Қайнатылған массаны қанттандырудың негізгі мақсаты: ашыту және ашытқыны культивациялау үшін құрамы оңтайлы қанттандырылған суслоны алу болып табылады.
Қанттандыру сатысындағы негізгі үдеріс – уыттың амилолитикалық ферменттерімен немесе микробты ферментті препараттармен крахмалдың гидролизі.
Крахмал гидролизі белгілі бір дәрежеде спирт өндірісінің бірнеше сатысында өтеді.
Гидролиздің бірінші сатысы заместі алдын-ала қайнату сатысында термотұрақты амилазаны пайдаланғанда жүзеге асырылады, мұнда крахмал жоғары молекулалы декстриндерге дейін ішінара гидролизденеді, бірақ қайнатудың жоғары температураларында бұзылатын төмен молекулалы көмірсулар түзілмейді.
Тереңірек крахмал гидролизі екінші саты деп есептеуге болатын қанттандыру сатысында жүреді. Бұл сатыда крахмал уыттың α- және β-амилазалар мен декстриназа немесе ферментті препараттардың бактериалды амилаза мен глюкоамилазасы әсерінен йодпен боялмайтын ашытылатын қанттар және төмен молекулалы декстриндерге дейін ыдырайды.
Гидролиздің үшінші сатысында ашу сатысында декстриндер ашытылатын қанттарға – глюкоза, мальтоза, мальтотриозаға дейін қанттандыру сатысында енгізілген ферменттермен қантталып бітеді.
Қанттандыру сатысында крахмал гидролизімен бір мезгілде протеолитикалық ферменттер әсерінен ақуыздар ыдырауы жүреді. Осының нәтижесінде амин қышқылдары, дипептидтер, пептидтер және ақуыз ыдырауының басқа өнімдері жиналады. Бұл үдеріс маңызды рөл атқарады, себебі амин қышқылдары және кейбір дипептидтер ашытқымен оның көбеюі кезінде азотты қоректену ретінде тұтынылады. Ақуыз гидролизі қанттандырушы материалдар ретінде негізгі амилолитикалық ферменттермен бірге протеолитикалық ферменттер болатын уыттар және тазартылмаған ферментті препараттарды пайдаланғанда айтарлықтай белсенді жүреді. Соңғы кезде қайнатылған массаны қанттандыру үшін, іс жүзінде ферменттердің бір ғана тобы бар жоғары тазалықты амилолитикалық ферментті препараттарды қолдану, ашытқыны амин қышқылдарымен қамтамасыз ету үшін қосымша протеолитикалық ферментті препараттарды енгізу немесе бейорганикалық азотты қоректендіруді енгізу қажеттілігіне әкеледі.
Уыт ферменттері мен ферментті препараттар әсерінен крахмал және ақуыздар гидролизінің механизмі «Сала технологиясы» курсының 1-бөлімінде жан-жақты қарастырылған.