§1. Мақамбет өмірбаяны мен қызметінің зерттелу жәйі
Осы кезге дейін ұлы Мақамбеттің өмірбаяны мен қоғамдық-саяси қызметі ғылыми тұрғыдан дәйекті түрде зерттелген жоқ. Бірде бір ғылыми экспедиция оның өмірі туралы мәліметтерді, өлеңдерімен күйлерін іздестірмеді. Бодан елде өз тарихын, өз қайраткері туралы жазу, зерттеу қиын еді. Тіпті Совет өкіметі кезінде де жалтақтап жан-жағына қарап, жаси сөйлеп, сақтана жазатынбыз. “Ұлтшыл” деген атты жапсыра сала ма деп үрейлене жүретінбіз. Жазуы жоқ елде Мақамбет т.б. жөнінде жазбалы дүние болуы да екі талай. Түркіше жазу болған, Мақамбет ол жазуды білгені байқалады. Заман ауыр еді. Мақамбеттің көзі барда-ақ ол туралы екі түрлі пікір қалыптасты. Жәңгір хан, сұлтандар, сыбайластары, патша чиновниктері оны барынша балағаттап, “қарақшы”, “жыртқыш”, “бүлікшіл” деп, істің мән, жәйін бұрмалады, не жасырды. Ал халық өз ішінде оның ісінде, жыры мен күйлерін де мақұлдап, әлінше дәріптеп, жадында сақтап, жастарға үлгі етті, өзіне ақын ісін, жырын рухани азық жасады: оны батыр, ақын, күйші деп еңбегіне қарай жоғары бағалап келді. Орыстың жоғарғы ойлы азаматтары ДальВ., Савичев Н., Ковалевский Е.П. т.б. қайраткерлері Мақаңа тиісті жағымды ойда болған. Сондайдың бірі – Орал казагі Никита Савачев жергілікті газетте “Исатай Тайманов – Бөкей ордасындағы старшина” деген очерк жазып, Мақамбет жөнінде жылы лебіз білдірген, оны хан адамдары бекер жалалағанын, хан өз жұртына көп қысым жасап, ел оған наразылық жасағанын баяндайды. (1)
Мақамбетті 1839ж. күзде Борсық құмы маңында көріп, тілдескен адам – таукен инженері, филолог Е.П.Ковалевский Бұқар хандығына бара жатқан жолда көреді. Бұлардың қасына Мақамбет өзі келіп, Ковалевский т.б. емін-еркін орысша сөйлеседі. Экспедицияға жол көрсетпек болады. Бірақ алға барлауға кеткен Мақамбетті олар күтпей кетіп, экспедиция қаразымдықтардың (орыстар Хиуа хандығы деп жазады, ал ресми атауы “Қаразым” И.К.) тұтқынына түсіп сәтсіздікке ұшырайды. (2) ХХ ғ. басында Добромыслов А., Павлов Н. (1910ж.), Алекторов А. т.б. өз еңбектерінде Мақамбетті “бүлікші” деп жазған. Бірақ Добромыслов “В 1829 году обвиняя Джангира “в небрежения к пользам народа” взволновал Орду Каипкали Ишимов” деп шындықтың шетін көрсетеді. (3:235) Жәңгір 1827, 1836-1837ж.ж. көтеріліс себебін – “Орда да орыстардың мүддесін қорғадым” деп, ал хан үстінен шағымдардың көптігін қазақтардың “есер рухы”, дөрекілігімен түсіндіреді дей келіп, Мақамбетті “жыртқыш” дейді (4:236). 1864 ж. Қазақтарға қоныс салып, егін егуге ұлықсат бергенде олар 10 жыл ішінде жартылай отырықшыға айналып, малшыдан егіншіге тез көшкенін бұл авторлар мойындап, отаршының қазақ қоғамы дамуын тежеп келгенін орыстар егін салуға үлгі болды дегеннің жалғандығын көрсетеді (5:417). Бұл фактілер Мақамбет тобының ханға қарсы бас көтеруінің тағы бір себебі еді. Сөйтіп патша авторлары да Исатай, Мақамбет көтерілісін зерттеуде кейде шындықтан құтыла алмады.
Совет өкіметі кезінде баспасөз бетінде алғаш 1924 ж. “Сәуле” журналы Мақамбет туралы көлемді мақала жариялады. Автор Мақамбетті батыр, ақын, домбырашы деп таныстырады, тегі Беріш руының Жайық арасынан, атасы Құлмәлі, ұлт-азаттық күресте халық оны батыр атағанын мәлімдеген. Бұған қоса ақынның толғауларынан үзінді жариялаған. Батырдың бет-бейнесін, бойында да айтылады. Мінез, құлқы, өмір пернесі (образ жизни) жөнінде қысқа жол бар. Мақамбет өмірімен қызметін зерттеуде сара жол салған кісі халқымыздың ардақты перзенті Қалел Досмұқамбетұлы еді. Бұл кісі ғылымның түрлі саласында жемісті еңбек ете жүріп, әдебиет, тіл білімі, тарих саласында өнімді қызмет атқарған. Соның бірі – 1925-ші жылы Ташкент қаласында Қалекең “Исатай - Мақамбет” жинағын шығарады. Араб альфавитінде “х” әрпі бола тұрса да Қалекең батыр есімінде “қ” әрпін қолданып, “Мақамбет” деп жазып, ана тіліміздің орфографиясын жетік білетінін көрсетеді. Ақынның өмірбаянына байланысты мәліметті алғаш береді. Мақамбет Беріш руының Жайық ортасынан дей келіп, атасы Мәлі бір соғыста қолға түсіп, тұтқындалған. Жайық беріш Тұмаш дегеннің балалары еншілес қылып алған. Өз-өзін “Қызыл бастың (парсы) Нәдірше деген шаһының тұқымы” деп атапты. Қалекеңнің Мақамбет туралы сөзі: “Мақамбет өзі әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы болған” - депті. (6:62). Өте қызулы өр адам екен. Исатай жұртты ақылымен дәлелдеп сендіріп, соңына ерітсе, Мақамбет көпті қыздырып назарын өзіне аударып, ерітетін адам болған. Мақамбет мінезі сотқар, қалжыңбас, ойына келгенін тура бетіне айтатын батыр екен. Бұл әрине ел аузынан жиналған сипаттама, артығы да, кемі де болар. Қ.Досмұқанбетұлы бұрынғы Орал облысының Ілбішін уезіне қарайтын Құлмәлі ұрпағы тұратын Қызылқоға, Тайсойған алабының азаматы көбін біледі.
А.Рязанов өзінің “Исатай Тайманов көтерілісі” деген кітабында (1927ж.) Ол Мақамбет өмірі мен қызметіне байланысты бірталай мәліметтер келтіріп, оның қызметіне зор баға берді. (7) Мақамбетті ол 1836-1838-ші жылдары шаруалар көтерілісінің ұйымдастырушысы, идеолог, “халық трибуны”, “батыры” деп атайды. Дегенмен, А.Ф.Рязанов еңбегінде көтеріліс себебін, оның сипатын анықтауда кейбір кемшіліктер кездеседі және Мақамбеттің өмірін қызметін толық қамти алмайды.
Совет тарихшылары Г.Сербаринов А.Якуниннің аталмыш көтеріліс мақалаларында Мақамбет туралы да кейбір мәліметтер келтірілген. (8)
Совет тарихшысы В.Ф.Шахматов “Ішкі Орда және Исатай Тайманов бастаған шаруалар көтерілісі” деген кітап жазып, ол 1946-ші жылы аз данамен жарыққа шыққан еді. Бұл қолға түспейтін сирек шығармаға айналды. Осы еңбекте Мақамбет өмірі мен қызметіне байланысты кейбір қажетті мәліметтер, жаңа деректер келтіріп, қызметіне үлкен баға берілді. В.Ф.Шахматов Мақамбет өмірбаянына бұдан кейінгі жазған мақалаларында онан әрі толықтыра түсті. Әсіресе оның 1840-ші жылдан кейінгі өмірі туралы деректерді архивтерден тауып пайдаланған. (9)
Мақамбет қызметіне байланысты Ермұқан Бекмаханов кітабында зерделеніп, жоғары бағасы берілген. Шаруалар соғысы феодалдық қоғам жағдайында саяси күрестің ең жоғарғы түрі. Ашық, қарулы соғыста Мақамбет, Райым, Теректі, “Тастөбе”, Елекен, т.б. мекендердегі шайқастарда ерлік көрсетіп, қарапайым қарумен жауын жосқай білді. Профессор Е.Бекмаханов Мақаңның (архив қағаздарында осылай жазған. И.К.) батырлығын, ұйымдастыру қабілетін дәріптеген. (10) Бұдан кейін Мақамбет батыр қызметін 1970-ші ж.ж. бастап осы жолдың авторы негізгі ғылыми, педагогикалық қызметімен қатар Мақамбет туралы ұзақ жылдар ізденіп, зерттеу жүргізген. Ол үшін Қазақстан, Ресей архивтерін қарап, Кіші жүздің, оған көрші Ресей облыстарын аралап, ел аузынан тарихи, әдеби материалдар жинап, Мақамбет жөнінде 1974, 1979, 1991 ж.ж. үш кітапша, көптеген ғылыми мақала жариялағаны оқырманға белгілі. Мақамбет, Исатай, Құрманғазы, Дәулеткерей, С.Мендешев т.б. туралы іздену, жазу өмірінің мағынасына айналғандай. Зерттеу барысында кемшіліктерімде көрініп қалауы мүмкін. Ал тарихшылар тарапынан Исатай, Мақамбет өмірімен тарихын зерттеушілер көрінбегені қынжылтады.
Тарихи құбылыстар желісін жалғастырып, оқиғаларды толықтырып байыта түсуде ел аузындағы әңгімелердің де өзінше маңызы бар. Соңғы жылдарда Б.Адамбаев, М.Тілеужанов т.б. әдебиетшілер ел аузынан бірталай тарихи әңгімелерді жинап, баспасөзде жариялады. Б.Аманшин Мақамбеттің тегі, туыстары, өлімі, ұрпағы туралы ауыз әдебиетінен белгілі қосымша фактілер келтіреді. Бұл тарихи әңгімелер кейбір оқиғалардың желісін жалғастырып, мазмұнын байыта түскен. Олардың көбін біз архив деректерімен толықтырамыз.
Антрополог Ноэль Шаяхметов Мақамбет өмірінің соңғы күндері мен өліміне байланысты зерттеулер жүргізіп, батырдың сүйегін тапты. Негізінде батыр атамыздың портретін бейнеге түсірді. Бабамыздың сүйегін зерттеп, қызық мәліметтер береді. (11)
Үлкен тарихи - әлеуметтік деректердің бірі – Мақамбеттің өз жырлары. Оның өлеңдерінде тарихи оқиғалардың сюжеті, болған жері, көтерілістің басталуының кей себебі, мақсаты, билеуші үстем тап қиянаты суреттеліп, көтеріліске қатысқан бірқатар адамдардың есімдері аталып, істері көрсетіледі.
Исатай, Мақамбет бастаған шаруалар көтерілісі өз уақытында ұлы дүбір, азаттық үшін күрес болып, ол туралы тарихи әңгіме ел ішінде кеңінен таралған. Ол әңгімелерден үстем тап пікірін айыруға, қажетсіздігін алып тастауға болады. Архив пен тарихи әдебиеттегі көптеген түсініксіз жәйді, жетпей тұрған тұстарын жалғап “жамауда” ел аузындағы аңыздардың, тарихи әңгімелердің көмегі бар. Әйтесе де ауызекі әңгіме ұрпақтан-ұрпаққа ауысқанда кейбір жері ұмытылып, не жанынан қосылып өңделуі мүмкін. Немесе, кейінгі ұрпақ Исатай, Мақамбеттің патша әскеріне хан, сұлтанға қарсы батыл күреске шығуына әрі таң қалып, әрі ырза болып, олардың батырлығын кейде аңызға айналдыра айтқан. Оқырманға түсінікті болу үшін мысал келтірейік. 1838-ші ж. 12 шілдедегі Қиыл өзеніндегі шайқасқа Кіші жүздің батыс бөлігінің басқарушы – сұлтаны Баймағанбет Айшуақов қолы ішінде Сарыбөпе, Сатай Кенжеғариндер өз адамдарымен қатысып, Исатайды өлтіретіні белгілі. Бұдан кейін Мақамбет 1841-1843-ші ж.ж. сотталып, Борсық құмы жағында айдауда болады. Міне, сол жылдары Мақамбет 2-3 рет Баймағанбетпен кездесуі бар дейді. Дәлелі жоқ. Бірі сірә, батырды Теке қаласы абақтысынан 1841-ші ж. наурызда Орынборға айдап бара жатқанда Баймағанбет аулына конвоймен барғанда жолай соқса керек ал, келесі аңызда батыр сотталып, айдауда жүргенде Баймағанбет қайта-қайта кісі жіберіп, Мақамбетті шақыртады дейді. Бұлардың бір кездесуін ел аузында екі түрлі айтады. Біріншісі, ағайынды Кенжеғариндер Мақамбетпен оның жолдасы қосылып, “достасады”. Бір тойда бұл Баймағанбетпен 3-і рет кездеседі, қапелімде 2 дұшпан үндемей қалады. Сонда Сатыбалды ма, біреуі Мақамбетке: “батыр таппай отырмысың, әлде батпай отырмысың, неге сөйлемейсің? - депті-мыс. Сонда Мақамбет: тілімнің ұшы екі айыр, біреуі сұлтанға тисе, екіншісі өзіме тиеді”, - деп жауап беріпті. Айт, сөйле, тисе-тисін, тесіп өтсін дегеннен кейін Мақамбет құлшынып отырып, атақты толғауының біреуін айтады. Бұл бір вариант. Атыраудағы Сүйіндік қонысының (совхозының) тұрғыны Тілекқабыл Шамшиденов өз әңгімесінде Мақамбетті Баймағанбет сұлтанға жолықтырып қасында болғандар Жұмыр Жайрауұлы мен Сасық Төлегенұлы деген Байбақты ауылының азаматтары, - дейді. Қисыны бар пікір. Өйткені, 1837-ші ж. көктемде Жұмыр, Қылыш, Сасық т.б. патша әкімшілігіне, сұлтанға наразы болып, Жайық өзені жағалауындағы қыстауын тастап, көшіп кетіп, 1838-ші ж. Исатайға қосылған. Бұдан бірінші вариант қолдан жасалғаны көрінеді. Бұл ауызекі әңгімеге ұқыпты қарап, тексеру қажеттігін көрсетеді.
Ел ішінде көтеріліске қатысқан әр ру адамдары туралы, шайқастардың болған жері, Мақамбеттің туыстары, кейбір қызметі жайлы мәліметтер де кездеседі. Бірақ бұларды жинап, жазу мәселелері әлі күнге дейін жүйелі түрде қолға алынбай келеді. Біз Мақамбет туралы мәліметтер іздеп бірнеше рет Орал облысының Орда, Жәнібек, Жаңақала, Фурманов, Казталовка т.б. аудандарында, Атырау облысының Қызылқоға, Индер, Теңіз, Мақамбет т.б. аудандарында болып, ел аузындағы әңгімелерді, шежірені біледі деген кәриялардан мәлімет жинастырдық. Өжет ақын туралы әңгімелер көп екендігіне көзіміз жетті. Біз бірақ оларды толық қамти алмадық. Қолымызға түскендерінің тарихи, әдеби қажеттілерін ғана осы еңбекке тұңғыш рет енгіздік.
Қазақ Орталық мемлекеттік архивінде Исатай мен Мақамбет бастаған шаруалар көтерілісіне қатысты араб әрпімен жазылған қазақ, ноғай тілдерінде көптеген құжаттар бар. Бірақ оларды оқитын архивте бірден-бір маман адам болмады. Ал зерттеушілер орыс тіліне шала-шарпы аударылған құжаттарды пайдаланып келеді. Сондай-ақ осы құжаттарды (білетін кәрияларға оқытып) пленкаға түсіріп, немесе фотоқағазға бастырып алайық десек архивте оған да мүмкіндік шамалы, кедергі көп. Әсіресе шаруалардың арыз, шағымдары жинақ болып басылмай келеді.
Әдебиетшілер арасынан Әнес Сарай “Исатай – Махамбет тарихы” атты көлемді еңбек жазған және оны “зерттеу” деген (12). Тарих деген ғылым, оның авторға өз талабы бар, зерттеу әдістері, жазылғанын дәлелдеу, пікірін жинақтау, тұжырымдап, қорытындылау бар. Әдебиетшілер, журналистер, өлкетанушылар бұны ескере бермейді. Тарих ғылымының ең басты талаптарын еске салып атауға мәжбүрміз: автор оқиғаны бұрмаламай, не фактіні жасырмай оқырманға адал болу (добросовестность автора), баяндау деректі болуын, яғни еңбектің ғылыми аппараты болуын қамтамасыз ету, сылдыр сөз дәлелі болмайды, оқиғаны басынан аяғына дейін бірізбен біртіндеп жазу, құжаттарды, фактілерді тексеру, қайта тексеру (проверка и перепроверка) т.б. Міне Е.Бекмаханов т.б. дамытқан. Қазақ тарих ғылымының жетістігімен авторға деген талабы осындай. Бұларды осы күні әдебиетші, кейбір тарихшы профессорлардың орындамайтыны белең алғаны өкінішті. Оны Бөкей ордасының 200 жылдығын қарсылау, Жәңгір ханды еш дерексіз дәріптеу науқаны анық көрсетті. Міне осы олқылықтар Ә.Сарайдың кітабында кеңінен орын алғаны қинайды. Автор ешбір архив дерегін пайдаланбай, өз білімділігімен жазған. Оның сөзі “құранның сөзі” емес қой! Менің “Исатай-Мақамбет” деген 12 б.п. қолжазбам автордың қолын да 1993-шіж. бірнеше ай игеруіге болатын еді. Зерттеу болғасын фактілерді, оқиғаны ғылыми сарапқа салуы тиіс еді. Ол көрінбейді. Тіпті басқа мәселеге ауысып, “Сарайшық” қаласы, Едіге т.б. жөнінде: Сарайшық маңында Едіге Тоқтамысұлы құдай – бердіден өлімші болып жеңіліп, жараланып Ұлытауға барып дүние озған, - дейді (12:42) дерегін атамайды. Араб тарихшысы Әл Айни ХҮ-ғ. Сарайшықта болып, Едігені Жайықта паршалап шауып өлтірген, - депті. (13:532) Бұл жерде Едіге, Ақназар туралы әңгіменің қажеті не? Жәңгір ханның әйелдері, балалары жөнінде ала-құла қате әңгіме көп: 1-сі Қарауыл хожаның қызы Жүсім т.б. ( :43). Жәңгір “ел тірлігін, оны орыстың ел басқару жүйесіне жақындатудың жолдарын жасады,” – дейді. (14:49) Қашан. Бұл жөнінде мысалда, деректе атамайды. 1824-ші ж. өзінде-ақ жәрмеңке ашылды. “Сауда-саттықты көбейту үшін мол қаржы жұмсады”, “…қырда пішен шауып, ағаш отырғызуды” … медресе салдыруды ашық айта бастады” - дейді автор (15:49). 1820-ші ж. губернатор Эссен П.К. Шөпшағылмен (Чанчачи), ұялыдан базар ашу туралы жарлық берген, бұларда, Жасқұста (1831ж.) сауда пунктерін салуға қаржыны Орынбор берген. Бұның бәрі белгілі жәй, оны еш дерексіз Жәңгірге телу патша авторларынан қалған. Немесе “1827-ші ж. Жәңгір Жасқұста Орда қаласын тұрғызатынын мәлімдейді”, “1820-ші ж. Кіші жүздің батыс бөлігін билеуші Шыңғали Орманов пен патша әкімшілігі арасында бір түсінбеушілік болған” Бұның бәрі қате. (51 бет) Жәңгір прогреске ұмтылды дегендей дәлілсіз мақтаған шикі мәліметтер көп, қайсы бірін айтасың. Біреудің мінін қаза беруде абырой бермейтін іс қой көптен үндемей келгем. Енді Мақамбет келбетін толық, күмәнсіз, дәлелді етіп беруіміз керек. Олай болса көптеген популистердің беті жүзіне қарауға болмайды, оқырманды шатастырмай, шынын жазайық. Жәңгір ел басқаруды финанс-сауда жүйесін т.б. өзгертті деп дәлелсіз сөзді айта беру, халық ханды түсінбеді деп басқаның жалған пікірін айту жауапсыздық қой. Халықты оқымақ, ханды ақылды ету деген сөз. Сондай-ақ Мақамбет, оның туыстары жөнінде де қателер кездеседі. 1825-1826-ші ж.ж. Тоқтамыс қайтыс болды. (101 бет)… Мақамбет Жәңгірге оппозиция топтың ықпалына ілесті. Оның басы бүлікшіл Қайыпқали Есім ұлы елі де, білдірмей қозғаушысы төренің ерқара батыры Шыман Орманұлы еді” “…Қ.Есімұлының мақсаты – елді Ішкі Ордадан көшіріп алып кетіп, өздері хан болып елді билеу еді” “Қ.Есімұлының мақсаты – елді Ішкі Ордадан көшіріп алып кетіп, өздері хан болып елді билеу еді” (102 бет) Бұл патша авторларының сөзі, Ә.Сарай тексермей отыр. Көтерілістің насихатшысы болғаны үшін Мақамбет 1829-ші ж. Калмыков түрмесіне қамалды - депті. (102-103б.б.) Ал, басқа авторлар Мақаң көтеріліске қатыспады дейді. Қайсысына сенеміз. Ә.Сарай ханның “өз халқын талауын” (Ж.Қасымбаев сөзі) әшкерелемей, сылап-сипап Жәңгірді погрессшіл еткен. Үш көтерілістің негізгі себептерін тайсақтап, аша алмаған. Тарихи оқиғаны, тұлғаны оқырман сенетіндей етіп, архив дерегіне сүйеніп жазу пайдалы. Автор көп еңбек еткен. Бірақ мәдени-ағарту, оқу орындары аңызға құрылған бұл кітапты пайдалануы қиын, жаңсақ мәлімет көп қайсы бірін тізесің.
Достарыңызбен бөлісу: |