Орхон-Енисей ескерткіштерінің зерттелуі. Енисей өзені аңғарынан құпия жазуы бар құлыптастар табылғаны туралы алғашқы хабарды Н.К.Видзен, С.У.Ремезов,И.Т.Страленберг пен немістің белгілі ғалымы Д.Г.Мессершмидт, т.б. XVIIIғ бас кезінде жазған мақалалары мен хаттарынан білеміз.
Скандинавия халықтарының тілінде «Рунь», яғни «Руна» деген сөз қазақша аударғанда «сыры ашылмаған», «құпия», деген мағына береді. Орыс география қоғамының Шығыс-Сибирь бөлімі 1889ж Монғолияға арнайы экспедисия ұйымдастырды. Оны белгілі орыс саяахатшысы әрі ғалымы Н.М.Ядринцев басқарып барып, Орхон өзені аңғарынан «құпия» жазуы бар үлкен екі ескерткіш тапты. Осы құлыптастардағы белгісіз жазуларды ашу үшін В.ВРадлов 1891ж сонда барып, бірқатар ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл кезде Финляндия археологиялық қоғамы да Енисей өзені бойына, Минусиск қаласына екі мәрте ғылыми экспедиция жасап қайтқан еді. Селенга өзені аңғарынан түрік елін билеген бірнеше қағанның кеңесшісі болған, данышпан қарт Тоныкөк құрметіне қойылған ескерткіш табылды.
Көне түркі тілі мен әдебиетін зерттеушілер, әсіресе, Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк ескерткіштеріне көбірек назар аударды. Бұларды бірнеше Европа тілдеріне, орыс тіліне, қазіргі түркі тіліне тәжржіма жасады. өйткені бұл жәдігерліктер – түркі тектес ежелгі ру-тайпалардың рухани өмірін бейнелеген көркем әдебиет туындылары болып келеді.
Көне түркі әдеби ескерткіштерінің тілі. Түркі қағанатының ұлан-ғайыр өлкесін мекендеген сан алуан тайпалардың бәріне бірдей түсінікті ортақ тілі болды. Дегенмен тілі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы және қоғамдық қарым-қатынастарының өзара жақын, тіпті ортақ болғанына қарамай құрамындағы әрбір тайпаның өзіндік тіл ерекшеліктері бар еді. Мәселен, Орхон аңғарынан табылған ескерткіш жырлардың тілін бірқатар лингвистер қазақ тіліне жақын десе, енді біреулері қырғыз немесе хакас, алтай тілдерімен туыстас деген пікір айтады. Бұл тіл – бірнеше түркі тілдерінің тарихы ортақ мұрасы деп қараушы ғалымдар да бар.
Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк жырларындағы сөздердің көпшілігі дерлік аударма жасамай-ақ, сол жазылған қалпында қазіргі қазақ оқырманына жақсы түсінікті.