Оқыту бағдарламасы (силлабус) Орал 2020 ж. ДӘрістер кешені


Өзін-өзі тексеру сұрақтары



бет5/36
Дата25.01.2022
өлшемі321,67 Kb.
#114309
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36
Байланысты:
Дефектология ЛЕКЦИЯ (1)

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

  1. «Аномалия» ұғымы нені білдіреді?

  2. Бақылау әдісінің түрлерін атаңыздар?

  3. Экзогенді және эндогенді себептерге жататын факторларды атаңыз?

2 дәріс



Тақырып: Дефектология ғылымының даму тарихы

Дәріс мазмұны:

1. Арнайы оқыту мен тәрбиелеу теориясының дамуы.

2. Дефектология ғылымының даму мәселелері.

3. Ресейдегі арнайы психология саласының даму тарихы.

4.Қазақстандағы арнайы психология саласының даму тарихы.
Алғашқы қауымдағы адамдардың арасында психикалық аурулар болды деп болжам жасауға болады. Олар туралы біз көне грек және көне рим ғалымдарының еңбектерінен, мифологиядан білеміз. Кейбір аңыздар бойынша көне заманда психологиялық аурулар болды деп саналады. Мысалы, Гипократтан басқа көне заманның дәрігерлері (Гален, Аретей т.б.) бірнеше арнайы психологиялық өзгерістердің көріністері туралы жазды. Осы күнге дейін қолданылып жүрген “мания”, “меланхология”, “эпилепсия” (қояншық ауруы) атауларын солар қолданған.

Біздің заманның ІІІ ғасырынан бастап көне Рим және грек мемлекеттері құлап, ғылым мен медицина шіркеудің қарауында болды. Орта ғасырдың әсіресе оның ақырғы жүз жылдықтарында арнайы психология дамымай, мешеулеп қалды. Көне заманғы оқымыстылардың айтқан ақиқаттарын қалпына келтіру үшін жүздеген жылдар қажет болды.

Батыс Европада арнайы психологиялық ауру адамдарға тағылық көзқарас болғанда, шығыс елдерде медицинаның прогресі байқалды. Тарихта алқашқы психиатриялық ауруханалар шығыста ашылды. Алғашқы арнайы психологиялық ауруханалардың Қайырда, Бағдатта, Дамаскіде (Шам-Шахары) ашылғандары туралы ақбарат бар. Жылнама бойынша 854 жылы Қайырда алғашқы арнайы психологиялық аурухана салынған. 1560 жылы Түркияда, Константинопольда Сүлейман сұлтан психикалық ауру адамадарға арнайы, өте қолайлы аурухана салдырды.

Шығыстың аса көрнекті ғалымы Абу-Әли-ибн-Сина (Авиценна) психоздарды дәрілермен емдеумен бірге көңілдерін көтеріп, жұмыс істетіп, өлең айтқызған жөн деп санаған. Оның айтуы бойынша миы шатасқан адамдарға үрей мен жалғыздық залалды болып саналады. Орта ғасырлардағы шығыс елдерінің жері қазіргі Самарқан мен Бұхарадан басталғанын еске алсақ, онда Абу-Әли-ибн-Синаның психикалық ауру адамдарға деген көзқарасы қазіргі Орта Азия мен Қазақстан жеріне әсерін тигізді деп есептеуге болады.

Өткен ғасырдың аяғында батыс психиатриясының аса көрнекті уәкілі ретінде неміс психиатры Крепелинді айтуға болады. Батыста алғашқылардың бірі болып ол психиатрияға нозологиялық принципті әйгілі етті. Крепелинге дейін психиатриялық диагноз «мания», «меланхолия» деген сездермен шектелді. Мұның өзі соматикалык ауруларда «жөтелу», «ыстықтың көтерілуі» деген диагнозбен тең. Басқаша айтқанда аурудың аты аурудың белгілерінен алынды. Бұл симптоматологиялық принцип. Бірак, әрбір аурудың көрінетін белгілерінен басқа ағымы, себебі, патогенезі мен патанатомиясы бар. Осы себептердің бәрін ескере отырып, ауруды анықтауға болады. Ауруды анықтаудың мұндай түрін нозологиялық деп атайды. Крепелиннің нозологиялық прогрессивті іліміне қарсы батыс ғалымдары психикалық аурулардың шығуы туралы басқа ілімді ұсынды. Бұған Ясперс ұсынған фенсженологиялық ағымды жатқызуға болады. Ясперс антинозологист болды. Оның ойы бойынша психикалық ауруларды зерттеуде барлық назарды аурудың белгілеріне, феномендеріне аудару керек (осыдан «феноменологиялық» деген атау шықты). Ясперстің көзкарасы бойынша дәрігердің мақсаты ауру адамның жанына тек сезіммен қарау. Ясперс және оның пікірлестері аурудың себебін, оның даму механизмін түбіне дейін жете білу мүмкін емес деген тұжырымға келген. Бұл ағым Германияда кең тарады.

Шамамен осы кезде неміс психиатры Кречмердің «Дененің құрылысы мен мінез-құлық» деген зерттеуі жарық көрді. Конституциялық белгілерге байланысты Кречмер адамдарды бірнеше типке бөлді. Ол адамның дене кұрылысының дамуына мінез-құлқы сай келеді деп санады. Оның ойынша астеник-шизоидтарда шизофрения жасырын түрде жүреді, ал пикник-циклоидтар келешекте циклофрениямен ауырады. Оның ойы бойынша организмнің қалыпты және патологиялық жағдайында шекара жоқ, қалыпты жағдайдың патологиялықпен салыстырғанда айырмасы саласында емес тек мөлшерінде.

Германияда пайда болған психоморфологиялық бағыт Батыс Германияда кең тарады. Осы ілімді жақтаушылар арнайы психологияның білінуі мидың белгілі бір жерінде шоғырланған, сол себептен барлық күрделі психикалық ауруларда мидағы зақымданған ошақты тапса болады, деп санады.

Бұл ілімнің негізін қалаушы XVIII ғасырдың аяғында XIX ғасырдың басында өмір сүрген Галль болды. Оның ойы бойынша ес, қиял, музыкаға бейімділік, талант, өткір сөздік қабілет, балаларға деген махаббат, қатыгездік және басқа адамның сапалық көрсеткіштері мида шоғырланған. Мидың учаскелері өсіп, томпақтар мен дөңестер пайда болады. Осыларды сипай отырып адамның қабілетін білуге болады, деп санады Галль. Бұған қарама-қарсы қазіргі кездегі «жылжымалы шоғырлану» ілімін айтуға болады.

Өткен ғасырдың ортасында француз психиатры Морель дегенерация теориясын ұсынды. Оның ілімі бойынша адам өзінің дамуында алға баспай кейін шегінеді. Оның ілімінің негізі жалпы құлдырау және патологиялық тұқым қуалаушылық. Осы ілімге сүйене отырып шетел психиатрлары психикалық аурулардың алдын алу үшін күшпен піштіруді ұсынды. Бұл әдісті АҚШ-та осы ғасырдың 20—30 жылдары және фашистік Германияда қолданды.

Австриялық ғалым, психиатр Зигмунд Фрейд «Фрейдизм» деген ілім шығарды. Бұл ілім өзгерістерге ұшырай отырып әр түрлі шет елдерде, әсіресе Америкада дамыды. Фрейдизм бойынша өмірдегі ең басты нәрсе — жыныстық әуестену. Инстинктер адамның әрекетінде басты роль атқарады. Адамның өзі ол туралы білмейді. Бұл жасырын сезімдер, әсіресе жыныстык, адамның түсінде не әртүрлі аурулармен ауырған кезінде білінеді. Адамды емдеу үшін осы сезімдерді ашып, ауру адамға олар туралы айту керек. Фрейдистердің тұжырымы бойынша адамның туғаннан соң ата-анасына деген жыныстық сезімі болады (ұл балаларда шешесіне, қыз балаларда әкесіне). Бірақ, қалыптасқан әлеуметтік әдеттерге байланысты сәби өзінің сезімін жасырады. Артынан жасырын махаббат жыныстық демікпе не басқа ауру кезінде білінеді. Осы ілімнің уәкілдері адамға табиғат бойынша қирату, өлім инстинктері тән деп санайды.

Өткен жылдардағы совет әдебиетінде Фрейд ілімі қатты сыналды. Кейінгі жылдары Фрейд іліміне көзқарас өзгерді. Қазіргі кезде ғылым мен практикада бұл ілімнің кейбір қағидалары пайдаланылады, әсіресе арнайы психологияда мен сексопатологияда.

Кейбір шетелдік психиатрияда (Англия, Франция, ФРГ, АҚШ, Испания, Латын Америкасы елдерінде) антипсихиатрия жайылды. Бұл ағым бойынша психикалық аурулардың шығуында биологиялық себептер емес, әлеуметтік және психологиялық факторлар басты роль атқарады. Антипсихиатрлар психиатрияны ғылым деп, медицинаның саласы деп санамайды. Бұлардың ойы бойынша психикалық аурулар болмайды, ал психикалық ауру адамдарды емдеуді жазалау деп санайды.

Қазақстан жерінде 19 ғасырдың екінші жартысына дейін дәрігерлер және арнайы медициналық мекемелер болған жоқ. Сондықтан сол кезде көптеген психикалық ауру адамдар ешқандай дәрігерлік көмек ала алмады. Ондай ауру адамдарды «шайтан биледі» деп қарады. Осыдан «жынды» деген сөз пайда болды. Дегенмен мұндай адамдарға Батыс Европадағы сияқты қатал шаралар қолданылмады. Психикалық ауру адамдар өздерімен өздері болып, жолдарда шұбап жүрді.

XVIII ғасырда Қазақстанда психикалық ауру адамдарды тәуіптер, бақсылар, діңгерлер, киелілер, дуаналар емдеді. Олар дұғамен, әнмен, домбыра мен қобызда ойнап, шептерден жасалған дәрілерді қолданды.

Тарихи архивте психикалық ауру адамдарды емдеген кісілер туралы кейбір мәліметтер сақталған. Мұндай адамдардың, өздерінің психикалық ерекшеліктері болған.

Мидың зақымдану кезіндегі және жұқпалы аурулардан соң өзгерістері туралы Б. Н. Серафимов пен А. П. Штесс жазды. Психиатрия мәселелері Қарағанды, Ақтөбе, Семей және Ақмола медицина институттарында да, Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында, соңғы жылдары Түркістан университетінің медициналық факультетінде зерттелуде. Психикалық ауру жағдайындағы жоғары нерв қызметі, психиатрия тарихы мен халыққа психиатриялық көмек ұйымдастыру туралы мәселелер, шизофрения ауруының клиникасы оны емдеу жолдары зерттелді (Т. А. Әлімханов, К. А. Әділханова, Т. С. Букашев, Г. И. Зальцман, Е. Д. Косенко, Е. Б. Байтұраев, Ю. Т. Жангельдин, М. Ш. Жамантаева, Н. Т. Измаилова, Г. А. Макеев, К. Т. Сәрсембаев, В. М. Шыналиева). Балалар мен есейген адамдардың психикалық зақымдануы зерттелді (Р. Г. Илешева, Г. М. Кудьярова, Ю. И. Беспалов). Жұкпалы және соматикалық аурулардан, алкоголизм мен гашишті пайдаланудан кейінгі болатын психикалық аурулар зерттелді (А. Е. Грудев, Д. А. Хайруллина, Ю.Ф.Приленскей, Е.К.Медетов, А.Г.Каляпин, А.С.Удовиченко, В.Е.Вецнер). Сонымен катар невроздар мен соған жақын аурулар тексерілді (А. М. Свядощ, В. И. Русаков, Е.М.Деревинская, Т.К.Кудеринов). Халыққа көрсетілетін психиатриялық көмектің жетілдіру жолдары қарастырылды. М.А.Гонопольский, Р.Г.Илешева, В.А.Щетинин). Наркология деген жаңа бөлім дамып, маскүнемдік, нашақорлык пен токсикомания мәселелері қолға алынып, әйелдер мен жасөспірімдер арасындағы жоғарыда көрсетілген зақымданулардың басқа психикалық аурулармен бірге болуы зерттелуде (М. А. Гонопольский, Р. Г. Илешева, Н. Т. Измаилова, А. С. Сұбханбердина, К. 3. Садуакасова).

Ресейдің және оның бұрынғы аймақтарының тарихи жағдайларының даму ерекшеліктеріне байланысты ондағы арнайы психология өз алдына бөлек дамыды. Ресей арнайы психологияның дамуының басында өзіндік сонылық пен өзгешелік болды. Көне Киев пен Мәскеу мемлекеттерінде психикалық ауру адамдарға адамгершілікпен қараған. Психикалық ауру адамдарды «құдайдан жәбір көргендер» деп санаған. Сондықтан халық арасында осы ауруларға тек шыдамдылықпен қарамай, оларды қорғап, қамқорлық жасаған. Психикалық ауру адамдарды «жын-шайтан қапсыра құшақтап алған» деген де ұғым болған. Бірақ бұл жсағдайда да оларға деген қарым-қатынас жұмсақ, адамгершілік тұрғыдан болған. Сол кездегі тарихи мәліметтер (жылнама ескі архив деректері бойынша) Ресен жерінде ауру адамдарды қырып-жою, отқа жағу болмағанын керсетеді. Кейбір жағдайда діни көзқарасқа байланысты ауру адамдарды отқа жаққан, бірақ мұндай жағдайлар жоққа жақын өте сирек болған.

Әрине, барлық психикалық ауру адамдар монастырлерде орналастырылмаған, олардың бір бөлігі үйде, халық арасында өмір сүрді, бір бөлігі дуана, сиқыршы, бақсы ретінде ел кезді. Оларды құрметтеп, «Әулие көреген» деп санады. Олардын айтқан ойына құлақ салды. Егер мұндай адам дүкеннен бір нәрсе алса, онда көпес өзін әулие адамға қажет деп санаған. Василий есімді адам IV Иван патшаны қатал деп санады. Осы Василий өлген соң оның денесін әдемі шіркеуге әкеліп, оны әулиелер қатарына қосты. Психикалық ауру адамдарды қадірлеу кейінгі жылдары да сақталды. 1817 жылдан 1869 жылға дейін (52 жыл) Мәскеудің бір ауруханасында Иван Михайлович Корейша деген ауру адам болды. Оны көреген және білгіш деп санап, Мәскеудің көптеген тұрғындары оған келіп тұрды. Корейшаның аркасында халықтан жиналған ақша ауру адамдарды асырап-күтуге жарады. Осы ауру адам өлген соң архив деректері бойынша Преображен ауруханасының жағдайы көп төмендеді.

XVIII ғасырдың аяғында және XIX ғасырдың басында қала және ондағы тұрғындар санының өсуіне байланысты монастырлер психикалық ауру адамдардың қамкоршысы ретінде халықты да, мемлекетті де қанағаттандыра алмады. Психикалық ауру адамдарды жекелейтін арнайы мекемелердің қажеттілігі туды, губернияларда көптеген психикалық ауру адамдардың жиналғаны туралы мәліметтер отанның әр түрлі аймақтарынан үкіметке түсіп жатты. Солардың ішінде мазасыз ауру адамдар да болып, олар халықтың берекесін кетірді. II Екатерина кезінде Петербургте ауру адамдардың саны көбейгендігі туралы генерал-полицмейстердің патшаға берген мәліметінен кейін, патшаның бұйрығы бойынша психикалық ауру адамдардың жақындары олардың мінез-құлқында өзгеріс болған күні оларды полицияға әкелуге міндетті болған. Бұл указдан кейін полицияда көптеген ауру адамдар жиналғандықтан патшаның өзі араласуға мәжбүр болады. Ол батыстың үлгісі бойынша есінен айырылғандар үшін арнайы долгауз-үйлерін салу туралы жариялады. Мұндай үй Петербургте үш жылдан сон, 1779 жылы ашылды. Мәскеудегі долгауз үйі 1776 жылы ашылды. Осы уақыттан бастап долгауздар көптеген губернияларда салына бастады. Мұндай үйлерге үкіметтің көзқарасы бюрократиялық тұрғыдан болып, олардағы жағдай нашар болды. Оларды сары бояумен бояп, «сары үйлер» деп атады. Бұл үйлерде тыныштандыратын көйлектер, байлағыш белбеулер пайдаланылды. Мазасыз ауруларға шынжыр тағылып, олардың қолдарына кісен салынды. Долгауздарда аурулардың жағдайы бұрынғыға қарағанда нашар болды. Мұндай үйлер ұзақ өмір сүрген жоқ. XIX ғасырдың басында алғашқы психиатриялық ауруханалар ашылып, оларда алғашқы дәрігерлер пайда болып, психикалық ауру адамдарды жәй аурулар қатарына көшіруге күресті.

Астаналық ауруханалар шеткілерге қарағанда жақсы жабдықталған. Мысалы, Рюль басшылық еткен «Қайғырушылар» ауруханасы сол кездегі Европадағы ең жақсы психиатриялық мекеме болған. Бірақ, барлық психикалық ауруларды ауруханаларға жатқызуға мүмкіншілік болмаған. Кейбір ауру адамдар әскери қылмыскер не қаңғыбас ретінде Сібірге жіберілген. Көптеген шеткі ауруханалардың жағдайы ауыр болған. Жаңа ауруханалар өте баяу салынған. Бір мынадай мысал келтіруге болады. Шеткі қалалардың біріне (Екатеринославта) аурухана салу туралы шешім қабылданып, оның жоспары 16 жыл бойы жасалынып, бекітілуі 8 жылға созылған. Он жыл бойы салынған ауруханада тек 40 кісілік орын болған. Қоғамдық қамқоршылық бұйрықтар ауруханалар салу жұмысына өте аз көңіл бөлген. Бұл үшін қаржы да болмады. Ауру адамдарды қамтамасыз ету үшін де аз ақша белінді.

Қоғамдык камқорлық бұйрықтар 1864 жылы земство медицинасы пайда болғанға дейін өмір сүрді. Кейін психиатриялық ауруханалар земство медицинасының қол астына көшті. Яковенко, Кащенко, Литвинов сияқты земство дәрігерлері психиатриялық кемекті дұрыс жолға қоюда көп күш жұмсады. Психикалық ауру адамдарға адамгершілікпен қарау жөнінде олар көп еңбек сіңірді. Земстволар Қазан революциясына дейін өмір сүрді.

Ғылыми психиатриясының калыптасуы Батыс Европаға қарағанда ерекше өтті. XIX ғасырдың басында батыс психиатриясына Кант пен Гегельдің идеалистік пәлсапалық әсері өте күшті болды.

Ресейде XIX ғасырдың бірінші он жылдықтарында, декабристерді жазалағаннан соң, қоғамның барлық бөліктерінде жандану болып, білімге құштарлық көбейе бастайды. Халықтың мәдениеті өркендеп, материалистік көзкарасты интелегенция пайда болады. Осы жағдайда психиатрияны оқыту басталады. Оқытушы дәрігерлер психиатрияны материалистік тұрғыдан окуға тырысты.

1860 жылдары И. М. Сеченовтың «Мидың рефлекстері» деген кітабы үлкен роль атқарды. Бұл кітап психиканы зерттеуде жаңа көзқарас тудырды, психиканы физиологиялық тұрғыдан зерттеудің басы болды. Кейін психиканы зерттеуде И. П. Павловтың мектебі үлкен жұмыс жасады. Алдымен психиатрия терапия аурулар курсына енгізілді. Терапевт-дәрігерлер арасында психиатрияға үлкен көңіл бөлген И. Е. Дядьковский «Жан ауруларының мәні дёне ауруларына байланысты» деді. Оның материалистік көзқарастары осы уақытқа дейін өзінің анықтығьшен таң қалдырады.



Біздің елімізде мүмкіндігі шектелген балаларға көмек ету, оларды оқыту мен тәрбиелеу мәселесіне көңіл бөлу қамтылды. Кеңестік төңкеріске дейін оқу орындары саны өте аз мөлшерде приюттік типте болды. Дене және ақыл-ойы жағынан ақаулығы бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу мемлекеттік жүйедегі білім беру саласына енгізілді.Ұлы Қазан жеңісінен кейін кеңестік мемлекет ақаулығы бар балаларға аса ерекше түрде көңіл бөлуді қолға алды.1918 жылы ақаулығы бар балаларға жекелей қайырымдылық сипаттағы балалар мекемесі болып, ол жалпы мемлекеттік жүйедегі білім білім беру саласына қосылды.1919 жылы Халық комиссариаты кеңесі саңырау, соқыр, ақыл-ойы кеміс, психикалық жағынан ауру балаларды емдеу, оқыту және тәрбиелеу ісі жөнінде жұмысты қолға алды. Сол кезде мүмкіндігі шектелген балаларға көмек ету ісіне мемлекеттік қоғам қайраткерлері А.И.Ульянова–Елизарова, А.В.Луначарский, А.М.Горький араласты. Осыдан бастап біртіндеп ақаулығы бар балаларды оқыту және тәрбиелеу ісі ғылыми негізілікте дами түсті. Психология, медицина, педагогика салаларындағы В.М.Бехтерев, Л.С.Выготский, В.Н.Мясищев, Г.И.Россолимо, Ф.А.Роу, В.М.Кащенко, Н.М.Лаговский, Н.А.Гроборов мүмкіндігі шектелген балаларға өз қызығушылықтарын танытып, өз үлестерін қосты.1920 ж. өткен съезд және конференцияларда «Балаларды қорғау және балалар кемшілігін қорғау» бойынша арнайы білім беру жүйесінде дефектология өздігінен дербес білім аймағына айналды.1929 ж. елімізде 1-ші рет ақаулығы бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу және оларды еңбекке әзірлеу мәселесін зерттеу жөнінде ғылыми орталықтың құрылуы аса үлкен жаңалық болды. Бұл экспериментальдық дефектологиялық институтқа (ЭДИ) көрнекті кеңес ғалымы И.И.Данюшевский (директор), Л.С.Выготский (ғылыми қызметкер) қызмет етті. Біртіндеп жылдан жылға ақаулығы бар балаларға қоғам, мемлекет тарапынан көмек ету және оларды үйлесімді жағдаймен қамтамасыз ету қарқынды дами түсті.1971 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында «Ақыл-ойы қалыс қалған тұлғалар құқығы» Декларациясы, 1971 жылы «Мүгедектер құқығы» туралы Декларация қабылданды. Еліміздің ірі қалаларында арнайы мектептер кеңінен ұйымдастырыла түсті. Қазіргі кезде де ақаулығы бар балаларға арнайы көмек беру, олардың түзелуіне жағдай жасаумен қамтамасыз ету қоғам және мемлекет тарапынан белсенді түрде іске асырылуда. Әрбір арнайы мектептер жұмысы арнайы бағдарламалар бойынша, әдістемелік бағытта, оқу және көрнекі құралдар арқылы іске асырылды. Көмекші және арнайы мектептер Ғылыми зерттеу институтымен тығыз байланыста жүргізіліп дами түсуде. Балалардың ақаулықтарын дер кезінде анықтау, ерте медициналық зерттеу, психологиялық-педагогикалық диагностика жұмысын жүргізу, олардың ақаулықтарын дұрыс және нақты анықтай отырып медициналық-педагогикалық-психологиялық көмек беру істері де қарастылуда.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет