3-кедергі: Сенім артудың жалған нысандары
Құдай бізді өзгерткен кезде, Ол біздің өміріміздің барлық салаларын Өз еркіне бағындыруға тырысады. Соған жету үшін Құдай бізден Өзінің еркіне толық берілуге кедергі жасайтындарды, Оған толық сенім артуға жол бермейтіндердің бәрін алып тастайды.
Құдайдың ниеті біздің Оған барлық нәрседе сенім артуымызға негізделген. Егер біз бір нәрседе өзімізге сүйенсек, біз Құдайға толықтай сенбейміз. Біздің сеніміміздің кез-келген нысаны – саналы немесе санасыз болсын мейлі – біз бен Құдай арасындағы бөгет, кедергі болады. Егер киелі кітаптық балшық пен құмырашының бейнесін қолдансақ, құмыра жасайтын балшықтағы сол бір тас болса, дайын болды-ау деген ыдыстағы сол бір ауа көпіршігі болса, балшықпен ары қарай жұмыс істеуге кесірін тигізген сол бір мін болса, біздің сеніміміздің нысаны сол.
Біз не нәрсеге сенім артуға бейімбіз?
Өз күшіміз
Біріншіден, біз өзімізге сенуге шешім қабылдаймыз. Біз тәуелсіздікке ұмтылыспен дүниеге келеміз. Көпшілігіміз жүрегіміздің тақтасына әлдеқашан: «Құдайға кіруге болмайды», – деп жазып алғанбыз. Басқалар Құдайға: «Құдай, міне Саған өмірімнің бір бөлшегін беремін –тіпті 95%-ына дейін – онда не істегің келсе, соны істе. Ал қалған бесеуін өзіме сақтаймын», –дейді. Біз өзіміз қалаған жаққа барғымыз келеді, өзімізге ұнағанды сатып алғымыз келеді, өз ойымызға келгенді істейміз, кіммен достасқымыз келсе, сонымен достасамыз. Басқаша айтқанда, біз қалай және қай жерде қаласақ, солай өмір сүреміз.
Егер біз Құдайдың күшін, даналығы мен сүйіспеншілігін толықтай иемденгіміз келсе, өзімізге еш нәрсе сақтап, қалдырмай, өзімізді Оған сеніп тапсыруымыз керек.
Молшылық
Екіншіден, біз ақшаға немесе дүниедегі басқа игіліктерге сенім артамыз. Мен бір өте бай адамды білетінмін. Бір күні ол маған қалжыңдап: «Егер менің шотымда 30 мың доллардан аз қалса, өзімді кедей сезінемін», – деді.
Ол ақшасына сенім артты. Кәсіппен айналысуды көбейтіп, отбасы мен қауымға, достарына аз уақыт қалдыратын болды. Бірақ ол көп уақытын іске арнаған сайын, дұрыс шешім қабылдауы қиынға соға берді. Сөйтіп, арада біраз уақыт өтіп, орын алған бірнеше сәтсіз инвестициялар оны толықтай тақыр жерге отырғызды. Әйелі күйеуінің өзін менсінбеген кезінде жалғыздықтан қажып, одан кетіп қалды. Бәрінен айырылған ол бір өзі қуықтай бөлмеде соқа басы сопиып қалды. Байлығын бар күшімен қайтарып алуға тырысты, бірақ ол: «Тәңірім, мен Сендікпін. Саған сенім артамын. Бар өмірімде тек ақшаға сүйендім. Бірақ енді мен Саған сенетін боламын», – деп айтпайынша, Құдайдың еш көмегі болмады.
Осы сынақ арқылы Құдай оған өміріне қажетті ақшаны ғана табуға үйретті. Бірақ бұл адамның өміріндегі ең ғажап кереметтің бірі – ол енді байлықтың қамын жемейтін болды. Енді ол ақшадан, байлықтан бостандық алды.
Сыртқы келбет
Кейбір адамдар өздерінің сыртқы түрлеріне және басқаларға оң пікір бере алатын жақсы ықпалдарына сенім артады.
Мен өмір бойы әдемі болып жүруге тырысатын бір әйелді білетін едім. Тіпті қартайған шағында да ол әдемілігін сақтап қалды. Айналадағыларға жақсы әсер қалдыру – ол үшін ең маңызды нәрсе болып табылатын. Алайда 70 жасында ол қатты ауырды. Ауруы асқына берді, сөйтіп ол бір күні өзін сыртқы келбеті енді қайтып мазаламайтынын білді. Сыртқы тартымдылықтың орнына онда өзіне жақын адамдардың өздері байқамайтын ішкі сұлулық байқалды. Оның ажары солғындап, ал рухы көктің әсемдігімен жарқырай бастады. Ол өзіне келген адамдардың бәріне шабыт болып, өз өмірінде әрекет етіп жатқан Құдайдың рақымының толықтығымен бөлісе алды.
Бұл әйел жүрегінде қуанышпен, тыныш рухпен дүние салды. Өлерінің алдында ол: «Енді мен о дүниеге аттануға әзірмін!» – деді. Бұл азаптың оған бата әкелгенінің тамаша белгісі мен мойындауы еді.
Достарыңызбен бөлісу: |