Томирис (570-520)- түркі-сақ халықтарының әйел патшасы. Бізге жеткен мәліметтерге сүйенер болсақ, оның қаһармандығы, ерлігі, парсының әйгілі патшасы Кирдің басқыншылық жорықпен келген әскерін ашық шайқаста тас-талқанын шығарып жеңуімен тікелей байланысты.
Парсы патшасы озінің айлакерлігімен Томирис ханшаның баласы Спарагатты тұтқынға алады, сөйтіп ол парсылардың қолынан қаза табады. Мұндай әректке қарсы Томирис ханша сұрапыл соғыс бастайды. Түркі-сақтар парсыларды жеңіп шығады. Бұл соғыста Кир патша да қазақ табады. Томирис ханша соғыс біткеннен кейін сарбаздарына Кирдің денесін таптыртып алып, басын кестіріп, қан толтырылған меске салып тұрып: «Жан дегенде жалғыз ұлымды аярлықпен қолға түсіріп, сен менің түбіме жеттің, жауыз! Енді Тәңірге берген сертімді орындап, басыңды қанға бөктіріп, сусыныңды қандырғаннан басқа амалым жоқ», - дейді. Түркі-сақ тайпасының «жеңілмейтін» парсы әскерлерін басқыншылығына қарсы күресіп, елінің тәуелсіздігін сақтайды. Осындай қаһармандығының, қолбасшылығының, ерлігінің арқасында әлемге әйгілі болады.
Бейбарыс сұлтан Жамақұлы (1223-1277) – қазақ даласында туған. 1260-1277 жылдар аралығында Мысыр елін билеген сұлтан, ортағасырлық Мысырдың аса ірі әскери және мемлекет қайраткері. 1260 жылы Хулагу әулетінің әскерлерін жеңеді, 1265 жылы крест жорығына қарсы тұрып, франктерді талқандайды, 1265-1267 жылдары Арменияны бағындырады, 1275 жылы Кіші Азия селжұқтарын жеңіп, империяны нығайтады, Шыңғыс хан әскерлеріне тойтарыс береді. Бейбарыс өзінің асқан ерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында тек қана қазақ елі емес, күллі Еуроазия әлеміне танымал саяси қайраткер және мемлекет басшысы болды [86, 238]. Бейбарыс сұлтан туралы тарихшы Макризи: «Дауысы зор, мінезі өткір, бір көзінің ағы болған», - дейді.
Жалаңтөс баһадүр (1576-1656) -әскери қолбасшы, Самарқанның әмiрi, Кiшi жүз биi Әйтеке бидiң атасы, руы Әлiм, Төртқара руынан шыққан батыр, әрi ел билеушi. Жетiсу өлкесiне басып кiрген қалмақтарды 20000 қолмен барып күшi екi есе басым басқыншыларға ойсырата соққы бередi, Хорасан мен Балх шаһарларын жау қолынан тартып алып, жеңiске жетедi,
Орта Азия халықтарының өміріндегі тарихи шешуші шайқастарда Жалаңтөс аса көрнекті қолбасшы ретінде танылды. Қазақ пен өзбек жеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батырға қарсы (1640), Жетісу өлкесіне басып кірген жоңғар әскеріне қарсы (1643), Хорасан мен Балх үшін Иран патшалығына қарсы (1649), Кабул мен Мешхед әскерлеріне қарсы (1649) жүргізілген ірі шайқастардың бәріне Жалаңтөс қолбасшылық жасап, үнемі жеңіс туын желбіретіп отырды. Сондай-ақ Жалаңтөс атын тектен тек қоймаса керек: «Шешесі Нұрата аяғы ауыр кезінде арлан қасқырдың төсіне жерік болыпты. Сейітқұл сол арланның ізіне түсіп, атып әкеліп, әйелінің жерігін қандырған екен», - дейді.
Есет батыр (1667-1749) - Кiшi жүзден шыққан батыр, әскери атағы -тархан, Тама руынан. Тарихи деректерге қарағанда кіші жүздің жеті руын билеген. Жоңғар-қалмақтармен болған соғыста қалмақтарға күйрете соққы бередi, орыс-қалмақ басқыншыларына қарсы күрес жүргiзедi. Ту ұстап, тарлан мінген, ел намысы үшін күрескен Есет батыр өз заманында кіші жүзге белгілі тархан болған. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлар аса бір шытырманды, ел керегесі солқылдап, шаңырағы шайқалған заман еді. Дәлірек айтсақ, 1710-1711 жылдары Тәуке хан әскерімен бірге Есет батыр да жауға тойтарыс береді. Батырдың ерлігіне риза болған Тәуке хан: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын!» – деп бата берген. 1727 жылы Бұланты өзенінің бойында қазақ халқының ойрат-қалмақтарға ойсырата соққы береді. Қазір ол жер «Қалмақ қырылған» деген атпен белгілі. Есет батырдың ерлігі жайлы:
«Ор мен Елек бойынан,
Жылжымаған кіші жүз,
Қоныстарын қорғады,
Қол шығарып талай жүз.
Ойыл өзен бойларын,
Қалмақты одан тазартып,
Бет қаратпай дұшпанды,
Жұрт жағдайын жақсартты», - деп Керей Жанкісі жырау жырлаған болатын. Ерлігінің арқасында Есет батырды дүйім қазақ жұрты аңызға, жырға қосты. Халық өз батырын ардақтап, 1992 жылы 325 жылдық мерейтойын атап өтті. Ел аузында «Ердің соңы – Есет, пірдің соңы – Бекет» деген сөз бекерге айтылмаса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |