Жасампаздық қиырында



бет14/18
Дата20.06.2018
өлшемі406,43 Kb.
#43874
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

ТЕМІР АДАМДАР АЙҚАСЫ

- Ғалым-ғарышкерлер бұл жағдайдан да бейхабар еді. Бәрі де сол қуанышты күндері мен түндерін, сағаттары мен минуттарын санап өткізіп жатқан. Мұндай асыққанда уақыт шіркін де жылжымайтындай болып кетеді-ау. Қайтатын уақыт таяған сайын жүрек лүпілі де жиілей түспек. Сығылу аймағынан шықты деген соз, барлық қиындықтан құтылып, бостандыққа, Жерге қарай зымырап ұшатын жұлдыз жолға түсті деген сөз. Кеңею кеңістігіндегі жан біткен ұлғая береді. Тек жансыз заттар ғана сол қалпында қала бермек. Онда да бүлініп-сынбайтындары.

- Кеңею кеңістігінде адамдар тек ұлғаюға, өсуге талпынады. Жануарлар мен өсімдіктер әлемі де солай. Ал сығылу аймағындағы құбылыс онан өзгеше. Адам өзіне тән бойына жеткеннен кейін қайта кішірейе бастайды. Жануарлар мен өсімдіктер де сондай. Ал сол ұлғаю, өсу дәрежесіне жеткеннен кейін кішірею процесі жүреді. Жерден келген ғалым-ғарышкерлер сондай процеске жетпеуге тырысқан. Уақыты жеткеннен тез қимылдай бастағандары да содан еді. Олар үлкен ғаламшарда әуелі ұлғайған, одан кейін қайта кішірейіп мүлдем жоқ болып кеткендер жөнінде де аз естіген жоқ. Өсімдіктер де сондай еді. Жерде болса, олар сол өсіп жеткен биік бойымен қалып, қурап, сынып, желге ұшып жоқ болар еді.

— Ғалым-ғарышкерлер ол құбылыс жайлы да талай-талай ғылыми фильмдер мен бейнефильмдер түсірген. Олар соңғы кездері үлкен ғаламшардан көптеген мәліметтерді алапат кемедегі есте сақтау жүйелеріне кешірген. Сол ғаламшарда өсіп-өнген мал мен құстарды да осында жеткізді. Енді тек олармен қоштасу мен мына сығылу аймағынан құтылып шығу әрекеті ғана қалған. Сығылу кеңістігіндегі сығылу күшін жеңіп шығу да оңай емес-ті. Ол үшін осы алапат кеменің күшіндей күші бар он кеме керек. Тәкен бастаған топ ол мәселені де шешті. Үлкен ғаламшардағы ел басшысы мен оларды қолдайтын баска да ғаламшарлар ел басшыларының күштерін қосып, ғаламат итергіш-қозғалтқыштар жасаған. Сол ғаламат күш қана алапат кемені бұл аймақтан суырып алып шыға алмақ. Бірақ олардың кеме ішіне естілетін қуатты гүрілі мен дірілі де оңай емес. Оларды басқару да күрделі іс. Ғалым-ғарышкерлер ол күшті, оны басқаруды темір адамдарға артты. Олармен бірнеше рет жаттығу жасап, үлкен ғаламшардың ел басшысы, оның төңірегіндегілер, көрші ғаламшардың ел басшыларымен, тұрғындармен жылы қоштасып, кеменің қозғалтқыштарына от қосуға әрекеттенген. Осы сәттерде бесінші ғаламшардың тұрғындары ғана үнсіз, ешбір хабарсыз қалған еді. .

— Жер ғалым-ғарышкерлері үлкен кеменің негізгі қозғалтқыш құбырларын қосып, енді калған қосымша құбырларды қолға алмақ болғанда тағы бір күтпеген оқиға басталды. Бір топ кеме қоршай ұшқан үлкен-үлкен отыз бір кеме тап осылай қарай бет алып келе жатты. Ғалым- ғарышкерлер алғашында оларды жамандықка жорымағанды. Сол бұрын- ғы жақсы көңіл-күйлерімен алып ұқсас темір адамдары арқылы кеменің түрлі жүйелерін басқарып, қосымша қозғалтқыш құбырларды бірінен соң бірін қоса берген. Сонымен қабаттасып, сонымен ерегескендей әлгі кемелер тобы да таяп қалды. «Бұлар кімдер?» дегеннен гері «Бізді Жерімізге қарай күрметтеп шығарып салғалы келе жатқан абзал жандар болар?» деген жақсы ниетті ойға келген Тәкен тіпті, кеменің негізгі шығар есігін ашуга да ми биотогы арқылы ұқсасы Темірбекке бұйрық та берген еді. Қалғандар оның бұл әрекетіне аң-таң. Тәкен қай жерде, қай жұлдыз жүйесінде жүрсе де ол әлемдегі саналы адамдардан тек қана жақсылық күтетін. Өзі ешкімге жамандық жасап көрмегендіктен барлық адамдарды да солай санайтын. Сол аңқылдақтығынан талай рет опық та жеген. Бойына туа біткен қасиет болғандықтан одан арыла алған емес. Бұл жолы да сондай бір аңқылдақтығын жасап үлгерген.

— Келгендер де қулық жасап, алдын ала арнайы белгі беріп, от шашу ме- рекесіндегідей бір көрініс те жасаған. Сол кезде Азамат, Сәлмен, Сәрсенбі, Жақан мен Сейдолла да бір сенімге қаныққандай болған. Жоқ, енді күтпеген жерден бәрі де басқаша бөлек болып шыға келді. Тәкен ашқызған сырт есік арқылы ішке бір топ алып темір адамдар лап қойды. Тәкеннің санауынша, олар тура отыз бір. Олардың әрқайсысының иықтарында, алақандарында бесінші ғаламшардың мамандар топтары бар. Оны ғалым-ғарышкерлер әлі де болса да жаманға баламаған. Содан бір кезде сырттан келгендер ай жоқ, шай жоқ кемедегі алты алып темір адамдармен алыса кетті. Майда адамдардың бәрі де кеменің жүйелеріндегі қуыс-қуысқа тығылды. Ғалым ғарышкерлер де сөйткен. Тәкеннің бір түсінгені - аналардың темір адамдары ұқсастарының ми биотогымен байланыстырылмаған. Соның өзі де Тәкен жағына көп пайда болды.

— Темір адамдар бір бірлерімен айқасқа көшкенде, кеме жүйелерінің қуыс-қуысына тығылған майда адамдар енді олардың жай-күйін сығалап қарай бастады. Отыз бір темір адамға алтаудың төтеп беруі де қиын еді. Біразға дейін Тәкен бұл болып жатқан оқиғаға сенер-сенбесін де білмеді. Тек содан кейін ғана, іс насырга шаба бастағанда Тәкен ми биотогы арқылы Темірбекке бұйрық бере бастады. Fалым-ғарышкерлер естерін тез жиды. Тәкеннен басқалар да өзді өзі ұқсастарына адам санасы тұрғысынан бұйрық беріп, айқасқа араласып кеткен. Бұл тұста ғалым-ғарышкерлерге күштің де қажеті жоқ еді. Ақыл мен айла болса жеткілікті. Өздері сол бұрынғыларындай үлкен болса, отыз бір темір адаммен жекпе-жек айқасқа шығар еді. Енді ондай күш жоқ. Ендігі бар күш мида. Ал жаулап алуға талпынған топ темір адамдардан арнайы аралық телебайланыс арқылы басқарып тұрды. Бірақ оған қарағанда, бұлардың әрекеттері әлдеқайда ширақ еді.

— Сырттан келгендерді дәл осылайша күтпеген жерден басымшылық жасайды деп ешкім де ойламаған. Қуаныштың лебінен барлық нәрсеге сеніп, аңғалданып та қалған еді. Соның зардабын да енді көре бастағандай. Кең дәліздің бойында отыз бір темір адам аяқтарын сарт-сұрт басып асқару жүйесіне қарай кетіп бара жатты. Бұлар тез арада өздерінің ұқсастарына олармен қарсыласуды бұйырған. Темірбек, Алғыр, Сәттібек, Серәлі, Жақсылық пен Серік жаулап алмақ болғандардың алдарына өтіп баскару пультінің есігін жауып үлгерді. Осы жерде тагы да күтпеген айқас басталды. Егер олар бір-бірлеріне қару қолданғанда кеме ішінде талай нәрсе бүлініп үлгерген болар еді. Ондай ештеме сынған жоқ. Дегенмен де, кейбір тұтқалар майысып қалып жатты. Темір адамдар бір бірімен өздерінің жаттықтырушылары үйреткен әдіс-тәсілдер бойынша айқасуда. Ол айқастан шыққан дыбыс та кеме ішін жаңғырықтырып жөнелгендей. Темір адамдардың бұл айқастары сырттан қараған адамға бейнебір өз беттерінше соқтығысып, бір біріне кедергі жасап жатқандай да болады. Тәкен әзірше үлкен ғаламшардың тұрғындарынан көмек күткен жоқ. Көмек шақырудың да рет жоқ-ты. Отыз бір темір адамға Карағанда, алты темір адам әлдеқайда ақылды да айлалы. Кеменің өзінде де осындай жағдай бола қалғанда қолға түсіргендерді қамауға алатын, есігі мықты жабылатын арнайы бөлімдер бар-тын. Тәкен ми биотогы арқылы өзінің ұксасына оны да ескерткен. Сондықтан да айқас барысында алып темір адам кейін шегіне-шенгіне сол түсқа таяған. Тұтқындау бөлімінің есігі еденде болатын. Егер оны аралық басқару жүйесі арқылы айқас барысында ашып кеп жіберсе, онда темір адамдар күтпеген жерден оған күмп-күмп түсіп кетуі де мүмкін. Ал оның іші болса да терең. Төменгі жағында түскенді қатты соққыға ұшыратып, уақытша естен тандыратын құрылғы да орнатылған.

— Ендігі басты бір үміт те сол еді. Тәкен ұқсасы Темірбекті солай қарай бағыттаған. Ол өзінің қарсыласымен жұдырықтаса, итерісе келе сол тұсқа да жетті. Тәкен бастаған топ қарсы топты бақылай жүріп, алыс әрі үлкен көрінсе де, едендегі есікті жобалап білді. Тәкен өзін қалай сезінсе, Темірбек те өзін дәл солай сезінетін. Тәкен оны шебер басқарды. Шебер төбелестірді. Жұлдызаралық сапарға шығатын әрбір ғалым-ғарышкер кездесе қалған жауымен айқасудың неше түрлі айла-әдісін жақсы біледі. Сол әдіс-айланы қалған галым-гарышкерлер де қолдануда. Соның арқасында отыз бірге дес бермей барады. Әйтпесе, оларда күш әлдеқайда басым. Тек ақыл мен айласы аз. Айласыз күш далаға бос кеткен күшпен тең. Отыз бірдің соққыларының көбі дерлік мүлт кетіп жатты. Алғашында Тәкен оларды мейлінше әдісқой, айлалы әрі күшті шығар деп қорыққан. Сөйтіп, »Енді біттік қой. Бізге енді Жерді көру жоқ. Оны ұлы Жаратушы маңдаймызға жазбапты» деп ішінен қатты өкініп те алған-ды.

- Енді өздерінің ақыл-айла, әдіс-тәсілдерімен жеңіске жете бастаған Ұқсас темір адамдарын көргенде кәдімгідей жігерленіп, көңілденіп қалды. Бірақ олардың барлық қимыл-әрекеттерін өздерінің ми биотоктарымен басқарып тұрды. Ара-тұра шыдай алмай кейбір әдістерді өздерінің дене қимылдарымен көрсетіп те қояды. Өздері қандай әдіс қолданса, темір адамдар да тап соны қолданады. Ана топ ондай әдістерді біле бермейді. Олар өздерінің қолдарындағы басқару құралдарына мәз. Алтаудың бір ерекшелігі бәрі де мұқият құрастырылған. Ал ана топтың темір адамдары санасыздау болып шықты.

- Сәлден соң отыз бірдің өзінше бір күш көрсеткісі келген біреуі айқаса-айқаса келе еденде кенеттен ашыла кеткен есіктен темен қарай құлап кетті. Одан кейін де бірнешеуі келмеске құлаған. Оған ғалым- ғарышкерлер сәл де болса көңілденіп, мәз болып та қалған еді. Кенет қарсы жақ күшейіп кетті. Енді бір де бірі еденнен ашылған есіктеріне ілікпеді. Жаулап алушылар тобы мән-жайды жақсы түсініп, тез арада басқа бір айлаға көшсе керек. Сырттан енген темір адамдар іштегі алты темір адаммен айқаса жүріп, бірте-бірте кеменің басқару пульті орналасқан басқы беліміне де жақындап қалған. Ең қиын сәт те, ең қиын арпалыс та осы жерде басталмақ еді. Мұны көрген Тәкен темір адамның иығында жүрсе де дамыл таба алмай кетті. Ұқсасының иығынан түсе қалуға тағы да болмайды. Еденге түссе олардың кез келгенінің табанының астында езіліп қалмақ. Содан ол бір кезде;

- Достар! Қиын сәт келді!Кеме үшін, Жер үшін қасық қанымыз қалғанша күресеміз! Қане, ана топқа кедергі жасайық! — деді дауысы қатайып.

- Өйтпесек, өзі де болмайды! - деді артынша Азамат.

- Айқасқа түсейік!

- Бар күш-жігерімізді аямайық!

- Алға, жігіттер!

- Жер үшін жан пида! — десті жігіттер кэдімгі майданға аттанып бара жаткан жауынгерлердей шулап.

Бірақ бұл шу темір адамдар үшін түк те емес еді. Олар тіпті, бұлардың дауыстарын арнайы дыбыс қабылдағыштары арқылы әрең естіген. Егер ми биотогымен ғалым-ғарышкерлер байланыстырылған болмаса, онда бұлар бұл бұйрықтарын да орындамайды. Ал қазіргі жағдай басқа-тын. Алты темір адамды сырттан келген отыз бір темір адамға қарсы қою үшін тек ми биотогы жеткіліксіз. Сондықтан да Тәкен шабуылды дұрыс көрген. Бұл бір жағынан өздеріне де күш-жігер тудырмақ. Отыз бірдің алтауға күш жағынан басым түсетіні белгілі. Ал егер оған өздері араласса, онда онда жаулар жағына біраз кедергі келтірмек. Жаңағы күш, рух шақыру дауыстары енді тіпті, өздерінің кішкентайлықтарын да ұмыттырып жіберген.

Тәкен бастап, басқалар қостап, отыз бір темір адамды басқарып отырғандарға шабуыл жасады. Бұл жерде тапанша атаулы қолданылған жоқ. Қолданылса, мүлт кеткен оқтардан кеменің кейбір нәзік детальдары істен шықпақ. Ол шабуыл жасаушыларға тиімсіз. Басты мақсаттары да мына алапат кемені аман алып қалу. Ғарышкерлерді зақым келтірмей қолға түсіру. Сөйтіп, солардың ми биотогымен темір адамдарды басқартып, Жерге қарай сапар шегу. Осындай мақсатты көздеген шабуылшылар қару қолданбастан айқаса кетті. Кеме іші кең даладай. Кеменің дәліздерінде емін-еркін жүгіріп те жүр. Ал темір адамдардың әрбір аяқтары тіреудеи- тіреудей көрінеді. Олардың қолдары бейнебір жүк көтергіш кран секілденеді. Бірақ, соған қарамастан олар ширақ қозғалады. Барлық қимылдары адамның өзінің қимылындай. Сарт-сұрт жұдырықтасқан дыбыстары жоғарыдан шығады. Кейде алыптар бір бірімен иық тіресіп, енді бірде көкірек соқтығыстырып та қалады. Ондай дыбыс дәлізді жаңғырықтырады, Шақ-шұқ еткенде құлақ тұндырады.

Сол айқастардың астында, өздерінше тагы бір топтық, ұлудай адамдар тобының айқасы өтіп жатты. Қай қайсысы да өз есесін бекер бос далаға жібермейді. Ойларын темір адамдардан бөлмейді. Бұлар жігерленген сайын темір адамдар да соққыны күшейтеді. Бұл тірі адам миы мен темір адамдардың миының биотоктік байланысының күштілігінің арқасы еді. Екі топ бір бірімен кездесе бере-ақ соққыны бастап кеткен. Келгендердің бір кемшілігі, темір адамдарының арнайы пешенеленген бағдарламамен ғана әрекет ете алатыны. Сондықтан да отыз бірдің көбінің күрес әрекеті сәтсіз өтіп жатты. Бұл да Тәкен бастаған топ жағына пайда әкелді.

Жау жағының саны көп болғанымен, санасы мен білімі, ақылы мен айласы төмен дәрежеде болды. Сондықтан да күш Жерден келген ғалым- ғарышкерлер жағына қарай өңгеріле берген. Тәкен бастаған топ сырттан енгендердің біреуін есеңгіретіп те тастаған. Олар қанша дегенмен де кеменің ішкі құрылысын өздеріндей білмейді. Сол себепті, қай қайсысы да кеме сырын анықтауға да уақыт жоғалтып жүр. кемедегілердің тағы бір мақсаттары алты темір адамды да айқасқа қосу, Сонда олар олжалы болмақ. Алты ғалым-ғарышкер қолға түссе, олар арқылы темір адамдарды басқармақ. Сөйтіп, темір адамдар алапат кемені сығылу аймағынан алып шығуы тиісті. Егер екі жақ та қазір бір біріне сәулелік қаруды қолданса, алапат кеменің талай детальдары бүлініп кетпек. Алапат кеме екі жаққа да керек. Онсыз сығылу аймағынан құтылып шығу еш мүмкін емес. Әсіресе, Жерден келген ғалым-ғарышкерлерге кеме ауамен бірдей. Алапат кеменің бүлінуі - осы кіші әлемде біржолата қалғанмен бірдей. Тәкен бастаған топ сол үшін бар күш-жігерлерін сала арпалысты.

Арпалыс ұзаққа созылды. Екі жақтың да қиялдары бейтарап болған. Бұлар Жерге аман-есен оралуды армандаса, аналар алапат кемені басып алуды арман еткен. Сол арман екі жақтың осыншама қиян-кескі ұрысқа кіруіне әкеліп соқты. Темір адамдар өздерімен өздері, ал бұлар өздерінше белек арпалысып жатты. Тәкен бастаған топ пен жаулап алуға талпынған топтың арасындағы айқас сәл бәсеңсіп қалған. Қарусыз болғанымен екі жақ та бір бірін жұдырықтың астына алған еді. Ғалым-ғарышкерлер де Жерде жүргенде түрлі халықтардың күресінен үйренген әдістерді қолданды. Сол әдіс-айланың арқасында жаулардың беті қайтты. Қолдың қарымен, аяқпен, баспен жылдам соғу арқылы жаулап алмақ болғандардың талабы талып түсті. Бет-ауыздарының қып-қызыл қан-жоса болғандары қаншама.

Ақыр соңында олар сыртқа карай шегінген. Тәкен бастаган топ сол әдіс-айлаларымен қолдарын да, аяқтарын да сермей ілгерілей берген. Тап осы әдістерді алып темір адамдар да айнытпай қолданған еді. Олардың ми жуйелерінің ғалым-ғарышкерлердің ми жүйелерімен тікелей байланысты екенін сырттан келгендер ұмытып та кеткен еді. Жаулап алушылардың саны өздерінен әлдеқайда көп. Соған қарамастан ғалым-ғарышкерлер олардан еш тайсалған жоқ. Қайта жігерлене түскен. Жауларын қуа-қуа шығар есікке таяған. Бірақ осы жерде олар да жанталаса қарсыласты. Айқас күшейе түсті. Бәрінен де темір адамдардың айқастары күрделі де қатерлі еді. Өйткені, олар үлкен. Егер олардың қолдары мен аяқтары кездейсоқ тиіп кетсе, кеменің талай нәзік жүйелерін қиратпақ. Алты ғалым-ғарышкердің алты ұқсас темір адамы «саналы» еді. Алты ғарышкердің көзқарасымен қарайды айналаға олар да. Сондықтан да аналардың темір адамдарынан әлдеқайда ақылды да айлалы. Айқас барсында алтауы отыз бірдің талайын істен шығарды. Ол темір адамдар қанша епті, қанша күшті болса да, бәрібір, ғалым-ғарышкерлердің ұқсастарына жете алмайтын.

Айқастың соңы сыртқа шығар жердегі кең дәлізде ауысты. Темір адамдар да ешбір қару атаулыны қолданбай-ақ қарсыластарын ығыстырды. Кең дәлізге шыққан кезде отыз бірдің небәрі оны қалған еді. Ал Тәкен бастаған топ, айқасқан топтан қалған адамдар одан да аз. Күш ғалым-ғарышкерлер жағына шындап ауды. Бұл күресті бақылап-барлап отырған басқа ғаламшар тұрғындарының көптеген кемелері осы жаққа қарай қарақұрым болып ұшып келіп, алапат кемені айнала ұшып жүрген еді. Тәкен бастаған ғалым-ғарышкерлер тобының жеңіске жеткенін естігенде, үлкен ғаламшардағылар қуанышты екендіктерін телехабарлар арқылы білдіріп жатты. Оларды басқа ғаламшардағылар да қолдаған. Ұзақ арпалыстың арқасында тағы бір қатер сейілді. Енді ғана сығылу аймағынан шығамыз ба дегенде, кесекөлденең кезіккен мына оқиға ғалым-ғарышкерлердің Жерге қарай қайтатын, мына сығылу аймағынан шығу әрекетін тағы бір-шама уақытқа кешеуілдетіп жіберді.



ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

СОҢҒЫ АЯЛДАМА

ОТПЕН ОЙЫН

Бесінші ғаламшардан келгендер жеңіліске ұшырап, қара ниеттері әшкереленіп, күллі кіші әлемге мәшһүр болғаннан кейін ғалым-ғарышкерлер алапат кеменің ішін ретке келтіруге кіріскен еді. Кеме ішінде қанша дегенмен де біраз нәрселер бүлінген болатын. Әсіресе, темір адамдардың айқастары аса қатерлі болған-ды. Сырттан келген темір адамдардың кеме ішіне қалыптаса алмай, дәліздегі қақтығыстар кезін-де әрдемеге бір соқтығысып, қатты сасқалақтағаны бар. Олардың істен шығып құлағандарын сүйретіп, арнайы бөлмелерге алып бару да осы алт темір адамның мойнына жүктелген. Тәкен бастаған топ сол темір аламдардың иықтарына отырып алып, олардың әрбір жасаған жұмыстарын кадағалауда Егер мына сығылу аймағынан аман-есен шығып, Жерге қарай бет алып, демдерін алса, онда бірте-бірте ұлғайып, темір адамдардың өздерімен теңесер еді. Сол арман ғалым-ғарышкерлерді одан сайын жігерлендіре түскен.

Енді ғалым-ғарышкерлер мұндай бөтен аймақта ештемеге де сенуге болмайтынын анық сезді. Соңғы сәттерде бәрі де қындарына сәулелік тапаншаларын ілген. Өйтпеске еш шаралары да жоқ. Тағы бір шабуылдың бола кетпесіне кім кепіл. Тәкен де, Азамат, Сәлмен, Сәрсенбі, Жақан мен Сейдолла да демалысты қойған. Кеңістік иірімінен шығудың өзі де оңайға түспейді. Егер бәрі тыныш, бәрі жақсы болғанда, осы кезде бәрі де әлдеқашан кеңею кеңістігінде болған болар еді. Өмір болған жерде, қоғам мен адам бар жерде осындай кақтығыстардың болып жататыны да анық. Адам адамға кедергі жасамаса, ол әлдеқашан әділдік әлемінде өмір сүрген болар еді. Бір ғаламшардың тұрғындары қолдаған нәрсені екінші ғаламшардың тұрғындары мойындамайды. Сөйтіп кете береді. Егер де үлкен ғаламшар тұрғындарының ой-пікірін бесінші ғаламшардың тұрғындары қолдағанда, мұндай қақтығыс орын алмас еді.

Ғалым-ғарышкерлер алапат кеменің қақтығыстан бүлінген біраз жерлерін, темір адамдардың шебер қолдарымен қалыпқа келтірді. Кемеде қосымша детальдардың бары да өздеріне бір пайда еді. Егер ол болмаса, мына алапат кемені детальдары мұнда қайдан табылсын. Ал оны жасау тағы да көп уақыт алмақ, әрі оны өз орнына келтіру де оңайға соқпақ емес. Сондай кедергілерді де жеңіп шыққан ғалым-ғарышкерлер іштей қуанып, тағы да анау-мынау қалған олқылықтарды түзеп жатқан еді. Кенет басқару пультіндегі сырттан жеткен дабылды білдіретін түрлі-түсті шамдар жыпылық қаға жөнелді. Алапат кемені ішінде бәрі де бар. Сырттағы кең кеңістікте, кемеден көптеген шақырым қашықтықта келе жатқан бөтен денені де тіркеп алатын күрделі жүйелер де қалтқысыз жұмыс істеп тұр. Жұлдызаралық сапарда ондай жүйесіз кемемен сапар шегу қауіп туды- рады. Ғалым-ғарышкерлер ол жағын да мықтап бақылауға алған. Соның арқасында олар өздеріне төніп келе жатқан тағы бір қатерді дер кезінде сезді. Олардың әуелдегі қатер төндірушілер екені алыстан-ақ жақсы байқалды. Жаулап алушылардың осылайша қайта бір оралатынын ғалым- ғарышкерлер де алдын ала сезіп жүрген де болатын. Қаптаған ғарыш кемелері бері жақындап, алапат кемені қоршауға алды. Өздері аса кішкентай, кеме аса үлкен көрінетіндіктен оның жан-жағын бақылап керу де оңай емес-ті. Бүгінде өздері алапат кемедегі тікелей бақылау құралдарын да қолдана алмайды. Тек темір адамдардың қолдарымен ғана басқара алады. Оның да кейбір қиындықтары бар.

Кемелер айналып ұшып жүр. Тәкен тағы да толқып, бір орнында байыз таппай кетті. Сасқанынан жанындағы ұлудай ғана адамға жалтақ-жалтақ қарай берген. Ол көп жағдайда Тәкенге ақыл-кеңес беретін. Бұл жолы ол бір жамандықты сезгендей үнсіз. Өздерінің үлкендіктеріне сай жасалған телебайланыс құралдарының экранынан бақылағанда, болса да ол кемелер үп-үлкен болып көзге шалынады. Ал егер темір адамдардың көзімен қарар болса, онда ол кемелер кіп-кішкентай болып шалынбақ. Мұндайда болса да адамдар үлкен болуды армандайды. Осы кемеге шабуыл жасағалы келе жатқандар да кішкентайлықтарынан әбден жалығып, үлкен болуды армандағандар. Мына алапат кемені қолдарына түсірсе, сөйтіп, кеме кеңістігіне шығып алса, содан соң даңғыл жұлдызаралық жолға түсіп, Жерге қарай тартпақ. Олардың бұл мақсаттары о бастан-ақ болса да түсінікті еді.

Тәкен ұзақ ойланған жоқ. Ұзақ ойланатын уақыты да болмаған. Ол енді Темірбек арқылы басқару жүйелеріндегі кем-кетіктің бәрін де тексеріп шықты. Осындай істі қалғандар да қайталаған. Кеменің техникалық жүйелерін қадағалауды Азамат Амангелдіұлы енді темір адам арқылы кеменің сыртқы жағындағы, қабырғаға тақай орналастырылған қорғаныс пен шабуыл кемелерін шабуылға дайындады. Бұл енді қажет еді. Тәкен Нартайұлы да бұл жолы онысына қарсылық білдірген жоқ. Бәрінен де көзбен көріп, ішпен біліп тұр. Темір адамдар да әрқайсысының биобайланыстағы ұқсастары болғандықтан өздері сезгенді сезіп, мұқият қарап тұр. Мұндай жағдайдағалым-ғарышкерлер өзді өзді темір адамдарының көздері арқылы берілетін телекөріністен экранға қарап отырып, сырттағыны ап-анық көре де алады. Жер ғаламшарынан кіп-кішкентай ғана бақылау құралымен адам баласы ғаламат жұлдызаралдарды сол кішкене шыныға қалай сыйғызып көрсе, бұлар да алапат кемені қоршай тынымсыз ұшып жүрген қарақұрым ғарышкемелерін дәл солай көре алды. Ол кемелер алапат кемені айналып ұша-ұша кеменің өзіне қарай жақындай түскенде, көзге бейнебір сақиналы ғаламшарды елестеткенде Тәкен Темірбек арқылы мынандай мәлімдеме жасады.

— Достар! Біздің тағдырымыздың шешілер сәті келді! Мына бізді қоршағандар бізге жақсы ниетпен келген жоқ! Бұл жолы бізге де қарулы кемелерімізді қолдануға тура келер. Өйткені қоршағандардың қарулы екендері айқын байқалады. Өткендегі қоршау, сол кездегі айқас дегеннің бәрі де мынамен салыстырғанда жай нәрсе болып қалатын да шығар. Ендігі айқас, нағыз айқас болмақ. Біз он екіміз. Темір адамдар әрқайсымыздың ұқсасымыз. Былайша айтқанда, қосымшамыз. Сондықтан да темір адамдарымызды тиімді пайдалана білуіміз керек. Жаяулармен айқасатын да осылар. Алапат кемемізді басқаратын да, мына сығылу аймағынан кемені алып шығатын да осылар. Енді аяушылық деген сезімнің де жөні жоқ сияқты. Менің айтайын дегенім осы.

— Тәкеннен кейін Азамат Амангелдіұлы сөз алды. Оның сөздерін Алғыр қайталап тұрды.

— Кемедегі қорғаныс жүйелері қалыпты жұмыс жасап тұр! Қарсы шабуылға шығатын ғарыш кемелері тобын да дайын еттік! Олар алдын ала берілген бағдарлама бойынша ұшады. Ендігі басты үмітіміз де солар! Әрине біз қуатты қаруды қолдануды ешқашан да қалаған емеспіз. Осы кезге дейін оны қозғамай да келіп едік. Енді мына шабуылшылардың па ниеттері бұл қаруымызды да қолдануымызға мәжбүр еткелі тұр. Сондықтан сөздің тоқ етері, алапат кемемізді қорғайтын кемелер тобы ұшуға дайын!

- Рахмет! — деді оған Темірбек.

- Қалған ұқсастар да бейнебір ғалым-ғарышкерлердің өздері сияқты әңгімеге кірісіп те кеткен еді. Егер осыны сырттан бір адам бақылап тұрған болса, онда тек темір адамдардың кемесі бұл деп те ойлар еді Ал мұндағылар он екі. Санамен ойлай білетіндері алтау, сол ойды қайталайтындары да алтау. Осындай қысқа дайындық мерзімі де лезде өте шыққан. Енді бұлар ширақ қозғалмаса, жағдайларының кенеттен қиындап кетуі де ғажап емес. Тәкен мен Темірбекке қараған бәрі де. Бірақ осы жерде ұлудай адам дыбыс күшейткіші арқылы мынаны мәлімдеді.

- Қауіп таяп келеді. Бүл жолы шабуылшылар алапат кемені отқа орамақ! Ондай оқ бораны кезінде кімге не жасап жатқанын айыру да қиынға соқпақ! Сондықтан өте сергек болыңыздар! Ширақ қозғалыңыздар! Мен бар шама-шарқымша көмектесермін. Ал, іске сәт!

- Рахмет! - деді Темірбек Тәкеннің сөзін қайталап.

- Ал іске кіріселік! — деп Алғыр да иесі Азаматтың сөзін қайталаған.

- Бастайық!

- Жау кемелерінің бірін де алапат кемемізге аса жақындатпауымыз керек!

- Ең бастысы, кемені сақтайық!

- Батыл болайық! — деген дауыстар бірінен соң бірі шықты. Бұл сөздердің бәрін қайталап тұрғандар болса да темір адамдар еді. Шабуыл жасап келе жатқандар қоршау сақиналарын кішірейте-кішіреите келіп, кеме қабырғасына таяғанда олардың байланыс жүйелері арқылы кеме ішіндегі телеэкранда басшыларының бейнелері көрініп, қатаң дауыстары естіліп жатты. Ол тіпті, сәлден соң басқару пульті бар басқы бөлімнің ішін жаңғырықтырып та жіберген. Ол былай деп саңқылдады.

- Біз сіздерден мына алапат кемелеріңізді біржолата тастап, ана үлкен ғаламшарға кетулеріңізді талап етеміз! Бұл кемемен сіздер Жерге ешқашан да оралмайсыздар. Біз оған ешқандай да мүмкіндік бермейміз. Бұл кеменің сығылу аймағынан сытылып шығуы біз үшін үлкен қатер. Соңғы рет ескертеміз. Санаулы уақыт ішінде кемені тастап шықпасаңыздар отқа оранасыздар! Мерт боласыздар! Кеме де жойылады. Ойланыңыздар! Біз көппіз! Бұлар өткендегідей санаулы ғана темір адамдар емес! Отты оқпен қаруланған кемелер!

Оның соңғы сөздері кеменің осы басқару пульті бар бөлімінде жаңғырыға қайталанып тұрды. Ол жаңғырық саябырланғанша ешкім де үндемеді. Бәрі де енді басшы Тәкеннің ұсынысын күтуде. Ол енді тез үлкейіп, сол баяғы, Жерден ұшып келгендегі ғарышкер күйіне қайта түскендей сезімде тұрып;

Біз ештемеден де қорықпаймыз! Жерден ұшып шыққанда біз осындай қиын-қыстау жағдайлардың кездесетінін білгенбіз. Жұлдызаралық сапар ешбір ғарышкерге аман-есен ораласың деп кепілдік бермейді. Біз барлық жағдайға бас тігіп шыққанбыз. Сондықтан да қасық қанымыз қалғанша күресеміз. Онан бұрын мен сіздерді әлі де болса өзара түсіністікпен тіл табысуға шақырамын. Мүмкіндігі болса, бұл райларыңыздан біржолата қайтыңыздар! Достық пен татулыққа шақырамын, сіздерді! Бекер-босқа Қан төкпейік! Бөтен жұлдыз жүйесіне келіп, от шығарып кеіу біз үшін үлкен намыс. Сондықтан да әлі де болса ойланыңыздар. Кеңістікті босқа отқа шарпымаңыздар. Біздің жұлдызаралық кемеміздің алапат екенін, іштегі қаруларымыздың аса қуатты екенін де өздеріңіз жақсы сезесіздер. Менің ақыл-кеңесім мен ұсынысым осы. Ал мұныма қалай қарайсыздар, ол жағын өздеріңіз шешерсіздер.

Алапат кемені қоршай ұлып жүргендер бір сәтке үнсіз қалды. Шамасы, жаңағы сөзден кейін олар өзара бірдеме жөнінде кеңесіп жатса керек. Тәкен толқыныстан өзін қоярға жер таппағандай олай да, былай да жүрумен болды. Тіреудей-тіреудей болып көрініп тұрған темір адамдардың аяқтары да қозғалыссыз. Миларына бір мәлімет бармайынша олар да оңайлықпен қозғала қоймайды. Оның үстіне олардың миларында барлық нәрсені дұрысқа немесе барлық нәрсені бұрысқа шығарып тастайтын жүйе жоқ. Ақылды адамның баласынша барлық нәрсені іштей пайымдап тұрады. Тәкеннің ой-жүйесіне қазір нелер келіп, нелер кетпей жатыр. Темір адам өзінің алып ұқсасы, Темірбек соның бәрін қабыл ала берсе, қозғалысы да ұшқалақтанып кетпек. Ғалым-ғарышкерлер о баста, оларды жасаған кезде бұл жағын жақсы ойластырған. Тәкеннің бұл тыпыршуы өзінің достарын ғана қатты толқытты. Шешуші кезеңде астрофизик Сәрсенбі Сапарұлы, биолог Жақан Артықұлы, философ Сейдолла Тұрсынұлы, химик Сәлмен Әбдіғаппарұлы мен геолог Азамат Амангелдіұлы да өздерінің пікірлерін қосты. Олай етпейінше іс алға қарай баспайды. Жермен байланыс үзілмегенге дейін сондағылармен кеңесіп келген-ді. Сол байланыс ұстайтын адамдар да онда жиі ауыса берген. Бәрі де кәдімгіше өмір сүріп, қартайып уақыты келгенде ғана дүниеден өтіп жатты. Бірақ Жердегі жүз жыл кемедегі баяулаган уақытпен салыстырғанда баяу жылжып өтіп жатқан кино лентасындағы көріністей ғана болған. Ғалым-ғарышкерлер оны жақсы түсінді. Соңында байланыс белгісіз себептермен біржолата үзілді. Содан кейін- ақ өзінің де, өзгенің де тағдыры Тәкеннің өз қолына көшкендей еді. Енді ол толқымағанда, кім толқысын. Ана жақ келісімге келмесе, мына алаапат кеменің төңірегінде отпен ойнауға тура келеді.

Тәкен кепке дейін ештеме айтпады. Айтар әңгімесін кейінге қалдырған.

Тілінің ұшына келіп тұрған сөздерін де енді айта қоймаған. Тек екі көзін жиі электронды сағаттың цифрларына қадайды. Қалғандар да тым-тырыс Дауыл алдындағы тымырсық-тыныш сәттей. Ұлудай адам да істің насырға шабарын сезгендей, Тәкеннен көзін алмайды. Кей кейде кеменің биік төбесіне көз салады. Темір адамдардың бастары сол ғаламат биік төбеге сәл-ақ тимей тұрғандай көрінеді. Бірақ қазіргі жағдай оны бақылау емес еді. Бәрінің де көз алдарында жұлдызды соғыс. Бұрын мұндай сөз таңғалтатын болса, енді ол сөз үйреншікті сөзге айналған.

Алапат кемені қоршай айналып ұшып жүргендер әлі де хабар бермеді Содан бір кезде олардың құжынаған кемелері алапат кемеден бірте-бірте алыстай түсті. Кемелер сақинасы кеңейген сайын іштегі ғалым- ғарышкерлердің тыныстары да кеңейгендей сезілген. Бәрі де Тәкеннің сөзінен бір қорытындының шыға бастағанын сезгендей. Бірақ еш хабар жоқ. Бұлайша үн-түнсіз шегініп кетудің мәнісін ешкім түсіне алмады. Тәкен енді әрі-бері жүрісін тоқатып, басқару пультіндегі экранный алдына ұқсасының алақанында келді. Темір адам оны іске қосқан мезетте әлгілердің шегінгендері ұлғайтылып көрсетілді. Олар шынымен-ақ шегініп барады. Бұл жағдай енді айтпаса да түсінікті еді. Тәкен де, басқалар да жайбарақаттанып, Жерге қайтуға деген дайындықтарын қайтадан жалғастыра берді.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет