Психологиямен байланысы. Психология оқушының психоло¬гиялық ерекшеліктерін сипаттайды: жоғары жүйке жүйесінің қызметі туралы ілімге сүйене отырып, ол оқытудың әдісі мен тәсілін психологиялық тұрғыда дәлелдеуге көмектеседі. Сөйтіп қазақ тілін оқытуға байланыс¬ты әдістемелік мәселелерді дұрыс түсініп, практика жүзінде шешуге мүмкіндік береді.
Мұғалім өзінің әрбір оқушысын, оның психикасын, материалды қабылдау және есінде сақтау дағдыларының дәрежесін білуге жағдай жасайды, оқушыларды жүйелі зерттейтін әдістермен қаруландырады Оқушының психологиясын білмей тұрып, қазақ тілі әдістемесі ұсынған әдістер мен тәсілдерді тиімді пайдалану мүмкін емес. Бұл әдістер мен тәсілдер оқушылардың жеке басының ерекшеліктерін, ойлау қабілетінің даму процесін, жалпы жетілуін есепке алмайынша, мақсатқа жете алмайды.
Педагогикамен байланысы. Жалпы тұрғыда педаго¬гика жас ұрпақтарға білім, тәрбие берудің мәні, мақсаты, мазмұны, әдістері, құралдары мен ұйымдастыру түрлері туралы ғылым ретінде сипатталады. Дидактика педагогиканың маңызды бір бөлігі - оқытудың жалпы теориясы ретінде қазақ тілі әдістемесінің негізі болып табылады. Әдістеме дидактика ұсынған оқыту принциптеріне, оқыту әдістерінің теориясына сүйенеді. Мектепте қазақ тілін оқыту барысында ұрпақ тәрбиелеу проблемаларын талдап-шешуге қатысады, қазақ тілі сабақтарында берілетін тәрбиенің жолдарын (бұл тәрбиеге мазмұны сәйкес материалды, мысалдарды сұрыптау, көркем шығарма материалын пайдалану т.б.) тіл құралдары арқылы іске асыруды жан-жақты қарастырады.
Қазақ тілін оқытудың ұстанымдары Қазақ тілін оқытудың барысында мұғалім оқытудың формалары мазмұнын, міндеттерін шешуде, әдістемені анықтауда дидактикалық прин-ципті басшылыққа алады. Принцип - латын сөзі основа первоначально-руководящая идея... қазақшасы - оқытуда басшылыққа алатын идея, қағида. Қазақ тілін оқытудың барлық сатысында бағыт беретін негізгі жұмыс бағыты осы.
Дидактикалық принципті алғашқы зерттегендер: чехтың ұлы педагогы Я.А.Коменскийден басталса, орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинский, қазақ халқында Ы.Алтынсарин құнды пікір айтты. Оқытудың бағытын, принциптерін зерттеуде Одақ /кеңес/ кезінде педагог ғалымдарымыз көп еңбек сіңірді. Мысалы, Н.А.Сарокин оқыту принциптерінің 8 түрін тұжырымдап көрсетсе, М.А.Данилов /"Дидактика средней школы"/ 1975 ж. кітабында дидактикалық принциптің 7 түріне түсінік береді. Т.А.Ильина "Педагогика" кітабында оқытудың 7 түрлі принциптеріне анықтама береді. Ю.К.Бабанский /Педагогика, І977 ж./ оқыту принциптерінің 13 түріне тоқталады.
Қазақ балаларын оқытуда Ы.Алтынсарин мұғалімдерге өте жоғары талап қоя білген: «...әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіру, өз оқулығында /"Қырғыз хрестоматиясы"/ тақырыптарға сәйкес суреттеу, сурет арқылы беру сияқты, көркем жазуды, әріптердің формасын дұрыс түсінуге, дағдыландыруды үйрету ...шәкірттердің барлық сезім мүшелерінің - көз, қол, есту қабілетін, тілді, зейінді дағдыландыру, баланың барлық қабілеттерін жаттықтыру арқылы және оған өз бетімен жұмыс істеу керек», - дейді. Ы.Алтынсарин оқыту принциптеріне: түсініктілік принципі, көрнекілік принципі, жаттығу принципі, өз бетінше оқыту, саналылық принципін ұсынған.
Қазақ тілін оқыту әдістемелерінде оқытудың 4 және 7 түрлеріне талдау жасалынған.
Сонымен қазақ тілін оқыту принциптері былайша топтастырылады:
а) Қазақ тілін оқытудың ғылымилық ұстанымы
ә) Жүйелілік ұстанымы
б) Көрнекілік ұстанымы
в) Саналылық пен белсенділік ұстанымы
г) Тероияны практикамен байланыстыру ұстанымы
ғ) Түсінуге жеңіл қолайлылық ұстанымы
д) Оқытудың психологиялық ерекшелігін ескеру ұстанымы
Заман талабына сай оқыту принциптері іздеуді, зерттеуді қажет ете береді.
Қазақ тілін оқытудың ғылымилық ұстанымы Қазақ тілінің негізгі салаларын оқыту да ғылыми фактілерге, дәлелдеулерге, ұғымдарға, екінші сөзбен айтқанда, ғылыми принципке негізделеді. Профессор Ә.Исабаев: «Оқушыларға берілетін тілдік мәліметтер төмендегі өлшемге сәйкес болуы қажет:
Меңгерілетін объектінің термині анық болуы қажет, мәселен төртінші және бесінші сынып оқушыларына берілетін және онымен таныстырылатын терминнің аясын аса ғылыми дәрежеде кеңейтіп беруге болмайды: айталық дауысты дыбыстарды – вокализм деп, дауыссыз дыбыстарды – консонантизм деп түсіндіруге келмейді. Сондай-ақ қосынды дауыстыларды – дифтонгит деп түсіндіруге болмайды. Сондықтан да қазақ тілінен нақтылы білім беруде, сол сынып деңгейіне ғана сиятын терминдерді ғана пайдалануға болады», - дейді.
Сонымен қатар меңгерілетін тақырыптарды өзіндік белгілерінің, анықтамалар мен ережелерінің, берілетін практикалық дағдылардың дәл, анық болуы мектеп оқушыларының тілдік материалды жан-жақты түсінуіне септігін тигізеді. Сөйтіп, қазақ тілін оқыту барысында оқытушы берілетін білімнің (тақырыптың) ғылыми жағына, оның зерттелуі, тарихи даму ерекшелігі, ғылыми фактілер, анықтамалар, терминдерді оқушылардың жас ерекшелігіне қарай түсінікті айту арқылы жүргізеді.
Жүйелілік ұстанымы
Қазақ тілін оқытуда оқытушының бірінші басшылыққа алатыны - әр сыныптың жас ерекшелігіне байланысты білім көлемінің бір жүйеде берілуі. Бағдарламада берілген материалдың орналасу жүйесі бастауыш сыныпта, орта және жоғарғы сыныпта көрсетілген. Берілген материалдар сабақтаса отырып, толықтырылып, кеңейтіліп, сатыдан сатыға өткен сайын тереңдеп ғылыми жағынан байып отырады. Мысалы: 6-сыныпта «Зат есім» тақырыбы бойынша алдымен анықтамасы, сұрақтары, мағыналары, түрлері оқытылса 7-сыныпта «Зат есімнің түрленуі» тақырыбымен толықтырылады. Яғни, зат есімнің көптелуі, тәуелденуі, септелуі, жіктелуімен сабақтастырылады. Бағдарламада көрсетілген тәртіптелген өзара байланысты білім жүйесі ғана жас ұрпаққа іс жүзінде пайда келтіріп, әрі қарай білімді терең игеру жүйесіне түседі. К.Д.Ушинский: «Тек жүйе ғана бізге өзіміздің білімімізді бақылауымызға толық билік береді. Үздік-үздік өзара байланыссыз білімге толы бас, ішінде барлық заттары шашылып жатқан, онан қожасының өзі де ештеңе таба алмайтын қоймаға ұқсайды, ішінде білімсіз жүйесі ғана бар бас, барлық жәшіктеріңде жазуы бар, ал жәшіктері қаңырап бос жатқан дүниеге ұқсас». /К.Д.Ушинский: «О преподавании русского языка. Соч. 5, М.: Изд-во, АПН РСФСР, 1949, ст. 355/. К.Д.Ушинский жүйелілік қана өз білімімізді толық меңгеруімізге мүмкіндік береді деп санаған. Бірімен-бірі байланыспаған әр түрлі мәліметтердің үзінділері түріндегі білімнен адам өзіне керегін тез таба да, пайдалана алмайды деген болатын. Сондықтан оқушыға оқытылуға тиісті тілдік мәліметтер әбден ойластырылған, тілдің табиғатына сай, олардың бір-бірімен байланыстылығының негізінде берілуі керек.
Жүйелілік принципі жаңа материалды түсіндіруде, білім мен дағдыларды бекітуде, біріккен сабақ құрылымында, білім мен дағдыларды тексеруде, пысықтау мен қайталауда, үй тапсырмасын беруде және оны тексеріп, еске түсіруде іске асырылады.
Көрнекілік ұстанымы
Көрнекілік принципі пәнді оқыту ісінде өте маңызды орын алады, тілді оқытуда ерекше қызмет атқарады.
К.Д.Ушинский таныс емес бес сөзді қаншама қайталап қиналатын оқушы сурет арқылы көрсетілген жиырма сөзді лезде үйреніп алады деп бекер айтпаған. Он рет айтқаннан бір рет нақтылы көрсеткеннің пайдалы екеніне ешкім де таласпайды. Сондықтан мұғалім қазақ тілі сабағында көрнекілікті өте ұтымды қолдануы қажет.
Көрнекілік принципі оқушылардың қазақ тілінен берілген білімді көрнекілік арқылы оқытуға бағыт береді. Ең алғаш оқытудағы көрнекілік туралы айтып, құнды пікір қалдырған Я.А.Коменский болатын. Оның көрнекілік туралы айтқан "Алтын ережесінде": "...бала сезімі қабылдай алатын нәрселердің барлығын сезім әсерлерін туғыза білдірген жөн: көруге болатынды көзге көрсет, естуге болатын нәрсені құлақ қойып тыңдасын, иісін иіскеп білсін, дәмін татып көрсін, қолына ұстап нәрсенің қатты, жұмсақтығын, т.б. байқасын..." - деген болатын /Я.А.Коменский. "Ұлы дидактика"/. Оқушы казақ тілінен берілген білімді /схема, таблица, плакат, сурет т.б./ көріп қана қоймайды, арнаулы сұрақтарға жауап іздеп, ең маңызды қасиеттерін білуге ұмтылады. Көрнекіліктің түрлері көп. Әр тақырыптың ыңғайына қарай көрнекілікті таңдауға болады. Көрнекіліктің түрлерін педагогиканың дидактика тарауында көрсеткен.
1. Жаратылыс көрнекілігі. Оқушыларды табиғатқа экскурсияға апару арқылы шағын әңгіме, мазмұндама, шығарма жаздыру;
2. Көлемдік көрнекілік: фото, суреттер, картиналар, диафильм, диапозитив, кинодан фрагмент, т.б. көрсету арқылы тақырыпқа байланысты әңгіме құрастыру.
3. Дыбыстық көрнекілік: күйтабақ, грампластинка, магнитофон, үзінді оқып, талдату.
4. Графикалық символдық көрнекілік: картина, схема, таблица, диаграммалар.
Қазақ тілі сабағына тақырыптың ыңғайына қарай, жоғарыда айтылған қажетті көрнекілік таңдалады.
Көрнекі құралдар оқушыны қызықтыру қызметін де атқарады. Ол оқушы зейінін ұйымдастыруда да маңызды. Сонымен бірге әрі көру, әрі есту, әрі ойлау сияқты бірнеше сезіну түрлерінің қатысы тілдік мәліметтің ұзақ сақталуына әсер етеді.
Саналылық пен белсенділік ұстанымы
Мектеп оқушыларына қазақ тілінен білім беру барысында олардың саналы түсіну қабілеті дамытылып отырылады. Тілдік фактілерге байланысты мәліметтерді оқушылар жаттанды түрде емес, саналы түрде меңгеруі керек. Саналы түрде меңгеру үшін мынадай жұмыс түрлері іске асырылады: 1) Тілде берілетін мәліметтерді жеке түсіндіріп, ол мәліметтерді өз түсінігі бойынша айтқызып отыру. Түсіндіру кезінде объектілердің өзіндік белгілері толық қамтылуы қажет; 2) Түрлі жаттығу жұмыстарын жүргізу арқылы оқушылар тапсырманы еркін орындау керек; 3) Күнделікті, тоқ¬сандық және жылдық қайталаулар кезінде өткен материалдарға байланысты сұрақтарға толық жауап болуы тиіс; 4) Орфография мен орфоэпияға байланысты дағдыларды шартына қарай орындай білуі керек; 5) Күнделікті өмір қажетіне қарай практикалық дағдыларды саналы түрде меңгеруі керек.
Білімді саналы меңгерту - мұғалімнің білімдарлығы, түсінігінің айқын дәлдігі, жеткілікті түсіндіруінен көрінеді. Білімді саналы меңгерген оқушы өз белсенділігін оқудың бүкіл барысында көрсете алады. Саналы көзқарас білімді саналы меңгерумен бірге, оқушының іскерлік пен дағдыны саналы меңгеруге қалыптастырады. Бұл принцип - қағида, қазақ тілінен беріліп отырған білімді шеберлікпен айқын да, анық түсіндіргенде, таным процесінің аяқталу барысында /жаңа білімді түсіндіргеннен кейін/ белсенділік танытады.
Белсенді оқушы алған білімін жаттығу кезінде де көрсете алады. Белсенділіктің көрінбеуі жайында академик Ю.К.Бабанский: “Сабақ үстінде белсенділіктің көрінбеуі - оқытушы білімді саналы игермегенін, «формализм» ең алдымен, айқын ситуацияға сәйкес методикалық әдіс-тәсілді таңдай білмеуінен көрінеді”, - дей келіп, екіншіден, мұғалімнің оқушылармен қарым-қатынасының нашарлы¬ғынан - деп, олардың сабаққа деген ықыласын, ынта-жігерін жоятынын айтады (Ю.К.Бабанскйй. "Оптимизация процесса обучения", Москва, 1977. Принципы обучения, с. 26.). Қазақ тілі сабағында білімнің төмен берілуі, оқушының психологиясымен санаса алмаған, педагоги¬кадан да хабары шамалы, методиканы жете білмеуден болады. Ғалымдардың пікірінде, мұндайды – «оқытудағы формализм» дейді. Білімді саналы да, сапалы игерген оқушылар - сабақта үнемі белсенділік көрсетіп отырады.
Тероияны практикамен байланыстыру ұстанымы
Мектепте қазақ тілінен алынған теориялық білімді күнделікті өмір қажетіне қолдана білу теорияны практикамен байланыстыру принципі болып табылады. Оқушыларға қазақ тілінен теориялық білім мен практикалық дағдылар беріледі. Осы алған білімдерін кеңейте отырып, оны күнделік өмір қажетіне жаратады. Оқушыларға диалогтық сөйлемді меңгертумен бірге монологтық сөйлеу де үйретіледі. Оқушылар ауызша мазмұндаудың бірнеше түрлерін де меңгереді. Сонымен бірге ауызша және жазбаша тілін дамытуға, жылдам әрі саналы мәнерлеп оқуға, әртүрлі баяндамалар жасауға және іс қағаздарының алуан түрлерін жазуға дағдыландырылады. Қазақ тілінен берілетін теориялық білім мына сияқты практикалық мақсаттарды жүзеге асырады: 1) тілден алған теориялық білімін ауызша және жазбаша мақсатта қолдана білу; 2) түрлі талдаулар жасай білу; 3) орфография мен орфоэпиядан алған білімді ауызша және жазбаша түрде сауатты іске асыру.
Түсінуге жеңіл қолайлылық ұстанымы
Дидактиканың түсінуге жеңіл қолайлылық принципінің де маңызы зор. Бұл сабақтың алғашқы күнінен бастап үнемі сақталуға тиісті. Мысалы, алғашқы үйретілетін сөзді таңдауда бір буынды сөзді үйрету мен көп буынды сөзді үйретуді салыстырып, оқушы оның қайсысын тез үйренеді деген сұраққа тәжірибелі мұғалімдер бір буынды сөзді оқушы тез үйренеді деп жауап береді. Бұл алғашқы сабақтарда қолданылса, сол қалыпта қалуы мүмкін емес. Себебі барған сайын оны күрделендіру принципін ұстану керек.
Бұл – бір сыныптағы әр сабақта, әр сыныпқа көшкен сайын тілдік материалды оқыту процесінде қолданылатын принцип.
Бұл принцип оқушылардың жас ерекшеліктерін, білім дәрежесі мен сынып түрлерін ескере отырып, мұғалімнің түсіндіруі, оқулық тілі және оның баяндау желісі сияқты үш түрлі ерекшеліктерді басшылыққа алады. Қазақ тілінен берілетін теориялық білімнің анықтамалары мен ережелері, терминдері мен өзіндік белгілері, жасалу жолдары мектеп оқушыларының қабылдау, ойлау сияқты психикалық қасиеттеріне лайықты түсіндіріледі. Түсінуге жеңіл қолайлылық принципін іске асыруда мұғалім мынадай әдістемелік жүйені пайдаланады: Алдымен қазақ тілінен тақырыптарды дәл таңдап алып, оны жеңіл мысалдармен түсіндіреді; тілдік тақырыптардың өзіндік белгілерін анықтайтын мысалдар көрсетіп, оларды талдайды; тақырыптың өзіндік ерекшеліктерін оқушыларға айтқызып, ауызша мысалдар келтіртеді; бұл мысалдарына талдау жасатады; талдау үстінде тақырыптың өзіндік белгілерін саралап айтқызып, қорытынды пікір шығаруға төселдіреді.
Оқытудың психологиялық ерекшелігін ескеру ұстанымы
Әр сыныптың өз білім деңгейі болатыны белгілі. Сонымен қатар оқушының өзіндік жас ерекшелігі мен психикалық ерекшелігі бар. Сондықтан да қазақ тілін оқытуда осы ерекшеліктер ескеріліп, тілдік материал соған лайықталып беріледі. Оқушының психикалық ерекшелігі мен білім деңгейінен оның білімді қабылдау мүмкіндігі туады. Ал ол оқу материалының оқушының қабылдау мүмкіндігіне сәйкес болуын талап етеді. Қазақ тілін оқытуда осы принцип сақталса, ол оқушының тақырыпты меңгеруіне қолайлы жағдай болып табылады.
Тілді оқытуда бұл қағида сақталмағанда, түрлі қолайсыз жағдайлар болуы мүмкін. Мысалы, оқушының әлі келетін немесе әлі келмейтінін есепке алмай, бірден қиын материалды көп етіп беру арқылы оқушыда тақырыпты меңгеру қолымнан келмейді деген пікір туғызуға да болады. Ол оқыту ісінің нәтижесіздігін туғызады. Сондықтан оқушының психикалық ерекшелік¬терімен санасып отыру мұғалімге ерекше міндет жүктейді.
Сонымен оқушыларға қазақ тілінен теориялық білім мен практикалық дағдылар беруде олардың психикалық қасиеттері, оқуға бейімділігі, икемділігі мен дайындық дәрежесі ескеріледі. Күнделікті сабақ үстінде оқушылардың осындай ерекшеліктеріне орай жұмыс істеу тәртібі белгіленеді. Оқушыларға өткен материал мен жаңа материалдың байланысын таптырып, тақырыптың өзіндік белгілерін қаншалықты меңгергендіктерін мұғалім бақылап отырады. Нашар және орта меңгерген оқушылармен сабақ үстінде түрлі жұмыстар жүргізіледі. Алдымен үйге берілген тапсырмаларды бақылап, тексереді. Содан кейін жаттығудың шартын дұрыс және бұрыс орындағандарына назар аударады. Өткенді еске түсіру мақсатында талдау жұмыстарын жүргізеді. Өтілген тақырып әбден меңгеріліп болған соң, жаңа материал түсіндіру, көрсету арқылы әңгімеленеді. Оқушылардың өздеріне материалдар оқытылады. Бұдан кейін өтіліп отырған материал жеке-жеке сұрақтар бойынша еске түсіріледі. Тақырыпты оқушылардың өздеріне айтқызып, қорытындылайды. Материалға лайықты жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Осы сияқты жұмыстар жүйесі негізінде әрбір оқушының оқуға деген бейімділігі мен икемділігі арта түседі.
Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің тіл білімімен байланысы
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің педагогикамен байланысы
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің психологиямен байланысы
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ұстанымдары
Әдебиеттер:
1. Рахметова С. Қазақ тілін оқыту методикасы. -Алматы. 1991.
2. Әбілқаев А. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. -Алматы. 1995.
3. Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. -Алматы. 1993.
4. Нұржанова Ж. Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары. -Алматы. 2001.
5. Әлімжанов Д., Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту методикасы. -Алматы. 1965.
№3 Дәріс. Қазақ тілін оқыту әдістерінің жүйесі. Дидактикалық әдістер және оларды классификациялау
Мақсаты: Қазақ тілін оқыту әдістерінің түрлерін талдап көрсету. Дидактикалық әдістер және олардың топтастырылуы туралы мағлұмат беру
Жоспар:
1. Қазақ тілін оқыту әдістемелерінің түрлері.
2. Кітаппен жұмыс әдісі.
3. Көрнекілік әдіс.
4. Техникалық құралдармен жұмыс істеу әдісі.
5. Жаттығу әдісі.
1. Қазақ тілін оқыту әдістемелерінің түрлері
Оқыту әдістемесі - педагогиканың күрделі саласының бірі - дидактика тарауында қаралады. Дидактика /оқыту теориясы/ гректің didaktikos - оқытамын деген сөзінен шыққан. Дидактиканың негізгі проблемалары оку процесінің зандылықтарын, принциптерін және оқытудың тиімді әдістемелерін көрсетеді.
Мысалы, "Дидактика средней школы" /Москва, "Просвещение", 1975 г. 146 стр./ деген еңбекте И.Я.Лернер, М.Н.Скатин оқыту әдісінің бес түрін көрсетеді. 1. Объяснительно-иллюстративный или информационно-рецетивный. 2. Репродуктивный. 3. Проблемное изложение. 4. Частично-поисковой или эвристический. 5. Исследовательские - деп оқытудың бес түрлі әдісіне тоқталса, Г.А.Ильина "Педагогика" еңбегінде оқыту әдістемесінің 4 түріне тоқталады. Ал академик Ю.К.Бабанский де осындай оқыту әдістерінің түрлеріне тоқталып, оны оқытушының шығармашылық еңбегінің нәтижесі деп көрсетеді.
Ә.Исабаевтың "Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері" деген 1993 жылғы еңбегінде қазақ тілінен білім беру әдістерін: практикалық жақтан үйрету әдістері, теориялық жақтан үйрету әдістері және теориялық-практикалық үйрету әдістері деп жіктеп, оларды ішінара бірнеше әдістерге топтастырады.
Оқытудың теориясын зерттеген ғалымдар ғылыми еңбектерінде оқыту әдістерінің анықтамасын былай берген. И.Д.Зверев: "Оқыту әдістері дегеніміз - мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің барысында білім алу жолдары", - десе, Ю.К.Бабанский: "Оқыту әдістері дегеніміз - мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің негізінде білім, тәрбие және таным процесін жетілдіру", - дейді. Д.Әлімжанов, Ы.Маманов өз еңбектерінде: "...Қазақ тілін оқыту әдістемесі - казақ тілін оқытудағы мұғалімдердің озық тәжірибелерінің қорытындыларына негізделген оқыту әдістерінің жиынтығы туралы ғылыми пән", - деген.
Профессор Ә.Исабаев: "Қазақ тілінен білім беру әдістері сан алуан. Осы әдістерді әдістемеде жіктеп көрсетудің мәні зор. Жіктеп көрсетуде, біріншіден, оқушыға берілетін білімнің сапасы артады, екіншіден, оқушымен жүргізілетін жұмыстың дәлдігі нығаяды, үшіншіден, мұғалімнің атқаратын жұмысы жеңілдейді... Оқушылар тілді практикалық-теориялық және теориялық-практикалық жағынан меңгереді. Қазақ тілінен білім беру әдістерін топтастыру әдістемесінің соңғы жетістіктеріне негізделеді", - дейді.
Нұржанова Ж. өзінің «Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары» атты әдістемелік құралында оқыту әдістерін бес түрге жіктейді:
1. Түсіндіру әдісі. Бұл әдіске ауызша баяндау - түсіндіру, әңгі¬ме, сұрақ-жауап, лекция түрлері жатады.
2. Кітаппен жұмыс істеу әдісі: Мұғалімнің түсіндіргенін кітаптан қарау - анықтама, түсініктер, жоспар, конспект, тезис, газет, журнал, сөздікпен, т.б. жұмыстар.
3. Көрнекілік әдіс, экскурсия, таблица, сурет, схема, карточка пайдалану т.б.
4. Техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің бірі - демонстрациялық әдіс: экран бейнесі арқылы диафильм, кино, фрагмент, т.б, техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің тағы бір түрі: кодоскоп, эпидоскоп, компьютермен жұмыс, т.б.
5. Жаттығу әдісі, ауызша, жазбаша және суретпен жұмыс, тақтамен жұмыс, өз бетінше жұмыс, қайталау, пысықтау кезінде ұлттық ойын элеметтерін пайдалану жұмысы.
Баяндау әдісі. Қазақ тілінен оқушыларға белгілі тақырып бойынша берілетін білімді мұғалімдердің түсіндірудегі әрекеті - ауызша баяндаудан басталады. Мұғалімнің оқушыларға жаңа білімді баяндап айтып беруін - ауызша баяндау әдісі дейміз. Ауызша баяндау әдісі оқушылардың жас шамасына қарай, кысқа, не ұзақ баяндалуы мүмкін. Мұғалім күні бұрын өзінің баяндайтын сөзін ойланып алуы керек, егер бұрын баяндау жолына ысылмаған болса, мазмұндаманың жобасын жазып алғаны дұрыс. Ауызша баяндап, мазмұндап берудің үш түрі бар: әңгіме әдісі, түсіндіру /объяснение/, лекция түрі.
Әңгіме әдісі - жаңа материалды түсіндіргенде жүргізілетін әдіс немесе сұрақ-жауап әдісі. Қазақ тілінен жаңа материалды түсіндіру барысында ғылыми фактілерге, анықтамаларға сүйене отырып, сол тақырыптың шығу, не жазған авторлардан бастап әңгімелеу әдісімен түсіндіруге талаптанады. Оқушыларға сол материалды түсінікті, айқын, анық тілмен жеткізе отырып мазмұны баяндалады. Орта жастағы оқушы 10 минут, жоғары сынып оқушыларына 15 минуттей уақыт ішінде әңгіме сұрақ-жауап айтылады. Әңгіме әдісі - көбіне сұрақ-жауап арқылы диалогтық сөйлеу формасында жүреді. Мысалы, қазақ тілінен "сөз жасам", "сөз тіркестерін" өткенде, оқушыларды өздігінен іздендіру үшін сұрақтар қойғызып, оған жауап қайтарғызу, жауаптарының дұрыс-бұрыстығын оқушылардан сұрап түзеттіру арқылы жүргізіледі. Әңгімелесу түрлері жаңа материалды түсін-діргенде, білім жүйесін әңгімелеп, білімді қорытындылағанда, ауызша, жазбаша жаттығуларды тексергенде, өткен материалдарды қайталағанда, баланың оқып білгенін, саналы түрде меңгерген сәттерін білу үшін жүргізіледі. Әңгіме әдісін жақсы ұйымдастыру мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Оқушылардың білімді түсініп, сабаққа белсенді қатысуы үшін әңгіменің эвристикалық түрі кеңінен қолданылды. (Эврико - грек сөзі - табамын, ашамын деген ұғымды береді). Қазіргі уақытта әр тақырыптың ережесін проблемалық ситуация туғыза отырып, оқушыға таптыру әдісі кең өріс алуда.
Әңгіменің нәтижелі болуы - сұрақты дұрыс, дәл, түсінікті қоя білуге байланысты. Мұғалім сұрақты дұрыс қоя алмаса, оқушылар да асып-сасып жауап бере алмайды. Оқушы қиналған кезде жетелеп сұрақтар беру мұғалімнің іскерлігін көрсетеді.
Түсіндіру әдісі - қазақ тілінен берілетін белгілі бір тақырыпты түсіндіруде мұғалім көрнекі құрал, таблица, т.б. құралдарды пайдалана отырып, сабақтың мазмұнын түсіндіреді. Түсіндіру барысында оқушылардың назарын аудара отырып, әр түрлі әдіс-тәсілді пайдаланып қызықты түсіңдірсе, оқушы сол тақырыпты ынталы түрде тыңдай отырып, сол проблемалық мәселені өздері шешуге талаптанады. Мысалы: 5-сыныпқа қазақ тілінен зат есім, сын есім, сан есімді түсіндіргенде сұрақ-жауап арқылы ережені, анықтамаларды оқушылардың өздеріне құратуға болады.
Лекция - жоғарғы сыныптардың оқушыларына қазақ тілінен факультативтік сабақтарда, 9-сыныпта қазақ тілі сабағында жүреді. Бағдарламада берілген тақырыптарды түсіндіруде лекция әдісін пайдаланады. 8-9 сыныпқа 10-15 минут, 10-11 факультатив сабақтарында 15-20 минуттік лекция оқылады. Мысалы: 8-сыныпта "Қазақ тілі" С.Аманжолов, А.Әбілқаев, ААманжолов жазған оқулығының /Алматы, "Рауан"; 1993 жыл/ 9-бетінде "Тіл мәдениеті" деген тақырып бар. Онда: «Мәтінді оқып шығып, тіл мәдениеті жайында айтылған аталы сөздің мәніне терең бойлаңдар. Тіл мәдениетін фонетикадан, лексикадан және грамматикадан алған білімдеріңнің қандай қатысы бар екендігі жөнінде өзара пікір алысасыздар, - деп келеді де мұғалім: Тілді қадірлеу дұрыс сөйлеуден басталады. Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жетіп, жүйкені босатады. Адам мәдениетінің алғы шарты дұрыс сөйлей білу. Сөйлей білу де өнер. Тілін білмеген, түбін білмейді. Ондай адам күлдірем деп, күйдіреді, сүйсіндірем деп сүріңдіреді. Білдірем деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, келтірем деп кетіреді, жұбатам деп жылатады т.б.», - деп, лекцияны жалғастырып оқи береді. Сөйтіп, мектеп лекциясы жай темпте, көбіне қазақ тілінен өткен материалдарды қайталауда, не соған қосымша ретінде, не күрделі түрде лекция оқылуы арқылы тақырыпқа түсінік беріледі.
2. Кітаппен жұмыс әдісі
Оқушыларға берілетін теориялық білім оқулық пен оқу құралдары бойынша жеткізіледі. Бұлқұралдар әрбір сыныптарға арналған оқу бағдарламаларына негізделіп жасалады. Мұғалім қазақ тіліне арналған материалдардың ерекшеліктерімен бірге оларға байланысты берілетін анықтамалар мен ережелерді оқытып, түрлі жаттығу жұмыстарын оқулық пен көмекші құралдар негізінде іскее асырады.
Әрбір сыныпқа арналған қазақ тілі оқулығы - оқушыларға тілден білім беретін негізгі құралы. Мысалы: А.Ысқақов, К.Аханов, Б.Кәтенбаеваның бірігіп жазған 5-сыныпқа арналған "Қазақ тілі" оқулығы /Қазақстан Республикасы Білім министрлігі бекіткен. Алматы, "Рауан", 1994 ж./ Қазақ тілінің жаңа бағдарламасына сай өңделіп, көп өзгеріспен жазылған оқулық. 5-сыныпқа қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім осы оқу-құралымен жұмыс істейді. Осы кітаптың 154-бетіндегі "Болымды етістік пен болымсыз етістікті" түсіндіріп болған соң, оқушылар кітаптағы ереже таблицамен танысады. Сол сияқты С.Исаев, К.Назарғалиеваның 6-сыныпқа арналған "Қазақ тілі" оқулығы /Алматы, "Рауан", 1994 ж./ оқушыларға қазақ тілінен білім беруде сүйенетін оқу құралы. Мысалы: сын есімді өтуде /92 бет/, Сан есім /116 бет/, Есімдік /134 бет/. Етістік /167 бет/, тағы басқа тақырыптарды түсіндіруде, не түсіндіріп болғаннан кейін, пысықтау, қайталау сәттерінде оқушылар кітабын ашып оқып, жаттығу жұмысын ауызша не жазбаша орындайды. Оқушылардың оқу құралымен, не басқа әдеби кітаптармен жұмыс істеуі - өз бетінше білім алуға, ізденуге бағыт алады. Кейде өз бетінше оқыған кітаптарынан: жоспар құру, тезис, конспект жасау, т.б, айтылып шығарма, не мазмұндама жазғызады. Көбіне кітаппен жұмыс істеуде сабақта, сабақтан тыс кезде оқу құралдарын және жеке шағын мақала, балаларға арналған газет-журнал материалдары, сөздік, балаларға арналған энциклопедия, т.б. сабақ тақырыбына байланысты пайдалану үйретіледі. Кітаппен жұмыс істеу, оқушылардың алған білімін толықтырады, екіншіден, өз бетінше білім алуға үйретеді. Олардың келешекте мамандық таңдауына да мүмкіндік туғызады. Мұның бәрі оқытушының үлкен шеберлігі арқылы іске асады.
3. Көрнекілік әдіс
Тілдің грамматикалық құрылысын, оның жекелеген категорияларын оқушыларға жан-жақты түсіндіруде, тақырыптық, талапқа сай жасалған көрнекі құралдарды пайдаланудың үлкен маңызы бар. Қазақ тіліндегі берілген тақырып бойынша жаңа сабақты түсіндіру, өткен материалды қайталау, не бекіту, жаттығу жаздыру кезінде пайдаланылған көрнекілік әрбір сабақтың әсерлігін және мазмұнын арттырып, оқушыға білімді қызықты, жалықтырмай игеруге себебін тигізеді. Білімді игерту үстінде оқушының ақыл-ойын дамытуда, ғылыми білімді игеруде, деректерді еске сақтауда көрнекілікті әрбір сабақ үстінде пайдалану қажет. Мысалы, қазақ тілінен қай сыныпқа арналған оқулықтарында салыстырмалы түрдегі таблицаларға, таблицаның басқа да түрлеріне кең орын берілген. Қазақ тілінің фонетика, морфология, синтаксис, пунктуация бөлімдері бойынша ғалым-методистер құрастырған таблицаларды мұғалімдер сабақ процесінде қолданып жүр. Мысалы: Қ.Тұрғанов "Тіл дыбыстары" жайлы, Б.Кәтенбаеваның "Сөз құрамы", Б.Құлмағамбетованың "Жай сөйлем синтаксисі", Х.Арғыновтың "Құрмалас сөйлем синтаксисіндегі" көрнекі құрал, т.б. таблица, схемалар арқылы оқулықтағы ережелерді, анықтаманы оқушылар өздігінен салыстырып байытуда.
Кейде оқушылардың қабылдау ерекшеліктеріне сәйкес келетін жылжымалы таблица және түсіндірме таблица, перфокарта пайдалану жақсы нәтиже береді. Бұлар кейбір жазылуы қиын сөздер, сөз тудыру, түрлендіру, қиын әріптер, буын құрау, т.б, жағдайда қолданылады /Б.Кәтенбаева. Грамматикалық таблицалар. А.: Мектеп, 1979 ж./
Орыстың ұлы педагогі К.Д.Ушинский: "Бала табиғаты үнемі көрнекілікті талап етіп отырады", - дей келе, күнбе-күн көрнекілікпен жұмыс істеудің жақсы нәтиже беретінін айтады. Қазақ халқының тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсарин: "...шәкірттердің барлық сезім мүшелерінің - көз, қол, есіту қабілетін, тілді, зейінді дағдыландыру баланың барлық қабілетін көрнекілік арқылы, жаттықтыру арқылы жұмыс істеу" керектігі жайында әдістемелік нұсқау берді. (Ы.Алтынсарин. "Таза бұлақ". Алматы: Жазушы, 1988 ж., 156 б.).
Көрнекіліктің түрлері көп. Оны сабақтың мазмұнына қарай, мұғалім басшылығымен жүзеге асырылып отырады. Қазақ тілі сабағында көбірек қолданылатын көрнекіліктер: схемалар, кестелер, картина, табиғат суреттері, техникалық құралдар, т.б.
Қазақ тіліне арналған кестелер: фонетикалық, орфографиялық, пунктуациялық, лексикалық кестелер. Кестелер бір тақырыпқа арналған, не жинақтау түрінде болуы мүмкін.
4. Техникалық құралдармен жұмыс істеу әдісі
Мектептерде техникалық құралдарды оқу-тәрбие жұмысына енгізу 1960-70 жылдары басталды. Алғашқылардың бірі болып С.И.Архангельский, Н.М.Шахмаев, Т.К.Кирш, тағы басқалары оқу-тәрбие ісінде техникалық құралды пайдалануға зор мүмкіндіктер барлығын ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы дәлелдеп берді.
Н.М.Шахмаев: “Урок с применением технического средства - это качественно новый тип урока, на котором учитель вынужден согласовывать методику своего объяснения учебного материала с той методикой, которая принята в телевизионной: передаче кинофильма, звукозаписи, радио¬передаче" /Шахмаев Н.М. "Технические средства обучения", Москва, 1974 г., с. 5/.
Соңғы кезде біздің елімізде сабақта жаңа технологиямен жұмыс істеу - мысалы, компьютермен жұмыс істеу де қолға алынуда.
Қазақ тілі сабағы бойынша сабақта техникалық құралдарды пайдалану жолдарын Б.Құлмағамбетова зерттеп, құнды пікір айтты: "...техникалық кұралдарды пайдаланып өткізген сабақта оқушылар жалықпай тыңдаған жаңа оқу материалын қабылдау процесінде олардың әр түрлі сезім мүшелері /көру, есту, т.б,/ қатысатындығын, соның нәтижесінде оқушылардың қызығушылығы артып, түсіндірілген материал¬дардың бәрін қабылдауға мүмкіндік туғызады", - деді. /Б.Құлмағамбетова "Қазақ тілі" сабағында техникалық құралдарды пайдалану, 1975/.
Қазір мектептерде көбірек қолданылып жүрген техникалық құралдар - эпидоскоп, кодоскоп, магнитофон. Осыларды ана тілі сабағында пайдалана отырып оқыту мұғалімнің уақытын үнемдеп, оқушыларды білім алуға қызықтыра түседі.
Оқыту әдісі, тәсілі, құралдары туралы түсінік
Оқыту әдісі дидактиканың негізгі бір құрамды бөлігі болып табылады. Оқыту процесінің табысты болуы көбіне қолданылатын оқыту әдістеріне тәуелді.
Әдіс гректің "metodos" деген сөзінен шыққан. «Метод» деген ұғым белгілі ақиқатқа, шындыққа, мақсатқа жетудің жолдары деген мағынаны білдіреді.
Оқу әдістері – тарихи категория. Өндіріс күштерінің деңгейі мен өндірістік қатынастар сипаты педагогикалық процестің мақсаттарына, мазмұнына, құрал жабдықтарына өз ықпалын тигізеді. Олардың ауысуымен оқу әдістері де өзгеріске келеді. Қоғамдық дамудың алғашқы кезеңдерінде өскелең әулетке тәжірибе жеткізу ересектер мен балалардың бірлікті іс-әркеттік процесінде орындалды. Бұл дәуірлердегі басты оқыту әдісі еліктіру, еліктеу жолымен іске асты. Негізгі оқытуды өзгертпей, қайта жасау (репродуктивті), (“мендей етіп істе”) әдісі алынды. Кейінгі замандардағы барша әдістер осы қайталай жасау әдісінен өз бастауларын алды.
Мектептердің ресми формаларының ұйымдастырылуы оқытудың сөздік (ауызша) әдістерінің пайда болуына әсер етті. Қоғамда жазудың кең таралуы, кітап баспасының өркендеуі, білімді жария етуде, жинақтауда және әулеттен әулетке жеткізуде таңбаны пайдалануға мүмкіндік берді. Сөз негізгі ақпарат ұсыну құралына айналып, ал кітап бойынша оқыту мұғалім мен оқушының ең көп тараған өзара ықпал жасау әдісі болды.
Ұлы жаңалықтар ашу дәуірінде бұрын оқытудың жалғыз- ақ жолы болған сөздік әдіс өз маңызын жоғалта бастады. Өркендеудегі қоғам қажетіне орай оқыту процесіне бақылау, эксперимент, өзіндік жұмыс, жаттығу, яғни оқушыны белсендіру, саналылық, ынталылық оятуға бағытталған әдістер ене бастады. Көрнекі оқу әдісі де кең тарады.
XІХ-ХХ ғ.ғ. шектерінде сөздік әдіске балама ретінде бала қажеттері мен қызығуларын біршама толық ескеретін, оның өзіндік әрекеттерінің дамуына жол ашатын эвристикалық (шығармашылдық) әдіс маңызды орын иелей бастады. “Кітаби” әдістердің орнына “табиғи” әдістер келді. Яғни оқыту шынайы болмыс, қоршаған дүниемен байланыстырылды. Ұстаз бен оқушыны енді оқудың практикалық әдістерін қажет ететін “іс-әрекет арқылы оқып- үйрену” әдісін қолданды.
Оқыту әдістері туралы әрбір зерттеушілер өз анықтамаларын береді:
Қысқаша психологиялық-педагогикалық сөздік "әдіс" - мақсатқа қол жеткізетін жол, тәсіл, белгілі жолмен тәртіпке салынған "іс-әрекетм - деген анықтама береді.
Оқыту әдістері - оқушыларға білім беру және оларды дамыту мақсатында мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жасайтын қызметі мен қарым-қатынасының тәсіл-амалдары деген де пікір айтылады.
Оқыту әдістері - оқытушы мен оқушылардың жұмыс істеу әдісі, оның арқасында білім, іскелік, дағды қалыптасып, оқушылардың дүние танымдылығы мен қабілеттілігі артады.
Оқыту әдістері - мұғалім мен оқушылардың бірлесе жасайтын әрекеті.
Оқыту әдістері – білім игеру мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған оқытушы мен оқушының бірлікті іс-әрекеттік қимыл – тәсілдері. Оқыту мақсаты жолындағы ұстаздың оқыту жұмысы мен шәкірттің оқып-үйрену әрекеттерінің өзара байланыстылығы оқыту әдісінен көрінеді.
Сонымен, әдіс көптеген тәсілдерден құралады, бірақ олардың жәй жиынтығын білдірмейді. Тәсілдер арқылы оқытушы мен оқушының оқу жұмыстарын орындаудағы өзіндік ерекшелігі көрініп, оқу субъекттерінің іс-әрекеттеріне даралық сипат береді.
"Әдіске» қатысты анықтамаларда бәріне ортақ пікір: "белгілі бір мақсатты көздеген мұғалім мен оқушылар арасындағы өзара қарым-қатынас және іс-әрекет" деген пікірлер. Олай болса, оқыту әдістері - оқытудың мақсатты міндеттеріне сай оның мазмұныноқушыларға меңгертуде мұғалім мен оқушылардың қолданатын амал-тәсілдері мен құралдарының жиынтығы. Мұғалім оқыту әдістерінің көмегімен оқушыларға білім беріп, олардың тәжірибелік әрекетін ұйымдастыруда өзінің іс-әрекетін оқушылардың таным әрекетіне басшылық етумен байланыстырады.
Оқу тәсілдері- оқыту әдісінің құрамды бөлігі немесе бір қыры, яғни жалпы “әдіс” түсінігіне байланысты жалқы ұғым. Бұл екі ұғымды өз алдына шектеп бөлуге болмайды, олардың ара қатынасы ауыспалы, өзгермелі. Кей жағдайларда әдіс педагогикалық міндетті шешудің дербес жолы болып есептеледі. Мысалы, егер мұғалім жаңа білімдерді сөздік, ауызша әдіспен (түсіндіру, әңгімелеу, сұхбат) ұсыну барысында көрнекі құралдарды пайдаланса, онда бұл көрнекілік – тәсіл ретінде қабылданады. Егер де көрнекіліктер білім игертудің негізгі құралы болып, солар негізінде оқушылар жаңа білім ақпараттарын қабылдаса, онда көрнекілік - әдіс, ал мұғалімнің қалған оқу іс-әрекеттерінің бәрі тәсіл болып есептеледі.
Мұғалім оқытудың нәтижесін арттыруда оқыту әдістеріне қатысты амал-тәсілдермен қатар оның құралдарын да пайдаланады.Оқу әдістері белгілі оқу ( дидактика) құрал - жабдықтарымен іске асырылады.
Оқу құрал-жабдықтары - бұл білім алу, ептіліктерді қалыптастыру көздері. «Оқу құрал –жабдықтары» түсінігі кең және тар мағынада қолданылады. Тар мағынада бұл түсінік оқу және көрнекі құралдары, көрсетпе жабдықтар, техникалық саймандар және т.б. байланысты. Ал кең мағынада оқу құрал-жабдықтары деп білім мақсатын іске асыруға көмекші жағдаяттардың бәрі дептүсінеміз, яғни оқыту әдісі, формасы, мазмұны, сонымен бірге оқудың арнайы бұйымдарының бәрі осы оқу жабдықтарын құрайды. Оқу құралдарының көмегімен дүниені тікелей де жанама тануды жеңілдетеміз. Олар, әдістер сияқты оқыту, тәрбиелеу және дамыту қызметтерін атқарып, оқушыларды ынталандыруға, оқу-танымдық іс-әрекетті басқару мен бақылауға пайдаланылады.Дидактикалық құралдар төмендегідей жіктеледі:
- көру (визуалды) құралдары -кестелер, карталар, табиғи объекттер ж.т.б.;
- есту(аудио)құралдары-радио, магнитафон, ән-күй аспаптары ж.т.б.;
- есту-көру құралдары-дыбысты фильмдер, теледидар ж.т.б.;
- сөздік құралдар - оқулықтар, мәтіндер;
- оқу процесін авмоматтастырушы құралдар – тіл кабинеттері, компьютерлер, ақпараттық жүйелер, телебайланыс- қатынас тораптары;
- сөз, сөйлеу, ым-ишара, дене қозғалыстары.
Оқыту әдістеріне сипаттама
Тәжірибеде негізгі үш білім көздеріне қарай - сөз, көрнекілік, іс-әрекет (практика) деп әдістерді топтастыру кең тараған: сөздік әдістер (білім көзі ретінде ауызша не жазба сөз қызмет етеді); көрнекі әдістер (білім көзі- бақылауға түскен заттар, құбылыстар, көрнекі құралдар) және іс - әрекеттік әдістер (білім және ептіліктер ойын, оқу, қарапайым еңбектік істер процесінде қалыптасады).
Кесте № Әдістерді білім көздеріне қарай жіктеу:
Сөздік әдістер
|
Көрнекілік әдістер
|
Іс – тәжірибелік әдістер
|
Әңгімелесу
|
Демонстрация
|
Зертханалық әдіс
|
Әңгіме
|
Иллюстрация
|
Графикалық жұмыстар
|
Түсіндіру
|
Бақылау
|
Жаттығу
|
Сұқбат
|
және т.б.
|
және т.б.
|
Дәрісбаян
|
|
|
Дискуссия
|
|
|
Кітаппен жұмыс
|
|
|
Оқу әдістері жүйесінде басты орын сөздік әдістерге беріледі.
Әңгіме – оқу материалын тыңдарманға сипаттама не баяндау формасында монологты, бірізді сөйлеп жеткізу әдісі. Әңгіме оқытудың түрлі міндеттерін іске асыруға бағытталады: жаңа білімді хабарлау, бекіту мақсатында әңгіме, өткенді жаңамен байланыстыру, қайталау, қорытындылау, тексеруде қолданылатын әңгіме.
Әңгімелесу – мұғалім мен оқукшының арасында жаңа білімді хабарлау, пысықтау, қорытындылауды дұрыс ұйымдастырылыған сұрақ – жауап әдісі. Әңгімелесуде баяндау, талқылау, қорытынды жасау әдістері қолданылады. Сұрақ – жауапты ұйымдастыруда мұғалім сұрақтарды дәл, жинақы, оқушының ойын айтуға, дамытуға бағытталған болуы керек.
Түсіндіру – бұл игеруге қажет обьект, құбылыс, кейбір ұғымдар заңдылықтары мен мәнді қасиеттерін талқы, талдау, мысал келтіру жолымен дәлелдеп, оқушы санасына енгізу әдісі. Түсіндіру әдісінің мақсаты: заииардың елеулі белгілерін ашып көрсету, фактілер мен құбылыстарды талқалау. Оқу материалын түсіндіруде әрқашанда пайымдау, дәләдеу, ойм қорыту көп болады. Түсіндіру әдісі – оқушының алдына жаңа мәселені айқын, ашық етіп қойып, оқу материалын тыңғылықты баяндап шығады.
Сұхбат – оқудың диалогтық әдісі: педагог бірізді сұрақтар қоя отырып, оқушыны жаңа материалды түсіну, ұғу деңгейіне көтереді не ұсынылған материалдың қаншалықты меңгерілгенін тексереді.
Дәрісбаян (лекция) - көлемді материалды монологтық жолмен баяндау. Дәрісбаянның басқа сөздік әдістерден өзгешелігі – қатаң құрылымды, мол ақпаратты, баяндалуы қисынды, білім мәнін ашу жүйелікке негізделеді.
Дәрісбаян ғылыми-көпшілік және академиялық болып ажыралады. Өткен материалды қорытындылауға, қайталауға шолу дәрісбаяндары қолданылады.
Қазіргі кезеңде дәрісбаян әдісін қолданудың көкейкестілігі ірі бөлімдер мен жеке тақырыптарды игеруде оқу материалын топтап ұсыну (блок) тәсілін пайдалану қажетттігінен туындап отыр.
Оқу сөз-жарысы (дискуссия) әдіс ретінде нақты проблема бойынша пікір алмасуға, жекеленген көзқарастар білдіруге негізделеді. Сөз-жарыс барысындағы оқушының ой-пікірі өзінің меншікті шешімі не басқа тұлғалардың ғылыми –теориялық ұсыныстары болуы мүмкін. Оқу сөз –жарысының басты қызметі – шәкірттердің танымдық ұмтылыстарына дем беру.
Сөз жарыс жәрдемімен оған қатысушылар жаңа білімдерді игереді, өз пікірлерінің дұрыстығына не қателігіне көзін жеткізеді, өз көзқарастарын қорғап қалуға үйренеді, басқалар ой топшылауларымен есептесу қажеттігін түсінеді.
Кітаппен (оқулықпен) жұмыс – кітап оқу сөздік әдісінің аса маңызды түрлерінің бірі. Бұл әдістің тиімділігі –оқушы өзіне қолайлы жағдайда, өз түсініміне орай оқу материалын қалауынша қайталап игеруге мүмкіндік алады.
Баспа көздерімен оқу жұмысын атқарудың бірнеше жолы бар:
- конспектілеу - оқылған ақпараттың қысқаша жазбасы не баяны. Конспектілеу түрлері- түгелдей көшіру, іріктеумен таңдап жазу, толық не қысқа конспект түзу. Оқушы конспектіні үшінші тұлғаның атынан емес, өз атынан жасағаны жөн, осы жағдайда оның дербес ойлау қабілеті дамиды;
- тезистер түзу - негізгі идеяларды белгілі бірізділікпен қысқаша баяндау;
- реферат құрастыру – тақырып бойынша бірнеше ақпарат көздеріне шолу беріп, олардың мазмұны мен формасына өз бағасын беру;
- мәтін жоспарын жасау – мәтінді бөлімдерге келтіріп, әрқайсысына атама беру; жоспар жай не күрделі болуы мүмкін;
- сілтемелер беру (цитирование)- мәтіннен өзгертілместен бөліп алынған көшірме. Сілтемеге байланысты қойылатын талаптар: әдептілік болуы, мағынаның өзгеріске түспеуі, сілтеме алынған еңбектің авторын, атамасын, баспа орыны мен атын, жария жылын, бетін дәл келтіру;
- түсініктеме беру (аннотация)- оқылғанның мәнді тараптарын жойып алмастан, қысқа, ықшам баяндау (ауызша не жазба);
- пікір беру (рецензирование)- оқылған жөнінде өз ойын білдіруге арналған қысқаша ауызша не жазба баян.
- анықтама (справка) түзу –ізденіс нәтижесінде жинақталған ақпарат бойынша мәлімет. Анықтамалар түрі - өмірнамалық дерек, сандық- статистикалық, жағрапиялық, терминологиялық және т.б.
- формальды –қисынды модель жасау - оқылғанды сөз-сүлбе (схема) күйінде жеткізу;
- тақырыптық тезаурус құрастыру - тақырып, бөлім не түгелдей пән бойынша тірек ұғымдардың реттелген жиынтық тізімін жасау;
- идеялар матрицасын жасау - біртекті заттар, құбылыстар жөнінде келтірілген түрлі авторлар еңбектеріндегі салыстырмалы сипаттамаларда кесте формасына келтіру;
- пиктографиялық жазба –сөзсіз бейнелеу.
Білім көзіне орай топтастырудың және бір реті - бұл көрнекілік әдістер. Көрнекі әдістерді пайдалану барысында ақпараттық материалды игеру оқу процесінде көрнекі құралдар сүлбе (схема), кесте, сурет, модельдер, приборлар, техникалық құралдарды тікелей қолдануға тәуелді. Бұлардың бәрі оқушының сезім тетіктеріне ықпал жасауға негізделіп, сөздік және практикалықәдістермен бірге пайдаланылады.
Демонстарция әдісі тәжірибелерді, приборларды, препараттарды, табиғи объектілерді, кинофильмді пайдалану үшін оны алдын-ала қарап, қандай мәселелерді фрагменттерді бөліп, оқушыларға түсіндіру керектігігін анықтау қажет. Сабақ соңында фильм бойынша қорытынды әңгіме жасалады. Демонгстрация әдісі, әсіресе, физика, химия, биология сабақтарында түрлі приборларды, табиғи объектілепді қолдану барысында қолданылады.
Иллюстрация - әдісін иллюстративті құралдарды (плакаттар, картиналар, суреттер, сызбалар, модельдер т.б.) көрсетуге қолданады. Сабақта иллюстаривті материалдарды көп қолдану оқушының назарын нақтылы оқу материалынан ауытқуына әкелуі мүмкін. Сондықтан көрнекі құралдарды қолдануда дидактикалық қолдансынан және таным процесінде олардың ролін алдын-ала жақсылап ойласытырып алған жөн.
Бақылау әдісін пайдаланып, оқушылар мұғалім тапсырмасы бойынша өз бетімен бақылау жұмысын жасау түрі. Бақылау жұмысы химия, биология пәндерінен, мектептің оқу тәжірибелік учаскелерінде еңбек, ботаника пәндерінен берілген тапсырмалар бойынша жүргізіледі. Бақылау мәліметтерінен оқушы үнемі жазып отырады, ал оның нәтижесі сабақта талқыланады. Түрлері: демеонстрациялы бақылау, экскурсиялы бақылау, лаборториялық, техникалық, оқөушылардың өздігінен дербес бақылауы.
Бақылауды өткізудің әдістемелік талаптары:
1.Мұғалім оқушыларды белгілі нәрсені жан-жақты бақылауға, оның неғұрлым көп немесе әр түрлі қасиетерін, ерекшеліктерін, мүмкіндігінше сезім мүшелерін қатыстыру арқылы зертеуге бағыт беруі тиіс. Ол сондай-ақ ойлау әректімен тығыз байланысты болуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |