Дипломдық ЖҰмыс 5В010300-Педагогика және психология Шымкент, 2022 ф-19-01/02



бет5/10
Дата16.01.2023
өлшемі142,93 Kb.
#165620
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Арзимат
шар, Функцияның экстремумы, 8fd72771-9bd8-4d29-8a52-b155ffdb5f7d, «Ел рәміздері – еркіндік нышаны», 1, стандартты программалар , Компьютердің негізгі құрылғылар, желілік операциялық жүйе, Үлеспен таныстыру әдістемесі. Саның үлесін, үлесі бойынша санды табу, Үлеспен таныстыру әдістемесі. Саның үлесін, үлесі бойынша санды табу, МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДА ҚАРАПАЙЫМ МАТЕМАТИКАЛЫҚ ҰҒЫМДАРДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ӘСЕР, Күрделі функцияның туындысы, Күрделі функцияның туындысы, Үлеспен таныстыру әдістемесі. Санның үлесін, үлесі бойынша санды табу, работа
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиет тізімінен тұрады.


1 ҚАЗАҚСТАНДА ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ




    1. Ғылыми-педагогикалық институттың қалыптасуының саяси-әлеуметтік және педагогикалық алғышарттары

Қоғамның ырғақты дамуы үшін қажетті алғышарттар сан алуан. Оған экономикалық ұйымдастырылуы, қоғамдық қатынастар, саяси құрылым, геосаяси жағдай, демократия мен заңдылықтың сақталуы, табиғи-климаттық ерекшеліктер – бәрі тікелей әсер етеді. Осынау алғашарттар ішінде білімнің алар орны ерекше. Білім экономикалық потенциалдық өсуіне, еңбек өнімділігін артыруға адамдардың, әсіресе жастардың ой-өрісін, ішкі дүниесін қалыптастыруға пәрменді ықпалы бар шарт екені нақты есептеулермен де, териялық тұжырымдармен де әлденеше дәлелденді [4].


Енді, осы білім беру ісінің дамуына әсер етуші, соның ішінде, ХХ ғасырдың басындағы оқу-ағарту саласын зерттеген ғалымдар еңбектері мен педагогика тарихын саралай келе, Ұлттық білім беру академиясының қалыптасуына әсер еткен алғышарттарын анықтап көрсеттік. Ғылыми зерттеулерге сүйене отырып айқындалған алғышарттар: 1) қоғамдық-тарихи; 2) педагогикалық; 3) ғылыми-әдістемелік.
Осы аталған алғышарттарға ғылыми-педагогикалық тұрғыдан талдау жасаймыз.
1) Қоғамдық-тарихи алғышарттар.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының қалыптасуына және дамуына ықпал еткен осы алғышарттарды саралап қарасақ, білім беру ісіне ең бірінші ықпал ететін алғышарт – бұл қоғамда болып жатқан қоғамдық-тарихи өзгерістер. ХХ ғасырдың бірінші жартысында еліміздің ішкі жағдайында оқиғалар болды. Атап өтетін болсақ 1917 жылғы Ақпан, қазан төңкерістері. 1917 жылы өкімет басына келген Уақытша Үкіметтің халыққа қарсы бағытталған саясаты, сондай-ақ қазақ өлкесіне Ресейден ағылған ақ гвардияшылардың елді талан-таражға түсіруі Қазақстан экономикасына көп зиянын тигізді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі өте төмендеп кетті. Азық-түлік пен ең қажетті заттардың тапшылығы қаты білінді, қағаз ақшаның құны құлдырады. 20-жылдары елімізде шаруашылықтың қай саласы болмасын соғыс мұқтажына бағытталып, елде электр станцияларын салу, көмір, мұнай, шойын, болат өндіруді қолға алу, жер тыңайтқыштарын өндіру, оны суландыру, тағы да басқа агротехникалық жүргізу шаралары аса қажет болды.
ХХ ғасыр 20-30 жылдары қазақ халқының басынан өткізген ең бір қарама-қайшылықты, қасіретті тарихи кезең болды. Республикада үлен өзгерістер жүргізілді.
1926-1933 жылдар кезеңінде Ф.Голощекиннің «Қазақстандағы кіші қазан төңкерісі» жүзеге асырылды. Оның мәнісі: ұжымдастырамын деп малын, жерін, дүние-мүлкін тәркілеген соң қудалау, жер аудару, соттау, ату, асу болатын.
30 жылдардың екінші жартысынан белең алған репрессиялық саясат халықтың тағы да тыныштығын бұзады. Бұл саясатты жалғыз қазақ халқы басынан өткізген жоқ, ол бүкіл қоғамды қамтыған еді. 1926-1931 жылдары ұлт зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратқан репрессияның бірінші толқыны ұйымдастырылды, 1932 жылы қолдан ұйымдастырған аштықпен халықтың жартысын қырып жіберуге қол жеткізді.
1929 жылдың қараша айында ВКП (б) Қазақ Өлкелік Комитеті отырықшыландыруды жоспарлау арнайы шешім қабылдады. Қазақстандағы отырықшыландыру мәселесі Қазақ Орталық Атқару Комитетінің 1930 жылғы қаңтар айының 2-сессиясында кеңінен талқыланды. Аталған шешімдерді іске асыру мақсатында 1930 жылдың 9 қаңтарда ҚазАССР Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен ҚазАССР Халық Комиссарлар Кеңесі жанынан көшпелі және жартылай көшпелі қазақ тұрғындарын отырықшыландыру комитеті құрылды [5]. 1932 жылғы жаппай ашаршылық ауыл шаруашылығын зорлап ұжымдастыру көшпелі жне жартылай көшпелі қазақ шаруаларын ешбір дайындықсыз, күшпен отырықшыландыру Қазақстанда күштеп жүзеге асырған «Кіші қазан» бағыты және осылардан туындаған салдарлар 1932 жылы Қазақстандағы жапай ашаршылыққа әкеп соқты. Аштықтан тікелей қырылған қазақтар саны екі миллионға жуық болса, қазақстаннан тыс жерлерге көшіп кеткен босқындар саны 1 млн. 100 мыңдай шамасында болады [6].
ХХ ғасырдың басында Қазақстанның қоғамдық-тарихи дамуында болған осындай өзгерістер қазақ халқының рухани өміріне терең әсерін тигізіп, білім беру жүйесіне өз әсерін тигізді.
2) Педагогикалық алғышарттар. Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстанда көптеген өзгерістер енді. Үкіметтің және халыққа білім беру органдарының тынымсыз қамқорлығы арқасында қысқа мерзімде мектептер, мектептен тыс ұйымдар, балалар мекемелерін құруда үлкен табыстарға қол жетті. 1920 жылы қазан айында Орынборда «Қырғыз (Қазақ) АКСР еңбекшілерінің құқық декларациясын» – жас республиканың бірінші конституциялық актін бекіткен Қазақ АКСР кеңестерінің төтенше съезі болды. Съезде қабылданған декларацияда; «Еңбекшілердің білім алуына жол ашу мақсатында жұмысшыларға, кедей шаруаларға және қырғыз (Қазақ) халқының барлық еңбекші бұқарасына толық, жан-жақты және тегін білім беру міндеттерін қою; халықтың сауатсыздығын жоюмен бір уақытта және өскелең жас ұрпақтың жан-жақты, денсаулығының мықты және рухани дамуын қамтамасыз етуге кірісу» айтылды.
1918 жылы наурызда Түркістан өлкесінің Халком кеңесі өзінің декретін жариялады. 1918 жылы маусымның ортасында халыққа білім беру жөніндегі Өлкелік кеңестің орнына Түркістан ағарту комиссариаты құрылды. Ағарту комиссариатына көп ұлтты халық бар өлкенің ұланғайыр аумағында мәдени-ағарту мекемелері, ана тілінде сабақ беретін және ғылым талаптарына жауап беретін жаңа бағдарламалар бойынша оқытатын мектептер жүйесін құру жүктелді.
1918 жылы 16 қазанда БОАК (ВЦИК) декретімен бекітілген еңбек мектебі туралы Декларацияда мектептерді бастауыш, гимназия, реальды училище деп бөлуді қысқарту туралы айтылып, екі сатылы біртұтас еңбек мектебі енгізілді: бірінші сатыда- 8 жастан 13 жасқа дейін балалар үшін 5 жыл оқу және екінші сатыда- 13 жас пен 17 жас арасындағы балалар үшін 4 жылдық оқу белгіленді. Сөйтіп, 12 жылдық оқу мерзімінің орнына 9 жылдық оқуды енгізу бұқара балаларына оқуды жеңілдету мақсатынан туындады. Оқу тегін, ұлдар мен қыздар үшін бірдей деп хабарландырылды. Политехникалық білімнің қажеттілігі жария етілді. Халыққа білім беруді ұйымдастырумен байланысты, күрделі мәселелерді шешу кеңестердің облыстық съезінің талқылауына ұсынылды. Жер-жерде ликбездер, курстар, кешкі мектептер, өз бетімен білім алу үйірмелері ұйымдастырыла бастады. Барлық деңгейдегі және ведомстволардағы мектептер оқуға тілек білдірушілерді жасына, ұлтына, дініне қарамастан қарсы алды, елде оқуға деген талпыныс жоғары болды.
Кеңес өкіметінің мәдениет мәселелері жөніндегі бірінші маңызды декреттерінің қатарында РСФСР Халық ағартукомының «Аз ұлттардың мектептері туралы» қаулысы да болды. Осыған сәйкес 1918 жылы тамызда Қазақ республикасының ОАК (ЦИК) мектептерде оқытуды ана тіліне көшіру туралы декреті жарияланды, ал қараша айында «Түркістан мектептерінің құрылымы туралы ереже» жарық көрді.
Қ.Құнантаева «Қазақстанда халыққа білім беру ісінің дамуы (1917-1990ж.ж.)» атты еңбегінде: «Еңбек мектебінің мақсаты - балаларға тәжірибе жүзінде еңбектің барлық маңызды түрлерінің әдістерімен, бір бөлігі оқу шеберханасында немесе мектеп фермасында, бір бөлігі фабрикаларда, заводтарда политехникалық білім беру жүйесінде іске асты. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының денесінің дамуы және эстетикалық тәрбие беру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Революцияға дейінгі мектептерде қолданылған оқушыларды жазалаудың барлық түрлері алынып тасталды» деп көрсеткен [7].
1918 жылы 10 сәуірде Түркістан өлкесінің халыққа білім беру жөніндегі комиссарының бұйрығымен барлық мектептерде педагогтік және әкімшілік-педагогтік қызметшілерге сайлау өткізу жөнінде ұсыныс енгізілді. Мұғалімдерге халыққа білім берудің жергілікті кеңестеріне бағыныштылығы туралы өтініш жазу ұсынылды.
Барлық ұлттарға біртұтас еңбек мектептерін ашу жөнінде құқық берілді. Мысалы, қазақ мектептерінде ана тілінен басқа орыс тілін, сондай-ақ арифметика, география, тарих, жаратылыстану, сурет, ән-күй сабақтары оқытылды. Қазақ-орыс (аралас) мектептері құрылды. Ал Қазақстанның оңтүстік облыстарында басқа мектептермен қатар өзбек, ұйғыр мектептері дүниеге келді.
1918 жылы Ташкентте халыққа білім беру жөніндегі Бүкілресейлік съездің шешімдерін толық қуаттаған Түркістан өлкесінің халыққа білім беру қызметкерлерінің съезі болды. Биліктің жергілікті Кеңестердің қолына өтуімен байланысты жаңа типті мемлекеттік оқу орындарының бүкіл құқығына ие болған қазақ тілінде оқытатын мектептер ашыла бастады. Жергілікті халықтың білім алуға деген қызығушылығы жыл сайын арта түсті. Әсіресе, 1919 жылдың екінші жартысы мен 1920 жылдың бірінші жартысында жаңа мектептерді ашуға деген қазақ халқының аса маңызды талпынысы байқалды. Қазақстан халқы мектептер үшін үй тұрғызуға, оны жабдықтауға ерікті түрде қатысты. Мектеп құрылысына байланысты халыққа білім беру бөлімдерінің үндеулерін қызу қолдады. Қазақстан комсомолы мектептер тұрғызуда үлкен белсенділік көрсетті.
1919 жылы наурызда РК(б)П-ның съезінде партияның бағдарламасы қабылданды. Халыққа білім беру, ағарту саясатында РК(б)П 1917 жылғы қазан төңкерісінен бастап мектептерді буржуазиялық үстемдік тап қаруынан, қоғамдық тапқа бөлуді жоюдың қаруына, қоғамдық коммунистік қайта жаңарту қаруына айналдыру ісін соңына дейін жүргізу шартын алға қойды [8].
1920 жылы шілдеде сауатсыздықты жою бойынша төтенше комиссия құрылды. 1921 жылы 26 шілдеде ҚазОАК (ЦИК) 16 мен 51 жасқа дейінгі аралықтағы барлық білімді адамдарды сауатсыздықты жою жұмысына қатыстыру туралы қаулысы қабылданды.
1920 жылы қазанда Қырғыз әскери-революциялық комитеті халыққа білім беру бөлімінің базасында Қазақ КСР-інің ағарту халық комиссариатын құрды. 1920 жылдың желтоқсанында қазақ халық ағарту комиссариаты жанынан үш бөлім: мектеп, мектептен тыс және балаларды қорғау бөлімі ашылды.
Мектеп жүйесінің қарқынды өсуі педагогтардың көп болуын талап етті. 1921 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанда төрт халыққа білім беру институты жұмыс істей бастады. Орынборда жалпы саны 360 адамдық (орысша, татар - 223 адам. Қазақ - 140 адам), Семейде аралас - 190 адам. Олар бар болғаны 550 адамды қамтиды.
Алайда, 1922 жылдан КСРО тарихына енген партия мен мемлекет ішіндегі, сондай-ақ кейбір жерлердегі күрделі драмалық күрестерде жаңа мелекетттік білім беруге ұмтылған көп ұлтты зиялы қауымы өкілдері «кеңестік бірыңғай мектебі», «кеңестік бірыңғай мектебінің құрылымы» деп аталатын жаңа мектеп құру идеясын берік ұстанды. Сонымен қатар ұлттық мектептер құру туралы да пікір туды. «Ұлттық мектеп туралы» Халық комиссариат қаулысында «Ресей Социалистік Федеративтік республикасында тұратын ұлттар Кеңестік бірыңғай мектебінде және Жоғары мектепте өз туған тілдерінде оқытуды ұйымдастыруға құқылы» делінген. Осылайша, 20-жылдардың басында зиялы қауым арасында «Кеңестік бірыңғай мектебі дегеніміз не?», «Оның мәні неде?», «Мектептің бірыңғай болуы дегеніміз не?» деген сұрақтар төңірегінде пікірталас өрбіді. Бұл сұрақтарға А.В.Луначарский, Н.К.Крупскпя сияқты партия және мемлекет тарпынан мынандай жауаптар да берілді: «Бірыңғай метеп» балабақшадан университетке дейін білім беретін мектептер жүйесі, яғни бір мектеп, үздіксіз саты. Ол балабақшадан университетке дейін ана тілінде оқытатын және тәрбиелейтін ұлттық мектеп» [9].
Барлық мектептерде Қызыл календарь күндері аталып өтілді. Пионер отрядтарының жұмысы қанат жайды. Пионерлердің клуб күндері ұйымдастырылады. Қыздармен жұмыс істеудің бірінші тәжірибелері насихатталды. Еңбек тәрбиесі қалалық, сондай-ақ ауылдық мектептерде де жан-жақты мадақталды. Мектептерде оқытудың сапасын арттыру, оқу жылының ұзақтығын қысқарту, әдістемелік жетекшілікті нығайту, қазақ шаруалары арасында мектептің беделін көтеру үшін күрес жүргізілді. Мектептегі ата-аналар кеңесінің және педагогтік ұжымдардың қызметін жандандыру шаралары қабылданды, ауыл мен село мұғалімдерінің құқықтық және материалдық жағдайы жақсарды.
1925 жылы мамырда «Сауатсыздық жойылсын» қоғамының Бүкілқазақстандық бірінші съезі өтті. Әсіресе, республика үшін қажетті мамандықтар игеруді назарға алатын жаңа мектептер ашылды.
1924-1925 жылдары мектепті қаржыландыру біршама жақсарып, одан әрі қарай қазақ мектептерінің өсуіне ықпал етті. Қазақ КСР-інде мектептер РСФСР қабылдаған жүйе бойынша, жергілікті жағдайларға байланысты өзгертулер енгізу арқылы тұрғызылды. Қазақстанда: бір сатылы 4 жылдық білім беретін мектеп; екі шоғырдан тұратын: бірінші және екінші сатылы жеті жылдықты құрайтын мектепте қосымша 2 жылдық үшінші сатылы мектептер (тоғызжылдық) ұйымдастырылды.
Қазақстанда сондай-ақ үш жылдық оқу мен шаруа жастарының мектебі (ШЖМ) болды. 1926 жылы Қазақстанда сауаттылық 25,2 пайызды, ал тұтасымен КСРО-да - 56,6 пайызды құрады.
Республикада 1927 жылғы 15 желтоқсандағы жүргізілген санақтың деректері бойынша, Қазақстанда бастауыш оқумен қазақ балаларының тек қана 20 пайызы қамтылды. Республикада барлық типті 4092 мектепте 277087 оқушы оқыды. Осыған дейін 1926 жылы мамыр айының өзінде Қазақ АКСР Халық Комиссарлар кеңесі бірінші «Қазақ АКСР біртұтас еңбек мектебінің жарғысын қабылдады. Онда 8 жастан 17 жасқа дейінгі балаларды оқыту, ұлдар мен қыздарды бірге оқыту, мектепте қандай болмасын дінді оқытуға жол бермеу, онжылдық оқу мерзімі қарастырылды» [7].
«Бірақ орыс-қазақ мектебі, – деп жазды профессор Т.Тәжібаев, – үстем таптың үмітін ақтай алмады, сондықтан да көп қолдау таба алмады. Патша өкіметінің мақсаты орыс-қазақ және орыс-түзем мектептері арқылы өздерінің отарлау саясатын іс жүзінде асыратын үстем тап өкілдерін даярлау мақсаты орындалмады. Бұл мектепті бітірушілердің көбі орысша өз сауатын ашып, патша өкіметінің отарлау саясатымен жақын таныса отырып, езілген бұқара халықтың мүддесін қорғау үшін күресті, ал кейбіреулері алдыңғы қатарлы қазақ интилигенциясының қатарын толтырды» [10].
Қазақ АКСР құрылтай комитеті өзінің қорытынды мәжілісінде Республикалық халық комиссарлар Кеңесін ұйымдастырды.
Қазақ АКСР халық ағату комиссариатының алғашқы ұйымдасқан кезде оның алдында төмендегідей міндеттер жүктелді: мектеп жүйесін ұйымдастыру және дамыту, мектептің материалдық базасын құру, мұғалім кадрлармен қамтамасыз ету, әдістемелік мәселелерді талдау, мұғалім жұмысына әдістемелік басшылықты ұйымдастыру, ана тілінде оқу-әдістемелік әдебиеттерді дайындау.
Халық ағату комиссариатының құрылымы туралы айтқанда , ең алдымен Халық ағарту комиссариатының әлеуметтік тәрбие Бас басқармасы, саяси-тәрбие жұмысы Бас басқармасы, кәсіптік-техникалық білім беру Бас басқармасы сияқты орындары жұмыс жасады. Бұдан басқа ғылым мен өнерге басшылықты дамыту мақсатында Академиялық орталық ұйымдасты. Өзінің ұйымдасқан алғашқы қадамдарынан бастап, республика халық ағарту комиссариаты халыққа білім беру ісінің өзекті мәселелерін талдаумен айналысты.
Халық ағату комиссариаты сол кезеңде көптеген проблемалармен айналысты: оның құрамында білім берудің барлық түрлері, сауатсыздықты жою мәселелері, жоғары мектеп пен ғылым мекмелері жұмысы, мәдени ағарту жұмысы, өнер, баспа қызметі болды.
Республика Халық ағарту комиссариатының алғашқы ұйымдасқан кезінде оның жұмысына белсене ат салысқан Қазақстанда халық ағарту ісімен педагогика ғылымының көрнекті қайраткерлері А.Байт, С.Меңдешев, Н.Манаев, М.Жолдыбаев, Ә.Сытдықов т.б. ерекше атауға болады.
Ағартушы-педагог А.Байтұрсынов тұңғыш қазақ республикасының Халық ағату комиссариаты (1920-1921 ж.) болып жұмыс істеді. Содан кейін Акдемиялық орталық ұйымдасқанда, оның төрағасы мен ғылыми қызметкері ретінде (1921-1922 ж.) қызмет атқарды, қазақ өлкесінің зерттеу қоғамының төрағасы, Халық ағату комиссариатының ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарып, Халық ағату комиссариаты мен Акдемиялық орталықтың жұмысын ұйымдастырды және оның төңірегіне талантты қазақтың зиялы қауымын топтастыруды біршама жұмысты жүргізді.
3) Ғылыми-әдістемелік алғышарт. Ендігі кезекте осы жаппай ашылып жатқан мектептерді оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету мәселесі алға қойылды.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында мектептер оқу жоспарынсыз, бағдарламасыз және оқулықтарсыз жұмыс жасады. Бұл оқу жұмысында үлкен қиыншылықтар туғызды.
1919 жылы «Білім беру жұмыстарына арналған материалдар» атты басылым шықты. Бұл бағдарламалық-әдістемелік материал барлық пәндерді қамтыды деп айтуға болады. Оның үлкен жетістігі – бағдарлама әрбір пәнге бөлек берілді, ал оның басты кемшілігі – ойларды пайдалану міндетті емес болды. Халыққа білім беру бөлімі бұл материалдар негізінде барлық пәндерге нақты қолданылатын әрбір бөлек жағдайында, аудан, тіпті мектеп жағдайына сәйкес бағдарлама құрастыруды ұсынды (оны Қазақстан халыққа білім беру бөлімдерінің кейбіреулері пайдаланды, мәселен, Сырдария, Жетісу және т.б). 1920 жылы РСФСР Халық Ағарту комиссариаты 1 және 2-ші сатылы мектептер үшін екі нұсқалы оқу жоспарын шығарды: біреуі –мұғалімдер жетіспейтін қиын материалдық жағдайда жұмыс жасайтын мектептер үшін, екіншісі – қалыпты жағдайда жұмыс жасайтын мектептер үшін максимум-жоспар [11].
Осының негізінде 1921 жылы Халық ағарту комиссриатының жанынан Оқу-әдістемелік кеңес құрылды, оны Академиялық орталық деп те атады. Бұл орталыққа белгілі педагог ғалым М.Жолдыбаев басшылық етті.
Академиялық орталық негізінен Халық ағарту комиссариатының ғылыми, оқу-әдістемелік, ағартушылық қызметіне жалпы теориялық және бағдарламалық басшылық жасады.
Академиялық орталық айналысқан негізгі мәселелерге мыналар жатады: әртүрлі халық ағарту мекемелері үшін жоспарлар жасау, ғылыми мекемелердің қызметінің бағдарламаларын талдау, қазақстанның барлық оқу орындары үшін оқу жоспарлары мен бағдарламалар жасау, оның ішінде педагогикалық оқу орындары үшін де ерекше мән берілді. Ғылыми-әдістемелік жұмыс саласында орталықтың ең негізгі жұмысы жергілікті өлкенің мектептері мен оқу орындары үшін оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдар бастырып шығару болып табылды. Жергілікті өлкенің жағдайында сол кездегі мектеп пен халық ағарту ісінің жәйі орталық алдына әртүрлі міндеттерді жүктеді. Ол міндеттердің ішінде негізгілері мыналар:

  • Мектептер мен жоғары оқу орындарын қазақ тілінде оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету;

  • Барлық метептердің, жоғары оқу орындарының оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жергілікті жағдайға бейімдеу;

  • Жаңа мектептің мақсаттарын іске асыруда мұғалімдер басшылыққа алатын әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету;

Мұғалімдерді саяси және педагогикалық жағынан қайта даярлауға басшылық еткен [12, 350 б].
Қазақ АССР Халық Ағарту комиссариатының есеп материалдары бойынша 1922\23 оқу жылдарында мектептер пәндік бағдарламалар бойынша оқу сабақтарын өткізгендігін көруге болады.
1924 жылы пәндік бағдарлама құру бастауыш мектеп мұғалімдері үшін неғұрлым тиімді әрі жақын болды, бірақ мазмұнымен негізгі бағыттары бойынша бұл бағдарламада көптеген кемшіліктер болды. Бағдарлама оқу мен тәрбиенің тәжірибесімен байланысын орнатуға бағдар жасамды, қазақ бастауыш мектептерінде орыс тілін оқыту мәселесі қойылмады. 1924 жылғы бағдарламалар негізінен артта қалған көшпелі мал шаруашылығы жағдайларында оқуға байланысты жасақталғаны көрініп тұрды. Сонымен, 1924\25 оқу жылдарында (және өткен жылдар да) республика мектептерінде оқу-тәрбие жұмыстары бағдарламасына қатысты ортақ талаптардың болмағанын көруге болады.
Мемлекеттік ғылыми кеңес бағдарламасы бойынша республика мектептерінің жеке жұмыстары тәжірибе материалдарын жинауды ұйымдастыра отырып, қазақ бастауыш мектептеріне арналған жан-жақты (комплексті) бағдарламаларды құрастыру жұмысына басшылық Қазақ АКРО ХАК-сы 1925 жылдың аяғында ғана қолға алды. Бұл материалдар негізінде (Оренбург, Ташкент, Петропавл және Қызылорда және т.б. қазақ мектептерінің жұмыс тәжірибелерінен алынған) Халық Ағарту комиссариатының Академиялық орталығы 1926 жылы алғаш рет комплексті бағдарламаларды басып шығарды. Ол тұңғыш рет «Жаңа мектеп» атты ғылыми-педагогикалық журналында жарық көрді. Академиялық орталық дайындаған комплексті бағдарламасы мен Мемлекеттік ғылыми кеңестің бағдарламасы арасында жүйесі мен бағытында көптеген айырмашылықтар болды. Бұл ерекшеліктер қазақ мектептеріндегі нақты жағдайларды ескере отырып, ауылдың тұрмысы мен экономикасын түсіндіретіндей өлкетану материалдарын енгізілуінде болды. Мемлекеттік ғылыми кеңестің бағдарламасында қиын, аз мағлұматтар беретін түсініктер неғұрлым қарапайым, айқын, пайдалы материалдармен алмастырылды. Мысалы, тақырыбы: «Өндіріс, алмасу, ауылдан қалаға кету» неғұрлым толығырақ шешілді: «Кім ауылдан қалаға келді?» Ол қалаға не алып келді? Ол қандай заттар алып ауылға оралады? Ауыл қалаға не береді?» және т.б. Мемлекеттік ғылыми кеңестің бағдарламасымен салыстырғанда Академиялық орталық бағдарламасында барлық тақырыптар жеткілікті толығырақ ашылған, тіпті ұсақ тақырыпшаларға да көңіл бөлінген. Бұл бағдарлама қазақ мектептеріне мұғалімдердің әлсіз даярлығын есепке алып жасалған. Салыстырмалы түрде Мемлекеттік ғылыми кеңестің комплексті бағдарламасы мен Академиялық орталықтың оқу жылының бірінші жартыжылдығының 1 тобына арналған бағдарламаларының тізімін келтірейік.
Мемлекеттік ғылыми кеңестің бағдарламасының комплексті тақырыптары:

  1. Баланың жаздағы мектепке дейінгі өмірі.

  2. Мектеппен және оның жұмысымен танысу.

  3. Денсаулық сақтау.

  4. Қысқа дайындық.

  5. Қазан төңкерісі.

  6. Қыстағы өмір.

  7. Өтілген жұмыстарды тексеру.

Академиялық орталық бағдарламасының комплексті тақырыптары:

  1. Мектеп, бала және жанұя.

  2. Күздегі өмір.

  3. Күзгі революциялық мейрамдар.

  4. Қыстың түсуі.

  5. Қыстың басталуы [13].

Бұл жерде осы академиялық орталықтың басқарған ғалым А.Байтұрсыновтың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Себебі, оның араласуымен көптеген жаңа бағдарламалар дүниеге келді.
Қазақстан мектептерін жаңа бағдарлама, оқулықтармен қамтамасыз ету мақсатымен Академиялық орталықтың мүшелері, ұлы педагогтар мен ғалымдар, жазушылар А.Байтұрсынұлы, С.Сейфулин, Қ.Жұбанов, А.Сытдықов, Ш.Сарыбаев т.б. оқулық жазуға аянбай атсалысып, қазақ елінде тұңғыш рет түпнұсқа, оқулық, бағдарламалар жасап, балаларға арналған ауыз әдебиеті шығармалар жинағы, хрестоматиялық оқулықтар жасағаны мәлім.
20-жылдары мектеп құрылымында, әсіресе білім мазмұнында (бағдарлама, оқулық, әдістемелік құрал жасауда) көптеген қиындықтар туды. Мұның барлығы ұлттық білім беру жүйесіне кері әсерін тигізбей қоймады.
Осы жағдайлар, әрине, Ы.Алтынсарин атынағы Ұлттық білім беру академиясының қалыптасып, дамуына өз әсерін тигізді. Енді бұл кезеңдегі шығарылған нормативтік-құжаттарға шолу жасайтын болсақ, акдемияның дамуына әсерін тигізген құжаттар – 1930 жылы 14 тамызда «Барлығына міндетті бастауыш білім беру» Заңы бойынша, 1931 жылы 5-қыркүйектегі «Бастауыш және орта мектеп туралы» қаулы бойынша, 1932 жылы 25- тамыздағы «Оқу бағдарламасы және бастауыш пен орта мектеп режимі» атты тарихи қаулылары бойынша партия мүшелері, жергілікті жердің кеңестері, халық ағарту қызметкерлер ағарту саласын дамыта түсті және оқу бағдарламасын мен оқулықтар, оқытудың әдістемесі мен формасын қайта қарастырды. 1932 жылы 5-қаңтарда жеке пәндерді оқыту әдістемесі, ұлттық метептер үшін оқу бағдарламасы мұғалімдер конференциясына талқылануға жіберілгенін ағартушы С.Меңдешев «Бастауыш және орта мектеп туралы» қаулының орындалуы туралы баяндағанда айтып өткен.
Ол СССР СНК және Орталық атқару комитетінің шешімімен 1930 жылы 14 тамыздан бастап бекітіліп, заңдастырылды.
«Жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу жөніндегі үш тармағында былай делінген:

  1. СССР одағында жаппай 8, 9, 10 жастағыларды төрт жылдық бастауыш мектеп курсы көлемінен кем емес, жалпыға ортақ түрде оқытудың 1930-1931 жылдан бастап енгізу. Бұған сәйкес қазіргі уақытта мектепте оқымайтын барлық оқушыларды 1930 жылы күзде еңбек мектептеріне қабылдау. 1930-1931 оқу жылдары жасына қарамастан, бұл мектепте оқитындардың барлығы міндетті түрде 1 сатылы мектеп курстарынан өту бекітілсін (еңбек мектептерінің алғашқы төрт тобы).

  2. 1930-1931 жылдардан бастап алғашқы төрт топтың еңбек мектептерінен өтпеген 11 ден 15 жасқа дейінгі барлық балаларға (ер балалар және қыз балалар) міндетті түрде оқуды енгізу. Оларға мектеп жанынан топтар және арнайы жеделдетілген біржылдық, екі жылдық арнайы мектеп-курстарды ұйымдастыру (олардың дайындығына байланысты).

1930-1931 жылдардан бастап 1929-1930 жылдары 1 сатылы мектепті бітіргендерге (еңбек мектептерінің алғашқы төрт тобы) барлық балаларға жеті жылдық мектеп курсынан міндетті түрде өтуді бекітіп, жұмысшы поселкелері мен фабрикалық-заводтық, шаруашылық қалаларында жалпыға бірдей бастауыш білім беруді жеті жылдық мектептер көлемінде оқытуды енгізді [14].
Бұл заң бойынша мектеп жасына жеткен, бірақ әртүрлі себептермен бұрын мектепте қамтылмаған жеткіншектер, оқуға міндетті болған. 1930 жылдың 27 тамызында Қазақ АССР Орталық Атқару комитеті және Советтің халық коммисарлары мен «Міндетті түрде бастауыш оқу жөнінде» заң қабылданды. Заң 1930-31 жылдардан бастап іске асырылуы қажет болды. Міндеттелген бастауыш білім беруге 8-11 жас және одан үлкен жастағылардың да оқуы қажет болды.
Бастауыш білім беру науқанының бәсең тартпауына БЛКЖО Орталық комитетінің 1931 жылғы 5 қыркүйекте қабылдаған «Бастауыш және орта мектеп туралы» қаулысы оң әсер еткені сөзсіз. Партиялық құжат мектептерде оқылатын пәндерге жаңа бағдарлама жасауға тапсырма берді және қоғамдық пайдалы еңбекке үлкен көңіл бөлінді. ВК(б)П Орталық комитетінің қаулысы қабылданған кезінде Қазақстанда артта қалған аудандарға мәдени жорық жүріп жатты. Жорық 28 ауданы қамтыды. Науқан 1-маусымнан басталып, 60900 баланы бастауыш мектепке баруға көмектесуге тиіс болды. Мәдени жорық сауатсыздықты жою, денсаулық сақтау мекемелерін көбейтіп, мәдени-ағарту орындарының жүйесін кеңейтуді де естен шығармады. Артта қалған аудардарға 700-ге жуық студенттерді, мұғалімдерді, кино механиктерді, дәрігерлерді т.б. мамандарды жіберу ұйғарылды [15].
1932 жылы қазақ метебіне арналған оқулықтарды талқылау жөнінде ең алғашқы конференция өткен. Бұл конференцияда Қазақ пединститутының педагогика кафедрасының меңгерушісі Ш.Альжанов өзінің баяндамасында көптеген оқулық авторлары, мұғалімдер және т.б. оқулықтың мазмұнында ұлттық тақырыптың аздығын, жергілікті жердің ерекшелігі қарастырылмағанын айтқанын баяндаған.
Сол кездегі бірқатар мемлекеттік құжаттарда, халық ағарту саласының қызметкерлері мен ғалым-педагогтардың сөздерінде білім беру, тәрбиелеу үдерісін жетілдіре түсу үшін арнайы ғылыми-әдістемелік орталықтың қажеттігі айтылды. Осының нәтижесінде 1932 жылы Ғылыми-педагогикалық кабинет құрылды. Сөйтіп, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуға ұмтылған ұстаздар қауымы мен мектептерге көмекші болатын, сондағы істеліп жатқан жұмыстардың басын біріктіріп, басшылық жасайтын жеке ғылыми мекеме қажет екендігін өмірдің өзі-ақ талап етті. Болашақ педагогикалық ғылыми-зерттеу институтын ашу туралы мәселе көтерілді, оның ережесі жазылды. Ережеде оқу бағдарламасы, жеке пәндерді оқыту әдістемесі, тәрбие проблемалары, сондай-ақ басқа да ағарту мекмелеріндегі жұмыстардың басын біріктіріп үйлестіру, әдістемелік жетекшілік жасау сияқты мәселелер қамтылған. Аса жауапты жұмыстар ретінде жалпы орта мектепке, тіпті техникумдар мен педагогикалық жоғарғы оқу орындарына оқулық шығару ісін ұйымдастыруға, педагогикалық және көпшілікке арналған еңбектер жазуға баса назар аударылған.
1930 жылдардың басында бүкіл КСРО бойынша мектепке байланысты мәселелердің жүйеленіп, біріге түсуі, Қазақстанда 1933 жылы Республика халық ағарту комиссариаты қармағындағы Ғылыми-педагогикалық кабинеттің негізінде Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының құрылуына алып келді. Институттың алғашқы директоры танымал ағартушы Ш.Әлжанов, ғылыми қызметкерлері- С.Балаубаев, Қ.Жұбанов, Ә.Сытдықов, С.Логинов, С.Меңдешев, Ш.Қоқымбаев, Б.Страхов сияқты белгілі ғалым-педагогтар болды. Алғашқыда оның құрамында не бары үш: бағдарламалық-әдістемелік, педагогикалық, политехникалық сектор және оқулық әдебиеттердің кабинеті болды. Құрамында небәрі 3 қана бөлімі бар бұл институттың алдына асқарлы міндеттер тұрды. Еліміздің білім беру жүйесінің ең өзекті саласы орта мектептерді оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету секілді жауапкершілік жүгі ауыр да абройлы істі алға апару оңай еместі.
Сол кездегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыбынан: «Патшалық колониялық мектептен- Қазақстанның кеңестік политехникалық мектебіне дейін», «Қазақтардың діни сенімдері және мектептегі дінге қарсы тәрбие міндеттері» тағы да басқалардан кеңестік идеологияның әсері, республикалық халық ағарту ісінде туған алғашқы проблемалардың ауқымы анық аңғарылды. Сонымен, бұл бөлімде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім беру академиясының қалыптасуына әсер еткен алғышарттарды саралай отырып, сипаттама жасадық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет