңіз орнында, ештеңе ете қояр түрі жоқ. Желдей есіп; желпініп
отыр… Ең соңғы маскүнемді мен ертіп келдім…
– Үйбай-ау, ұят болды-ау, жолдасыңды өткізіп алайық, – деген Айна
орнынан тұра беріп еді, оның білегінен басып, қайта отырғызған Ерік:
– Өзі-ақ өтеді. Омыраудан келмейтін суға ағып өлер деймісің? Қайта
таза су кір-қоңын шайып, иіс-қоңысын кетіреді.
– Ол кім еді тағы?..
– Ол менің бірге оқыған досым, тәте. Сіз білесіз. Біздің елдікі. Көкеннің
ұлы – Таған Мақажанов.
Нүрке басын оқыс көтеріп алды:
– Тәңірім-ау, не айтып отырсың... Өзіміздің Мақаңның – алты алашты
аузына қаратқан Мақажан ақынның немересі ме? Көкен жарықтықтың
ұлы ма? Апыр-ай, шешесі марқұм болғаннан бері бетін көрген жоқ едім.
Ол қайдан жүр, бұл ит өлген жерде! Жеткізіңдер! – Кемпірдің даусы шаңқ
етіп, қатты шыққаны соншалық Айна селк ете түсті...
– Бет-жүзін көрейінші өзінің. Текті тұқымның тұяғы ғой...
– Ендеше көрімдігіңізді дайындаңыз, – деп, Ерік қамдана бергенінде,
ашық тұрған есіктен пұшпақ-пұшпағынан су сорғалаған Тағанның сұлба-
сы көрінді...
– Ей, Қарабура, кел мұнда; тәтем шақырады. Асылдың сынығы едің
ғой... нұр дидарыңды жарқыратшы, – деді Ерік саңқылдай.
– Кел, шырағым, кел, – деп бәйек болды кемпір… Табалдырықтың ар
жағынан:
– Амансыз ба, апа? – деді Таған тұрған орнынан қозғалмай.
Бұдан соң Нюра Фадеевнаның ақ сары жүзін, көк көзін жаңа ғана бай-
қады ма, – Здравствуйте! – дегенді қосып қойды. Нүрке кемпір күлді.
Айна да жұмсақ жымиған.
– Еркек адам есіктен еңселі кірер болар... Ұры иттей жан-жағыңа жал-
тақтап, жанарыңды түсірме, ұлым. Ерді кебенек ішінен таны деген, хан-
ның сарайына кірсең де, қадіріңді қашырмай, кеудеңді жоғары ұста!
Төсек үстінде отырған орыс кемпірден мұндай торғындай судыраған қа-
зақшаны күтпеді білем, жанарының жапсары жыпылықтаған. Таған әлі де
болса үйге кіруге жүрексінгендей.
22
– Төрге шығатын түр жоқ, шеше.
– Әкең, жарықтық, жұрттың бермесін тартып алар аусар еді, тартпаған
екенсің.
– Кірсеңші кергімей! – деп Ерік гүр ете түсті…
– Қарағым, үстіңдегі киіміңді сығып, кептіріп қой, – деді Тағанның
ұнжырғасы түскен ұсқынына жаны аши қараған Нүрке кемпір: – Жол
соғып, шаршаған шығарсың, ес-ақылыңды жиып, деміңді ал. Ыстық шай
іш. Ерікжан, осында ит жемей жатқан көдедей көп киіміңнің бірін бер
мына жігітке, ауыстырып кие тұрсын.
– Айнаға айтайын, тауып берсін…
Ойда жоқта пайда болған «қонақтың» мынау сықпыты, осыншалық қор-
лықты тірлігі ойлантып еді келіншекті. Өзін бір жерде, бір кезде көрген
секілді. Таныс-бейтаныс жүзі әбден титықтап, тозаңы шыға тозғанынан ба
екен, анық ажарын ажырату қиын.
«Ерік те еріккен шығар, несіне ертіп келді екен?..»
Еріктің ертіп келген жолдасы сүрініп құлаған жерінде жүрелеп әлі
отыр...
– Өлтірмесең, өңешімді жібіт, – деді жөтелдің арасынан саңылау тауып,
тілге келген Таған...
– «Апыр-ай, тілінің ащысын-ай мына кісінің, – деп ойлады Айна, –
менде несі бар екен?»
– Жаның шығып кетсе де, тұра тұр, – деді тері қоржынды арқалап, үйге
аяңдаған Ерік. – Айтқаным – айтқан. Салқын сыраға шомылдырамын. Әй,
Айнаш, әлгі Прохорға арнап ашытқан бал сырадан бір саптыаяқ әкеліп
берші анаған, жыланының басы қайтсын.
Самауырға шоқ салып тұрған шымшуырын тастай салып, тұра жүгірді.
Көп айналған жоқ, сыйымдылығы бір литрге жуық қайыңның безінен
ойып жасаған саптыаяқпен меймілдете сыра әкелді...
– Шайың қайнады ма, менің де шөлімді бас, – деді ендігі сәтте сонау
қаз-қатар тізілген шөмелелерге көз салып тұрған Ерік. Әйелінің екі-ақ
күнде апта бойы шапқан шөпті жалғыздан-жалғыз жүріп, қалай ғана жи-
нап, үйіп тастағанына іштей қайран, бірақ бұл таңданысын сыртқа тіс
жарып шығармады. Әрине, өз еңбегін бұлдамаса да, өзекті жан болып жа-
ратылған соң, «Мықты екенсің, Айнаш» деген сықылды жылы сөзді ерінің
аузынан әйелі күткен еді. Өзі үйген шөмелелерді жаңа көргендей бұл да
жанар жарыстыра қараған. Амал не, Ерік ләм демеді...
Дастарқан басында үшеуі ғана. Былтырғы, одан арғы жылдардағы
үшеуі, тек қана үшеуі... Төтеден пайда болған «төртінші» далада қалды.
23
Шешесі сан рет «Шақырыңдар, обал болады, қарны ашқан шығар» деп
еді, Ерік: «Текке әуре болмаңыз, барқырап тынышымызды алады», – деп,
міз бақпады...
Бұлардың қаймақшыған тыныштығын қаусатқан – тәлтіректеп басып,
босағаны тырмалаған Тағанның үні болды.
– Неге біз осы... – деп, ежелгі әдетінше сұқ саусағын шошайтты. – Неге
біз осы?.. Бұл шақта екінді туып, Нүрке кемпір намазға қамдана бастаған.
– Жүр-ей, – деді Тағанның қолтығынан нығарлай ұстаған Ерік. – Тәтем
намаз оқиды. Мазасын алма.
– Орыс намаз оқиды... хи-хи-хи... – Таған шиқылдай күлді. Класта-
сының бейпіл ауыздығы жанына тиді білем; онсыз да бастерісі келіспей
жүрген Ерік желкесінен бүріп, теріс қаратты да, құйрығынан бір теуіп,
етпетінен түсірді. Күйеуінің тым артық кеткендігі шыдамын шарт сын-
дырды білем, самаурынның күлін қағып тұрған Айна:
– Қойсаңшы, обал емес пе? – деп, Ерік келгелі алғаш рет дауыс шығар-
ды...
Тәлтіректеп орнынан қайта көтерілген Таған фашистен кегін ала алмай
азаптанған партизандай-ақ өзін өр ұстап: «Ей, Қарабауыр, бір тепкенің –
бір саптыаяқ сыра», – деді. Жолдасы оның тілегін екі саптыаяқ бал сыра-
мен қанағаттандырды да, оны-мұны саймандар тұратын қораға сүйрелеп
апарып тастады. «Таудың түні салқын, тоңады ғой». Айна мазасын ала
берген соң, әкесінің ескі ішігін үстіне жапты...
Нүрке кемпірге балаларының арпалысқан мазасыз тірлігі, тіпті де, ұна-
ған жоқ... Әсіресе, келінін аяйды. Оның үстіне анау Көкеннің сүмірейген
ұлы қосылды. Екі жастың біріне келмей қор болған Таған тағдырын да уа-
йымдап, жүрегі сыздайды. «Обал ғой. Текті тұқымның азып-тозып, шілдің
боғындай пышырап біткені ғой. Қайра-ан Көкен, әйелі Аналық қандай
еді... Мақажан шал ше? Алтайды аузына қаратқан ақын жан баласына ба-
сын имеген кісінің сұлтаны еді. Үһ, Тәңірім-ай, не болып барамыз осы?» –
деп, күрсіне күбірлеп жіберді…
Жанарын жапса болды, Аналықпен бірге өткізген баяғы – тұрлаусыз
өткен тұтам-тұтам өмірі көз алдында көлеңдеп тұрып алады-ай. «Құдай-
ау, сол Аналық жазғанның жақсылығын өтеді ме? Жоқ, өтей алмапты.
Мойнына қарыз, ұрпағыма парыз күйінде қара жер қойнына кірем бе,
Жасаған ием? Не істеу керек? Қадір-қасиетінен жұрдай тоналған ұлын
қалай ғана құтқарам бұл қорлықтан, қайтып қана арашалаймын ара-
ғы түскірден... Әл-қуатым жетер ме? Тым болмағанда, Еріктің мазағы-
нан...»
24
Бұл түні Айна да көз ілген жоқ. Күні бойғы салпылдақ жүріс, толассыз
жұмыс бойын алып, әлдекім алып ұрып сабап-сабап, талғақ қылып таста-
ғандай дел-сал күй кешсе де, әз жанына әмір таба алмады…
* * *
…Ерік өзен жиегінде көп тұрды. Салт атты, жаулықты Қыз көрінбейді.
Көңілін алаң биледі… Айнаға деген саздау тартқан салқындықтың себебі…
осы елес сынды салт атты қыз еді. Жарының жанына жақындаса болды,
салт атты қыз көз алдына көлеңдеп, екеу арасына ала арқан керіп тұрып
алатын. Осы бір ішкі қиналысын Айнаға сан рет айтуға оқталса да, баты-
лы барған емес. Қорыққаны емес, соңына шырақ алып жүріп қосылған
қосағының көңіліне көлеңке түсірмеудің қамы еді.
«Ол бүгін жоқ. Келмейді», – деп, кетуге ыңғайланғанда, таудың төбесі-
не жалғыз жолаушы шықты... «Сол! Өзі». Таулы алтайлық Қыз ақ боз
аттың үстінде ертек әлемінен оралғандай, бергі бетке – Қазақстан жеріне
қасқая қарап тұр еді…
Қызыл жаулықты Қыз Қатын суының жағалауына тақалып, аттан түс-
кенде ғана ес-ақылын жиған Ерік тас тиген шыныдай шытынаған санасын
жамап-жасқап саябырлады...
Ал Қыз ше? Ол бұрала басып, суға тақалды да, алақанын толтырып
ұрттады. Содан соң бұған күле қарап, жүрелей отырды. Оның әлгі әрекетін
Ерік те қайталады… Осылайша бірін-бірі екі жағалауда тұрып аңдыса ба-
қылаған олар құла-жалдана кұлап аққан Қатын суын суалтар құдіреттің
жоқтығына налығандай мұңдықты күй кешкен. Бәлкім, махаббат деген
осы шығар...
Үсті-басын сылана түзеген қызыл жаулықты Қыз лып етіп, ақ бозға
мініп алды. Содан соң соншалықты бір жарасымды қылықпен қолын бұл-
ғап қоштасты. Не істерін білмей, ербиіп тұрған Ерік құлынша аққан жыл-
қыдай аласұрып, тағат таба алмады...
«Әй, сол бір сайтан секілді сандалған қызды қойшы. Енді қайтып көр-
меймін» деп бекінді, белін бекем буды... Осы бір кіжінісі оның жүрісін
шапшаңдатқан.
Омартаға жеткенде, Айна ұйқыдан тұрып, шай қойып жүр еді… Осы
кезде қойма-үйден: «Дүние, қудым сені он жасымнан» деп бақырған Таған
әлі де тірі екенін тарғыл даусымен дәлелдеді…
Айна есіктен басын қылтитып, шайға шақырды…
– Бүгін не істейміз, пішен үйіліп бітті ғой, – деді Ерікке ерген Таған.
25
– Сендерге демалыс жариялаймын. Ал мен аң қараймын.
– Ерте кетсең қайтеді, ішім пысады ғой.
– Сенің иісіңді сезген мұқым Алтайдың аңы ауып кетер. Сыраны тойға-
ныңша іш те, сылқиып ұйықта. Қолың қышып бара жатса, анау кеспелтек
ағаштарды жарып, саржан сал... Бүгін мен сені танымай тұрмын-ей...
Дастарқан басында төрт көздері түгел жиналған соң, Нүрке кемпір ала-
қанын жайып, ерні жыбырлап, бата жасады…
…Нюра Фадеевна:
– Қалқам, қолың қашаннан бері дірілдейді? – деп сұрады.
– Ішкеннен бері, әсіресе, похмель жасамаған күні тыным таппайды.
– Одан құтылудың жолы бар, – деді кемпір.
– Қалайша?
– Ішпеу керек.
– Ой, апа-ай, – деді Таған аузын тістеп алатындай нанды талмап, зорға
жеп отырып. – Оны өзім де білемін ғой. Маған қалай ішпеуге болатынын
үйретсеңіз.
– Ол да қиын шаруа емес, шырағым.
– Оңай емес, шешей, оңай емес, бір жыл емделіп, жазыла алмағанмын…
Ерік орнынан үнсіз тұрды да, нан пештің іргесінде жабулы тұрған ағаш
күбідегі ашуы жеткен сырадан құйып әкеліп берді...
– Кісі болудан қалған. Бекер тәрбиелейсіз, – деді шешесіне.
– Ұлым! – деді Нүрке Еріктің сөзін жақтырмаған сыңайда. – Сен өйтіп
арыстай азаматтың обалына қалма, білдің бе... Сенің бұл қылығың жөн
емес.
– Үйбай-ау, тәте-ау, мен бе екен оны маскүнем қылған? Өзінің осалды-
ғы, иттігі. Бәлкім, тұқымынан солай шығар. Бар жазығым аштан өлгелі
жатқан жерінен жинап-теріп алғаным ба?
– Сен оның тұқымына тиіспе. Оның асыл текті сойынан көрген жақсы-
лықты бұл дүниеде қайтару екеуміздің де қолымыздан келмейді. Менің
бүйтіп тірі отырғаным, сенің бүйтіп жер басып, тайраңдап жүргенің Та-
ғанның шешесінің арқасы, білдің бе?!
– Ес білгеннен бері тірі жанға қарыз емес екенімді, бір адамнан бір сом
қарыз алмағанымды, өзімді-өзім асырап жеткізгенімді ғана білемін. Ал
одан бұрынғысының өтеуін өзіңізге тапсырдым, – деген Еріктің тік сөзі
Айнаның қасын дір еткізді...
Айна далаға шыққанда, Ерік мылтығының ұңғысын тазалап, қапшы-
ғын арқасына таңып, жол қамына қамданып тұр еді…
– Омартаға екі қонжығын ерткен аю келді, – деді Айна.
26
– Қашан?! – деп жалт қарағанда, оқыс қимылдан шошына шегінген
келіншек: – Алдыңғы күні түнде, – деді көзі жаудырап.
– Ендеше ол ұзаған жоқ, осы маңайды төңіректеп жүр. Іздеп табу керек.
– Оны қайтесің?
– Прохор үш жылдан бері аюдың терісін баласының терісімен қоса
тауып бер деп, қолқалап жүр емес пе?..
– Обал ғой, терінің қалаға қажеті қанша?
– Сәндік үшін. Екі креслоның басына екі қонжықтың терісін жауып,
журнальный столиктің алдына енесінің терісін жайып тасталық делік...
Көз алдыңа елестетші, әдемі емес пе?.. Кейін қалаға көшіп, үй сатып ал-
сақ, өзімізге де керек.
– Құрысын ондай сәндігі. Менің тілімді алсаң, ата көрме аюды.
– Ең әуелі, атқыза ма деп сұрасаңшы... Жә, жолымды бөгеме, аттанамын.
Айна… білегіне шелек іліп, бие саууға беттегенде, үй сыртындағы отын
жаппаның алдында әлденені күбірлеп, ағаш жарып тұрған Тағанды көрді...
Жарылған жаңқаларды жаппаның ішіне бақшалап жинап, тәлтіректеп
жүрсе де, шаруасынан шалағайлық жібермейтін, ісіне құнтты көрінеді.
«Не айтып жүр екен? – деп ойлады Айна. – Өзімен сөйлесіп, әңгімесін
тыңдаса... Қайдан көрдім? Жүзі күн өткен сайын жылы ұшырап барады».
«Қайдан көрдім?» деген сауал, тіпті, тіміскілеп, соңынан қалмай-ақ қой-
ды… Бие сауып отырғанда да, саумалды сабаға құйып шыққанда да – осы
бір қандауырдай қадалған ойдан арыла алмады.
«Қайдан көрдім?»
Күн сәске болғанда, ақ тер, қара тер болып быршып терлеп, бет-аузын
жылымшы су басқан Таған балтаны лақтырып жіберді де: «Шөлдедім!» –
деп, аю талағандай қорқынышты үнмен айқайды салды дерсің. Оның ос-
падар даусын төсек үстінде шегеленген кемпір де естіді...
Сасқалақтап үйге жүгіріп кірген Айна саптыаяқты пеш үстіндегі сыра
ашытқан ағаш күбіге ала ұмтылып еді, оны кемпір тоқтатты.
– Қоя тұр, келінжан, – деді оң қолын жоғары көтеріп. – Келсін де өзі
осында. Шақыр.
Екі ортада саптыаяқты ұстап, делдиіп тұрып қалған Айна енесінің үні-
нен зіл байқады. Бұл шақта алты айрығынан тер саулаған Тағанның өзі де
өз көлеңкесіне өзі сүрінгендей, қалбалақтап жетіп қалып еді…
– Сен, шырағым… келген екенсің, келімсек болмай, жөніңе көш. Енді
бұдан былай сыраны тек менің рұқсатыммен ішесің. Көнсең осы, көнбесең,
көшке берген тайыңды жетеле де, есің барда – еліңді тап…
27
Табалдырықты басып, не ары жоқ, не бері жоқ сілейіп тұрған Таған
самайынан құлаған тер тамшысын сұқ саусағымен сүрткілеп, не істерін
білмей, абдырады. Төсек үстіндегі құс жастыққа арқасын тіреп мығым
жайғасқан кемпірдің көкпеңбек көзінен ызғар мен шоқ сезілді, енді бір сөз
қайырса, қарғып тұрып бас салатындай.
– Баспа табалдырықты, жаман ырым! Кір үйге! – деп еді, Таған қатты-
рақ басса, тақтай сынып кететіндей мысықтабандап үйге кірді. – Отыр се-
реймей, осы үйдің бел ағашы сен төбеңмен тіремесең де, түсіп кетпес. Тегің
қандай еді, елің қандай еді... сойына сойыл жұмсаған саудайы неме...
– Әй, апа, апатай, – деп қыбыжықтады, – мен сізді әлі сыйлап отыр-
мын, мұндай ауыр сөзді ешкімнен, ешқашанда естіп көрген жоқпын.
– Апа-ау, айналайын апам-ау, сырасын беріп құтылайықшы. Өңіңіз бұ-
зылып кетті ғой, – деп, Айна кемпірдің жанына барып, қолынан ұстады. –
Сізге ренжуге болмайды…
– Келінжан, араласпа, бұл азаматпен арадағы айтыстың басы ғана. Бұл –
менің де балам, тек сезбей, секіріп жүр. Жарықтық, шешесі Аналықпен
бірге мен де емізгем. Ақ сүтімді ақтасын дегенім емес, кіммен тәжікелесіп,
тәйтік кетіп отырғанын білсін дегенім...
– Егер осы үйде қыстағың келсе, қояр шартым бар, – деді Нүрке
кемпір, – тек менің ғана тілімді алып, айтқанымды істейсің, айдағаныма
жүресің… күнде кешке моншаға түсесің, жатар алдында сыраны аузыңа
татып алмайсың. Бұл – бір. Екінші шартым – ертең ерте тұрғанда, Айна
қайнаған суға бұқтырып, дайындап берген шөпті ішесің… Сол дәріленген
сусынды ашқарынға ішкен соң, жүгірген қалпың өзенге барып, шомыла-
сың, алдымен денең үйренгенше, жеңіл-желпі жуынып бастап.
– Үй-бай-ау, шеше-еке-ау, қыстыгүні қайтемін? – деп, желкесін қасы-
ды...
– Қыста қармен жуынасың. Еңбектің де емдік қасиеті бар, балам, көп
қимылда – арам терің, арам асың шықсын. Құдай-ау, «Жаман иттің атын
бөрібасар қояды» дегендей, сыраны да «ас» деппін-ау...
Ал енді сен, Таған, айналайын балам, ерте айрылған ата-анаңның аруа-
ғын сыйласаң, өлгендерді өкпелеткің келмесе, орында осыларымды.
– Әке-шешемді есіме түсіре бермеңізші, апа, жылаймын...
– Әй, қайдам, сен жылауды да ұмытқан шығарсың. Адамның көз жасы –
жанының нөсері, сіркіреп-сіркіреп алса, арты айығады, көңілі көгереді.
– Көндім, оллаһи, көндім айтқандарыңызға. Дегенмен... бүгінше сол
ережелерді бұзуға бола ма, ақырғы рет... ертең ерте бастасам...
– Түһ, бұған айтып сөз, ұрып таяқ өтпес, – деп шаршады Айна.
28
– Бер, – деді кемпір, – ішсін атау-кересін. Бірақ ертеңнен бастап басқа-
ша сайрайсың, ұқтың ба, ұлым!
– Ұқтым, апа, ұқтым, – деп, Айна ұсынған сыраға қолдары қалтырап,
ұмтыла берді…
Ол кеткен соң, енесінің жанында отырған Айна:
– Осы кісінің адам қатарына қосыларына күмәнім бар, – деді түңіліп: –
«Тұқымың текті еді, әке-шешеңді білуші едім» деп, қайта-қайта пысықтай
бересіз, қайраттансын деп қайрағаныңыз ба, әлде, расында да, мықты ру-
дан шығып па еді?
– Рас, келінжан, рас, әкесі мен шешесінің өмір тарихын кейін айтып
беремін, ал атасы Мақажан Алтайды жайлаған Қаратайдың елді аузына
қаратқан ақыны еді ғой. Бұларды Дәулеттің ішіндегі Көкі дейді. Мақа-
жанның түсінде Қызыр-ассалам «Көген аласың ба, өлең аласың ба?» деп,
аян бергенде, «Өлең аламын» деп, өлеңдетіп тұрған екен деседі…
Ел азарда ер-азаматы – атақ қуғыш тақ құмар, қыз-келіншегі дүние
қуғыш бақ кұмар келеді. Ал «Бақ дегенің – тойға келген қыз емес пе,
байлық деген – қолға ұстаған мұз емес пе, бала – артта қалған із емес пе?»
деп, бұрынғылар бекер айтпаған. Қырықтан асқанша не үй, не күй жоқ
Тағаннан не қайыр, не үміт? Кейде мен анау төбедегі тақтайға жападан-
жалғыз тесіліп қарап жатып ойлаймын: Тәңірім-ау, ат төбеліндей ауыл
тайлы-таяғы қалмай, маскүнем болып кеткенде, ертеңгі күні не болады,
тоз-тозы шығып, тозып таусылмай ма? Не білген ойлары бар? Ішімдік де-
ген пәле бұл елге қашан дерт болып жабысты? Қашан? Кейде ойлаймын,
осы жұрт атау-кересін ішіп жүрген жоқ па деп? Ал атау-керені – өлер ал-
дында, ақтық демі таусылғанда ғана ұрттайтын.
– Мен білмеуші едім, – деді күрсіне тіл қатқан Айна.
– Нені? – деді енесі сөзін бөлгенге елеңдей сұрап.
– Атау-кере деген сөздің төркінін.
– Алда-жалда арғы дүниеге аттанар болсам, маған да ішкізесің.
– Қойыңызшы, апа, қайдағыны айтады екенсіз. Өздігіңізден жүре алма-
ғаныңыз болмаса, денсаулығыңыз мықты ғой...
– Неге екенін бір Алланың өзі біледі, соңғы кезде аруақтар түсіме көп
кіріп жүр, – деді аз-кем тыныштықтың тығынын қайта ағытып. – Жарық-
тық, қайын атам Құранын алдына өңгеріп, Мұзтаудан құлдап келе жатыр
екен деймін… Иә, жатқан жерің жаннат, қараңғы көрің жарық болғыр
атамның көзі тірісінде бұл ауыл арақ дегенді аузына алмаушы еді. Қазіргі
аңқау елдің араққа құмар моллалары сілекейі шұбырып, мас болып оты-
29
рып, Құран оқитынды шығарды. Өтірікті судай сапырып, зуылдатқан он-
дай арамзаның бетіне түкіріп жібергенім әлі есімде.
– Сіз де Құран оқи аласыз ба? – деп әуестенді келіні.
– Әрине… Сенен сұрарым, – деді кемпір Айнаның қолынан сүйіп. –
Анау Тағанға қамқор бол. Көп ашуландыра бермеңдер… Атасы Мақажан
қандай қуғын-сүргін көрсе де, мойымай, ел мен жердің шырқын бұзған
Ісләм нәшінге:
– Арқаға біткен қайың-ды,
Білемін, қалмақ, жайыңды,
Жолаушыға беруші ең,
Талқан менен шайыңды.
Обада жатып өлуші ең,
Көлденең тістеп найыңды,
Қазаққа кеп байып алған соң
Ұмыттың ғой Құдайыңды, –
деп, ежетекірекке алып еді-ау. Қайран, от ауызды, орақ тілді, Мақа-ай,
сен де күндей күркіреп, жаңбырдай сіркіреп өте шықтың мынау жалған-
нан; ұрпағың болса – анау…
Осынша уақыт, замана атты ұлы көштің шаңын жұтып, жұртта қалған-
дар қаншама, саусақпен санап, тауыса алмайсың, біреуді Құдай қаңғырта-
ды, енді біреулер Құдай бұйрығына көнбей, өзі қаңғырады… Ел шыдағанға
бел шыдамай, қиралаңдап қалса, оған кім кінәлі?! Тіпті, осы кінәлілерді
іздеп табудан қиын не бар? Кейде «Мүмкін, өз әке-шешемнің, тым ерте
кеткен Тағанның әкесі мен шешесінің жасын маған жиып берген шығар…
Балаларын ашаршылық жылы да аман алып қалды емес пе бұл ел» деп
ойлаймын.
Ашаршылық демекші... Нюра Фадеевнаның сол бір зауал кезең туралы
айтары көп… Енді ғана «Аталап, апалап», тәй-тәй басқан тұңғыш қызым-
ның аузы аққа жарымай… көз алдымда көгеріп-сазарып, жантәсілімін бер-
генін қалай ұмытайын; өзімнің де аузымнан қара су ағып, аш иттей бұра-
лып, ыңырсып жатқан жерімде осы Тағанның шешесі Аналық емес пе еді,
басымнан сүйеп, нәр сыздырған; үйіне апарып, бағып-қағып, жалғыз дәнді
өзі жемей, ұсынған, апалы-сіңлідей жанымыз жарасып кетіп еді-ау...
Иә, Нюра Фадеевна мен Аналық апалы-сіңлілердей болып, ең бір ауыр
да азапты жылдарды бірге өткізді. …конфискацияның тізіміне Нүркенің
күйеуі Қандауыр да іліккен…
30
1932 жыл, яғни мешін жылдың ашаршылығы басталды. Тігерге тұяқ
қалмаған, бар үмітті, бар жақсылықты, бар байлықты жалаулатып келген,
алаулатып енген кеңес өкіметінен дәметті. Әсіресе, қазақтың дәметкіш
көңілі «Өкімет деген – өзіміз, ендеше өзіңді-өзің асырайсың» деген ұрда-
жық ұранның байыбына бара қойған жоқ. Құрсағын мықтап тұрып бір
рет толтырып алды да, көздері шүңірейіп, аштан қырыла бастады... Сол
заманның қаттылығын «қателігі» деп ұғар зерде жоқ, «Бұнымыз асыра
сілтеушілік» деп айтар пенде жоқ, осынау «жоқтардың» жоқтауын естір
құлақ жоқ – қынадай қырылды, арқа сүйер ардақтысынан айрылған Нюра
Фадеевнаны ағаштан қиып салған үйінен қарашаның қары түскенде, қуып
шығып, жаңа ұйымдасқан қосшының бастығы кіріп алды. Ананың ақ
жүзі қуарды, ақ сүті суалды: бір жастан енді ғана асқан қызын бауырына
басып, баспанасыз далада қалды. Міне, осы кезде Аналық жетелеп, өз үйі-
не апарды, асырады, сақтады. Алтайдың созалаңдап, таусылып бітпейтін
ұз-а-ақ қысынан ілдалдалап әрең шықты. Қарны тойып, тамақ ішпеген
ананың омырауынан сүт шығушы ма еді, екі үйлі жанның қарап отырған
қара сиырына жегізер шөп тақа таусылып, ағаштың бүрі мен теректің қа-
бығын сыдырып беріп, асырап еді, көтеремге айналған хайуанның емшегі
шандырланып, суалды. Наурыз туа, әбден тулақ болған сиыр көзі алайып,
қорада қатып қалған.
Достарыңызбен бөлісу: |